Жастар саясаты партиялардың «массовкалары» болу емес
Жастар саясаты мен осы мақсаттағы жобалар, бағдарламалар көп айтылып та, жазылып та жүр.
Біреулер нәтижесін көрдік деп қуанса, енді бірі қолын сілтей салуға әзір. Себебі жетілдіру керек тұстар мен реттелуі керек процестер баршылық. Жылдан жылға жаңартылып, соңғы сұраныстар мен әлеуметтік қажеттіліктерге негізделіп отыратын жастар саясаты немен айналысып жатыр?
Мәселен, осыдан бір жыл бұрын, наурыздың басында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң толық күшіне енді. Өзгеріске ұшыраған заңның басты жаңалығы бұрындары 14-29 жас аралығындағы азаматтар жастар қатарында саналса, ендігіде бұл жас көлемі 35-ке дейін созылды. Демек, 30-35 жас аралығындағы азаматтар мен азаматшалар да елдегі арнайы бағдарламалар мен жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде баспана мәселесі мен жұмысқа орналасуға септігін тигізеді. Ал басқа да бағдарламалар мен жобалар, қаржыландыру көздері қаншалықты тиімді? Бұл туралы философ маман, жас зерттеуші Дамир Кәрімов былай дейді:
«Жастар саясаты мемлекет үшін аса маңызды, сәйкесінше, бұл салаға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Алайда олардың көпшілігі «жасалды» деген белгі үшін ғана секілденіп кететіні бар. Сондықтан жалпы алғанда жастар саясатын сәтті жүзеге асырып жатырмыз деп айтуға ерте. Мәселен, партиялардың «массовкалары», популистік қолдаушылары, көзбояушылығы көптеу контент пен есептер, саяси қозғалысқа симуляция жасайтындар жоқ деп айта алмаймыз. Осы мәселелер өз кезегінде шынайы амбициясы бар жастардың жолын жабуы да ықтимал.
Тағы бір мәселе, біздің елде жастар саясатын жақсы қаржыландырады. Ресурс бар. Десек те, сөз жүзіндегі жобалар іс жүзіне келгенде ақсап тұр. Яғни біз ресурсты тиімсіз пайдаланып, әдемі сөздің артынан еріп кетіп отырмыз. Жоспарланған шаралардың тым құрыса тең жартысы өз деңгейінде орындалып, толық нәтиже берсе қазіргі жағдай мүлде басқаша болар ма еді? Сол себепті мұнда велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, оны дұрыстап айдауды үйрену керек дер едім. Мұнымен айтқым келгені, жастар саясатын басынан құрып, жаңарта берудің қажеті шамалы. Тек сол бар идеяны толық жүзеге асыруды меңгерсек, қадағаласақ. Бұл орайда, бірінші кезекте шынайы ниеті, ынтасы мен тың бастамалары бар жастарға мүмкіндік берілуі керек. Аз ресурспен де сапалы нәтижеге жететін қауқарлы прагматиктер аз емес. Тек оларды таба білу, көре білу, мүмкіндік жасай білу керек. Бәсекелестікке жағдай жасалуы тиіс. Ол да өте маңызды фактор».
Иә, бізде ресурсқа сай нәтиже алу жағы әрдайым айтылып жүр. Жастар саясатына келгенде де дәл сол жағдай. Үкімет қаулысымен 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілгені есімізде. Құжатта 2029 жылға қарай мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам мен бизнес институттарының жауапкершілігі мен міндеттері айқындалып, соның негізінде жастар саясатын құру басшылыққа алынды. Оларды орындауда жергілікті жастар ресурстық орталықтарының рөлі басым. Соңғы деректерге сүйенсек, қазір елімізде 229 жастар ресурстық орталығында үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар жастардың даму индексі бойынша мақсатты көрсеткіштермен еңбектенуде.
Балауса Ділдәбек