Жастар саясаты: бұлақ көзі тұнық болса...
Қай уақытты алып қарасақ та қоғамның дамуы, яғни қозғаушы күші жастардың қолында.
Бүгінгі күні де, ертең де, болашақта жастарға байланысты болмақ.Жастар саясаты дегеніміз – міне осы, яғни жастар мәселесі деген сөз!
Мемлекет – жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндіктер жасауда. Білім жүйесінде грант санының артуы, шетелде оқуға жастардың қолжетімділігі, яғни қайда барып білім аламын, тәжірибе жинақтаймын десе, бәрі өзіне байланысты. Қазіргі жастарға жол ашық. Тіл білсе, білім алуға деген ынта болса, жастарға жол ашық.
Дегенмен мұның бәрі жастарға жеткіліксіз! Жаңа заман жастарының жаңа талаптарын елемеу – уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Бұдан шығар қорытынды не? Қорытынды – жастар арасындағы мәселелерді зерттеу, назардан тыс қалдырмау. Сонымен, бұл тақырыпты төмендегідей жіктеуге болады.
Мысалы, студенттердің шәкіртақысы. Жыл сайын өсіп жатыр. Білімге құштар жастарымыз қазір оқудан бос уақыттарында қосымша жұмыс жасайды. Білім мен жұмысқа бірдей көңіл бөліп, екеуін қатар алып жүрген жастарымыз көп, әрине. Алайда студенттердің бәрі табысты жұмысқа тұра алмайды. Оған олардың уақыттары да жетпейді.
Жастар мен студент жастардың негізгі табыс көздері даяшы болу немесе дүкенде сатушылық сияқты жұмыстар. Жастар мұндай жұмыспен өспейтіндерін, көгеріп-көктемейтіндерін біледі. Мұны олар уақытша жұмыс деп қана қарайды. Дегенмен бұл жұмыстар болашақтағы үлкен қызметтердің баспалдағы екенін түсінеді. Бұл шыңдалу баспалдағы. Содан кейін қазіргі студенттердің көбі қоғамдық жұмыстарға бейім. Университет ішіндегі қоғамдық жұмыстарға етене араласады. Бұл оларды кәсібилік тұрғыда ертерек шыңдайды. Қоғамдық жұмыстармен айналысып жүріп үлкен қызметтерге барған, басшылық жұмыстарды дөңгелетіп кеткен студенттер баршылық.
Жастар саясаты, яғни жастар мәселесі дегенде мына бір дүниені ұмытпаған дұрыс. Қазір студенттердің көбі Алматы мен Астана қалаларында. Басқа қалалар мен облыста университеттер аз. Сондықтан да мектеп бітірген жастардың көбі ата-анасынан алыста, басқа қалаларда білім алады. Бір жағынан жастардың жеке өмір сүруге ертерек үйренгендері дұрыс. Бұл жастарды өмірге бейімдейді. Боркемік болудан сақтайды. Ерте есейтеді.