Жастар неге жұмыссыз?

«Біздің кезімізде оқуды бітірген студентті жолдамамен жұмысқа өздері жіберетін. Ол уақытта «жоқ» дей алмаймыз.
Бұйырған жерге барып, жұмыс істейтінбіз» дейді кешегі кеңес дәуірін көргендер. Ал қазір заман басқа. Нарықтық дәуір. Жастардың көбі жұмыссыз. Әсіресе ауыл жастары екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүреді. Ауылдағы жастардың осынша сенделуіне не себеп?
Бір аптада бір емес, бірнеше рет бұзақылық жасап, көше бойында, тіпті үйіне кіріп, бір-бірін соққыға жығу үйреншікті жағдайға айналып барады. «Район» деп алқынған жастар арасында жыл сайын суық қарудан жазым болғандары да бар. Артында әке-шеше ұлсыз, зайыбы жесір, балалары жетім қалады. Бұзақылықтың бастауы қайда дерсіз. Алдымен үйдегі тәрбие. Бірақ ата-ана баласын жаман болсын демейді ғой. Мектептегі ұстаз да өзгенің баласына білім беріп, оның адам болып қалыптасуына септігін тигізеді. Мүмкін, қоғам. Бірақ қоғам оны мәжбүрлемейді ғой. Баланың өзіндік ойы, ұстанымы болмаса, әрине, ортаға еруі әбден мүмкін. Ал ауыл жастарының өзі оған жұмыссыздық себеп дейді.
Расымен де, әлгінде әскерден қашқан жігіттердің үйіне барғанбыз. Қарапайым үйлер екен. Ал әскерге аттанатын жігіт Нұр-Сұлтанда «стройкада» жүр. Әке-шешесі «асыраушымыз осы ғана» дейді. Батқан қарызды да жабатын сол жап-жас жігіт екен. Егер ауылда жұмыс болса, сыртта жүріп не тәйірі? Ал жастар орталықтарының айтуынша, жұмыс жоқ емес, бар. «Бірақ менсінбейді» дейді. Айлығын, жұмыс дәрежесін ұнатпайды екен. Әрине, 42 500 теңгеге қоғамдық жұмысқа жегілу жас жігіттің намысына тиері сөзсіз. Маңдай термен келген нан тәтті. Бірақ біздің қоғам оны көтермейді. Мемлекеттен жәрдем ал, кәсіп аш, мүмкіндік көп дейді. Бірақ жастардың идея, жобалары өтпей, сол баяғы мал шаруашылығының кәсібі өркендеп жатқанын көз көріп жүр.
Қарапайым мысал келтіріп көрелік. Жаз мезгілі басталысымен елде жастар арасында «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл қосымша табыс тауып, отбасына аз да болса көмек беруге талпынуға жақсы мүмкіндік. Бағдарлама бойынша әр ауданнан жүз шақты жас уақытша жұмыспен қамтылады. Олар маусым, шілде, тамыз айларында көгалдандыру, абаттандыру, тазалық және күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл тек сол аудан орталығында ғана жүзеге асырылады. Ал шалғай елді мекендердің жастары тағы тасада қалады. «Әр ауылға осы бағдарламамен 5-6 адамды жұмысқа тартып, жастардың бос уақытын тиімді өткізсе. Әсіресе ауыл жастарының тасада қалмай, уақытша болса да, жұмыс істеуіне мүмкіндік болса» дейді ауыл жастары. Ол рас, шет ауылдан аудан орталығына келіп жұмыс істеу оңай емес. Жол ақысы, жататын жері бар дегендей...
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да бірнеше жылдан бері жастардың сүйікті жобасына айналды. Осы арқылы үй алып, ауылда қызмет етіп жүргендер баршылық. Бірақ жастар қаладан ауылға келе ме? Келсе, сол ауылдың тумасы, өзі өскен үйін сатып алған есеппен дым болмағандай бағдарлама шарапатын көріп жүр. «Былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң, өгіз өледінің» кебі.
Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда жұмыссыз жастар саны 3,8 пайызға азайған. Finprom.kz порталының зерттеуінше, елімізде осы жылдың алғашқы тоқсанында 15-28 жас аралығындағы 78,9 мың жұмыссыз азамат болған. Бұл – елдегі жұмыссыздардың 17,8 пайызы. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 5,8 пайызға азайса, жұмыссыз жастар деңгейі 3,8 пайызға төмендеген. «Жұмыссыздардың көбі халық тығыз орналасқан аймақтарда шоғырланған. Мәселен, 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың көбі Алматы қаласы (15,7 мың), Алматы облысы (7,7 мың) мен Түркістан (6,4 мың) облысында жүр. Өз кезегінде 15-28 жас аралығындағы жұмысы бар жастардың саны 2 миллион адамға жетті. Жұмыстан қысқару жағдайының көбі Жамбыл (-22,4 пайыз), Шығыс Қазақстан (-13,9 пайыз) және Ақтөбе (-11,3 пайыз) облыстарында тіркелген. Жалпы, жұмысы бар жастардың көбі Алматы облысында (247,7 мың) шоғырланған. Бұл бағыттағы үздік үштікке Алматы қаласы (245,8 мың) және Түркістан облысы (175,5 мың) енді» делінген хабарламада.
Жастар еңбек ететін жұмыс салаларының алғашқы бестігіне сауда, ауыл және орман, балық шаруашылығы, білім, құрылыс және мемлекеттік басқару, қорғаныс кіреді. Мейлі, азайсын. Бірақ ауыл жастарының топ-топ болып қылмыс жасап, бір-бірін өлтіруге дейін баратынын басқа қандай жолмен шеше аламыз? Алдымен әр бөлім, оның ішінде білім, кәсіпкерлік – бәрі бар, әр аптада ашық есік күнін өткізіп тұрса. Мәселен, не істерін, жолын білмеген жасқа ерікті түрде жол сілтеп, бағыт көрсетілсе. Одан соң қарапайым қол жұмысын істеп жүрген ауыл жастары өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылса. Егер мемлекеттен берілер гранттан үмітті жас болса, оның жасаған жобасының жүзеге асуына, дұрыс кәсіп бастауына жол көрсетілсе. Әрине, кәсіпкерлігі дамыған ауылдың жастары жұмыссыз жүрген жоқ. Өйткені ол сол ауылдың шаруашылығында білек сыбана еңбекпен біте қайнасып жүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ жастар ше?