Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер
Ел болашағының жарқын болуы – білімді, патриот, қайсар жастардың көп болуымен байланысты.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында, бірінші кезектегі, жоспарлар мен жаңа деңгейдегі міндеттерді айқындап көрсеткен болатын. Әлеуметтік саясаттағы басты басымдық адами капиталдың дамуына, бірінші кезекте, жастар мен жасөспірімдерге кең ауқымды инвестициялар құю болып табылады. Осындай қолдау арқылы еліне пайда тигізе алатын мемлекетшіл жастарға бағыт беру мүмкіндігі тиеді.
Жыл сайын елімізде жастар саясаты бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жастарға қолдау жасалып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды жұмыспен қамту, баспаналы болуына ықпал етумен қоса, бизнес саласына ыңғайы бар жастардың кәсібі үшін қаржылай қолдау көрсету көптеген жастардың мәселесін шешуге ықпал етті.
Қарағанды облысында 800-ден астам жастар жобасы қаржыландырылады деген жоспар қойылған. Өңірде кәсіпкерлік бағытын ұстанған жастарға, жастар саясаты аясында қолдау көрсету басты назарға ұсынылған. Облыста 95 300 шағын және орта бизнес субьектілері жұмыс жасайды. Оның ішінде, 15 560 бизнесті 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер дамытып, кәсіп қылуда. Жастар жобаларының басым бөлігі саудада, содан кейін қызмет көрсету, ауыл шаруашылық пен өнеркәсіпте жүзеге асырылуда.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау кешені дайындалған болатын. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен облыстық бағдарламалар аясында биыл 800 жас жобасын, оның ішінде, 385-ін жұмыспен қамту басқармасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда.
«Жас кәсіпкерлер 400 АЕК алады. Жастар саясаты басқармасы арқылы облыс әкімінің әрқайсысы 2 миллион теңгеден тұратын 100 грантын беру жоспарлануда (өткен жылы грант сомасы бір миллион теңгені құрады). Қалалар мен аудандарда әкімдердің гранттарына 140 миллион теңге бөлінді – бұл, шамамен, 200 грант», – дейді Облыстық аппараттық жиында кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Елімізде жастарды қолдау бағдарламасының ішінде барлық аймақта «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікте белсенділік таныта білген еңбекшіл жастарға әртүрлі қаражатта гранттар ұсынылып келеді. Бұл өз, кезегінде, кәсіпті нәсіп қылып, ел экономикасына үлкен үлес қосуды мақсат тұтқан жастар үшін үлкен серпіліс болары сөзсіз.