«Жастар практикасы» жобасы және министрліктің жауабы

Елімізде мемлекеттік жастар саясаты аясында «Жастар практикасы» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Осыған байланысты бұл жобаның нәтижесі қандай? Жоба қаншалықты жемісін беруде деген сауалды біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдағанбыз.
Министрліктің бізге берген дерегінше, 2024 жылғы жағдайы бойынша «Жастар практикасы» жобасы бойынша 14,7 мың адам жұмысқа орналасқан. Жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан – 2,9 мың адам, Жамбыл – 1,6 мың адам, Қызылорда – 1,1 мың адам облыстарында және Шымкент қаласында – 1,2 мың адам. Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі 63,3 пайыз немесе 9,3 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 8,6 мың адамды немесе 58,1 пайызды құрайды. Алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жастар практикасына қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: медбике 1 084 адам, заңгер 767 адам, тәрбиеші 558 адам, бастауыш сынып мұғалімі 541, бағдарламашы 524 адам. Жастар практикасына қатысқан қазақстандықтар мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы туралы оң пікірде.
Солардың бірі Русалия Ахметова, ол колледжді бітірген соң жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты.
«Биыл «Фельдшер» мамандығы бойынша колледж бітірдім. Өз бетімше жұмыс табуға тырысқаныммен, көптеген жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды алғысы келмейтінін түсіндім. Өзіме ұнайтын жұмыс орнын табу үшін алдымен жергілікті әкімдікке бардым. Мансап орталығының көмегіне жүгіндім. Барлық қажетті ақпаратты алып, жастар практикасына қатысуға шешім қабылдадым. Қазіргі уақытта өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін», – дейді Русалия Ахметова.
Ал Абай облысы Кеңгірбай би ауылы бойынша Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасқан Жантас Сайлаубай бұл жобаның жастарға үлкен көмегі барын айтады.
«Биыл жоғары оқу орнын бітірдім. Ауылға келіп енді жұмыс іздей бастағанмын. Жастар практикасы арқылы жергілікті әкімдікке жұмысқа кірдім. Меніңше, Жастар практикасы жастар үшін үлкен мүмкіндік», – дейді ол.
Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша да мұндай жобалардың болуы жастар саясатының өркендеуіне, тамырлануына жол ашады. Жастардың әлеуметтік жағдайы түзу болып, еңбекке өз уақытысында араласа бастаса келешектері де кемел болады.
Негізінде, жастарды қолдау – болашаққа салым салғанмен тең. Бұған дейін елдегі «Жастар кадрлық резерві» жастар үшін жобасы да әлеуметтік лифтке айналды. Қазірде резерв құрамына кірген жастар іріктеу сынында, тәжірибеден өту барысында жігерленіп, саясат алаңын жақыннан тануға мүмкіндік алды. Өздерін бір сәт дипломаттың орнында елестетіп, келешекке жоспар құрды. Ал бағытын айқындап, потенциалына сенген жастар жаңа қызметке тағайындалып, резервке өтті.
Сала мамандары мемлекеттік жастар саясаты аясында атқарылып жатқан осы «Жастар практикасы», «Серпін», «Мемлекеттік қызмет мектебі», тағы басқа жобалардың өзіндік берері барына сенім артып отыр. Сондықтан ендігі үміт осы бағдарламаларда болып тұр.
Бұл жөнінде экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:
«Экономиканың әртүрлі секторында жастар ұйымдары құрылып, жастарсаясатының корпоративтік бағдарламалары қабылданып жатыр. Бұл да қуанатын жайт. Мұндай ұйымдар бірігуге, бір мүддеге жұмыс істеуге үйретеді. Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде де бар. Мәселен, АҚШ тәжірибесі жастардың шешім қабылдауға ықпал ету деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында өзін-өзі басқару ұйымдарын дамытуды көздейді. Қазақстанда да өзін-өзі басқару ұйымдарының ауқымын кеңейту жолға қойылған. «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы сауатты жұмыс істей алса берері мол. Жалпы, жастар саясатын дамыту шаралары тікелей жастар ұйымдары арқылы жүреді. Бізде ұйымдар бар. Бағдарламалар да бар. Енді осыны сауатты жолға қойып, нәтижелі жұмыс істеуге тырысқанымыз абзал», – дейді экономист.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК