Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 19 Наурыз 2024

Жастар ұғымындағы отансүйгіштік

патриоттық
Фото:

Жастарды отансүйгіштік, патриоттық рухта тəрбиелеу қай заманда да маңызын жойған емес. Голланд философы Эразм Роттердамский: «Менің Отаным – менің кітапханам орналасқан жер» дейді.

Бүгінгі жаһанданған дəуірде жастардың ойлау жүйесі бөлек, құндылықтары басқа. Олар Отан ұғымын өзі туған жердің деңгейінде шектеп қойғысы келмейді, сол үшін жат елге қоныс аударған жастардың қарасы көбейіп келеді. Бүгінгі жастар патриотизм ұғымын қалай түсінеді? Тəуелсіздік алған соң дүниеге келген жастар Отанын қалай сүйеді? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында жас ақын, əнші, суретшімен дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Дөңгелек үстелге жас ақын Зеберхан Арайлым, жас əнші, əртіс Қуаныш Дəурен, жас суретші-архитектор Салтанат Ринатқызы қатысты.

– Дөңгелек үстелдің кіріспесін қазіргі жастар патриотизмді қалай түсінеді деген сұрақтан бастағым келеді. Сіздің ойыңызша, шын патриот деген қандай адам?

З.А: Осы күнгі біздің буынның патриотизм жайлы ойы халқына деген сүйіспеншілік, туған мəдениетіне, тіліне, жетістіктері мен жеңістеріне мақтаныш, шет жаққа шыққанда туған жерге деген сағыныш сезімінің туындауы сияқты сезімдермен өлшейтін тəрізді. «Заманына қарай адамы» дегендей, бұл бейбіт күннің баласының ойы. Құдай бетін əрі қылсын, ал кешегі қиын-қыстау кезеңде бұл Отанды қорғаумен, туған жерді тастамаумен, яғни батырлықпен өлшенді. Сондықтан біздің пікірімізше, бұл – əр кезеңде əртүрлі сезімнен бастау алатын тұлғалық сипат. Ал шынайы патриотизм деген, меніңше, аса күрделі əрі қолжетпес ұғым емес. Тек ол əр адамда əртүрлі деңгейде көрініс табады. Бізге бұл ұғымды қарапайым адамнан алыстатудың түк те қажеті жоқ. Себебі əр адамда сүйіспеншілік сезімі бары анық. Біреу отбасын, біреу ауылын, біреу туған жерін, біреу туған қаласын, біреу тұтас елді, ұлтты, ал біреу бар адамзатты жүрегіне сыйғыза алатын қабілеті бар. Кең жүрек кемелдену арқылы келсе керек. Сондықтан патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Яғни адам тұлғаланған сайын оның жүрегіндегі патриоттық сезім деңгейі де үлкейеді. Сондықтан мен патриотизмді əркім өз деңгейінде «еліме, ұлтыма, қалама, туған жеріме не бере алдым, əлі не бере аламын» деген сұрақпен қалыптастырғаны абзал деген пікірдемін.

Қ.Д: Иə, келісемін, бұрынғы буынның құндылықтары мен қазіргі ұрпақтың құндылықтарын салыстыра алмайсың. Құндылықтар заман ағымына қарай ауысып отырады, ал адамгершілік қасиеттер мəңгі. Есейген сайын Отаныңды дəл осындай бейшара, бұлыңғыр қалпымен сүюді үйренеді екенсің. Бұрын сəл кішкентай кезімде патриотизм дегенді – өз елін, жерін қорғау, өз тілінде сөйлеу деген ұғымдармен байланыстырушы едім. Бəлкім, бізге берілген нұсқау сондай болды. Əйтеуір, патриот десе көз алдымызға ұлттық рəміздер мен əскери адамдар, ұлы далада қолына ту ұстап атқа шауып бара жатқан адам елестейтін (күліп). Қазір шын махаббаттың ұраншылдық пен бос айқайды сүймейтінін түсініп жүрмін. Əлемдегі мейірімділіктің символына айналған əйгілі монах əйел Тереза Ана: «Əлемдегі бейбітшілікке қандай үлес қоса аласыз? Үйіңізге барыңыз да, отбасыңызды жақсы көріңіз» дейді. Сол секілді патриотизмді өз отбасыңды сүюден, өзіңді қоршаған ортаға қамқор болудан бастаған жөн шығар деп ойлаймын. Ол үлкен ерліктер мен мақтанды талап етпейді, кішкентай іс-əрекеттер арқылы ғана үнсіз сүюді үйрену керек бізге.

Р.С: Біз, ең алдымен, адамбыз. Құдаймен қарым-қатынас жасайтын дінді, адаммен қатынасқа түсетін тілді таңдай алғанымызбен, кей дүниелерде таңдау құқығы берілмеген. Мысалы, ата-ана, отбасы, туған жер, Отанды таңдай алмайтынымыз секілді ұлтты да таңдау өз құзырымызда емес. Ал менің ойымша, нағыз патриотизм – ұлтыңды сүйе алуың. Қандай болса да, рухани құндылықтары мен болмысын, тарихын, мəдениетін шартсыз сүюің жəне қабылдауың. Президент саясатына немесе билікке жағыну патриотизм емес. Ол – екіжүзділік, аярлық. Ел мен ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен адамдарды өз басым шын патриот санаймын. Əрине, елің үшін өміріңді қиюға дайын болғаның маңызды, бірақ ол үшін өмір сүруге дайын болғаның одан да маңызды. Бізде патриотизм, елін сүю деген түсініктерді ылғи өткен тарихпен байланыстырады. Меніңше, керісінше, патриотизмнің негізгі байланысы болашақпен болуы тиіс. «Халық ісі дегенде, жақсы қалмас тартынып» демекші, қазіргі жастардың беталысынан ел үшін, болашақ үшін қызмет етуге дайын екенін байқаймын. Тек алдыңғы буын аталар креслоға жабыспай, əдемі жолын берсе болғаны.

– Қалай ойлайсыз, ұлттық патриотизм мен ұлтшылдық арасында байланыс бар ма? Екеуінің ара-жігін қалай ажырата аламыз?

З.А: Ұлттық патриотизм мен ұлтшылдықтың арасына теңдік белгісін қоймас едім. Патриотизм ұлтшылдыққа қарама-қарсы болуы міндетті емес, ал ұлтшылдық – патриотизмге қатысты сатқындық жасау болып табылуы міндетті емес. Меніңше, ұлтшылдық бұл ұлттық патриотизмнің тар əрі дамымаған, бəлкім, сауатсыз түрі. Жоғарыда атағанымыздай, бұл да кемелдену кезеңінде болуы тиіс кезең. Десек те, көп адам «шыңы осы екен» деген пікірмен осы деңгейде қалып кетіп жатқанын көреміз. Патриот адам – ұлтшыл, ұлтшыл адам – патриот емес.

Қ.Д: Маған ұлтшылдық (ұлтжандылық емес) мүлде ұнамайды. «Қазақ халқы ұлы халық», «қазақ ешқашан намысты қолдан бермеген» деген сөздерді естісем жүйкем тозатыны рас. Өз дінін мақтап, өз халқын ұлықтау – надандықтың белгісі сияқты. Өзгені түсіру арқылы өзіңнің дəрежеңді көтеретін кесел пайда болды қоғамда. Ұлттық патриотизм мен ұлтшылдық қарама-қайшы көзқарас. Ұлттық патриотизмді ұлтжандылық десек, онда ұлтжандылық пен ұлтшылдықтың арасындағы айырмашылықтарды атап беруге əбден болады. Менің ойымша, ұлтжанды адам өзін, өзінің ана тілін, өзінің туған елін, жерін жақсы көріп, құрметтеп, əрі басқа ұлтқа да немесе басқа ұлт өкіліне жəне оның жеке көзқарастарына түсіністікпен, құрметпен қарай отырып, өзінің ұлтының дəрежесін түсірмейтін адам (келіспеушілік кезінде де). «Жаман ұлт болмайды, жаман адам ғана болады». Ұраншылдар шулай береді «қазақтың қызы» дейді, «Кенесарының басы» дейді, «хэллоуин тойламау керек» дейді, əйтеуір сөздері көп. Ұлт үшін бар істеген қызметі – ұраншылдығы.

Р.С: Ең алдымен, ұлтжандылық пен ұлтшылдық ұғымдарының ара-жігін ажыратып алған дұрыс. Кеңес өкіметі кезінде ұлтшыл сөзін біздің санамызға нашар ұғым ретінде қалыптастырғаны рас. Ақ жолдан айнымаған арыстарымыз ұлтшыл ретінде айыпталып, атылып кетті. Сол үшін бе екен, біз «ұлтшыл» болудан қорқып қалдық. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлтшылдық – ұлтты сүю» дейді. Қазір «ұлтшылдық» деген сөздің өзіне ғана тəн мағынасы жойылып, ол басқа түсініктің шапанын жамыла бастаған. Бұндай қате үрдіс – қоғам өмірінде талай қасіретті жағдайларға соқтыруы ықтимал.

– Өзіңізді патриот санайсыз ба? Патриотизмді насихаттаудың қандай жолын ұсынар едіңіз?

З.А: Жоғарыда атағанымыздай, патриотизмді аса күрделендірудің, оны тек «үлкен» адамдарға теліп қоюдың қажеті жоқ. Біздің ең кіші əрекеттеріміздің өзі – өз деңгейімізде жасаған патриоттық əрекет. Оны дамытып, ауқымын кеңейтіп отыру – біздің іс. Сондықтан мен де патриоттық сезімді сезініп көргенім анық. Бұл кез келген ұсақ əрекеттерде де көрініс табады. Ең кіші мысалды айтайын, айналаға жанашырлықпен қараудың өзі шынайы сүйіспеншіліктен туады, олай болса, ол да біздің патриоттық сезім түрткі болған əрекет. Ал дəл қазір бұл мəселеге екіұдай пікірдемін. Десек те күмəннің өзі кейде шындыққа апаратынына сенемін. Патриотизм – шынайы сүйіспеншіліктің жемісі. Адам «танымасын сыйламас» деп халық бекер айтпайды ғой. Сондықтан шынайы патриотизмнің басы – Отаныңды шынайы махаббатпен тану, іздену, одан шыққан мықты тұлғалардың өмірімен танысу сияқты қарапайым əрекеттерден туындайды. Танығасын, мықтылығын мойындағасын мақтаныш сезімі туындайды. Десек те, танудың тек жақсы жағын емес, кемшін кеткен тұстарын да қабылдай білу жəне оны сауатты көзқараспен өзгертуге ұмтылу. Өзгеріске – ізгі тəрбие, махаббатпен ұмтылу керек. Жанашырлық пен жауапкершілікті сезіну арқылы патриоттық сезім сауатты деңгейге көтеріледі.

Қ.Д: Басында атап өткендей, патриотпын деп ұрандатқым келмейді. Ұрандатып, кеудемді соққаннан гөрі, ұлтымды, мемлекетті үнсіз жақсы көруді құптаймын. Күнделікті өмірде мейлінше қазақша сөйлеп, көбірек қазақша өнімдерді тұтынам, əн тыңдасам да, подкастар көрсем де қазақшасын таңдаймын. Менің қазіргі уақыттағы мақсатым – əртіс болу. Əрине, алдымен мен өзімді танытқым келеді, Отанымды əлемге танытамын деп өтірік айтпай-ақ қояйын, бірақ мен жазған мəтіндер, əндер қазақ тілінде. Егер шетел азаматтары менің əндерімді тыңдар болса, онда қазақ тіліне қызығары сөзсіз. Сол үшін де мəтіндерде ерекше, əдемі, кейбір ұмытылып бара жатқан сөздерді қосқанды жөн көремін. Ана тілі дегеннің құдіретін көңіл күйім жоқта көбірек түсінемін. Сол кездері өзге тілдегі əндердің əуені əдемі қиысып, сөзі сонша сұлу жазылса да, жанымды өзіміздікілер жұбатып тұрады. Былайша айтқанда, жүрегімнің тілін қазақша əндер ғана табады. Кей сезімдерімді тек ана тілінде ғана жеткізе аламын. Өзгелерге де отандық өнімдерді қолданысқа енгізуді, ұлттық болмысыңды, мəдениетіңді дəріптеуді ұсынар едім. Жай ғана мемлекеттің əр тұрғыны осы жолда өзіне жауапкершілік алып, яғни қазақша сөйлесіп, қазақша фильмдер көріп, қазақша кітап оқып, айналасын таза ұстап, жанындағы адамдарға сыйластықпен қараса жəне өзіне артылған жауапкершілікті сəл де болсын сезінсе, уақыт өте жақсы жаққа өзгереді деген ойдамын. «Теңізден тамшы құралады». Жалпы қазіргі таңда қай салада болмасын, «қазақша өнімдер тұтынам» деген адамдар көбейіп келе жатқаны шын қуантады.

Р.С: Патриотизм – ең алдымен, санаңның бостандығы, ойлау жүйесінде талай жыл қалыптасып, арылмай қалған құлдық қасиеттерден құтыла алғаның. Жалпы кеңестік жүйеден қалған кез келген «дəстүрден» құтылу миды құтқарады, идеологиядан орысша ойлауды алып тастайды. Біздің күнделікті əдеттеріміз, əртүрлі күндерді тойлау салттарымыз орыстың сарқыншағы. Əке-шешелеріміз солай жүрген, біздің буын да əлі солай созбақтап жүр. Байқауымша, біз ылғи екінші тұрамыз. Біздің ойлау жүйемізде орыстар мен арабтар, ағылшындар мен кəрістер, солардың діні мен ділі, тілі мен танымы алдыңғы шепте тұрады, ал төлтума болмысымыз, əдебиетіміз былайша айтқанда, «екінші сорт». Осы кеселден айырылсақ, дұрыс болушы еді деп ойлаймын.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Фото: zhalyn.kz

Тегтер: