Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 27 Маусым 2024

Жастар вейпке әуес

вейп
Фото: minzdrav.gospmr.org

Адамға берілген ең үлкен нығметтің бірі – денінің саулығы болса керек. Қолда барда қадірі білінбейтін байлықтың бағасын тек ауырғанда білетініміз өкінішті-ақ.

 Тәннің саулығы – жанның тыныштығы. Тән саулығы, тазалығы, сұлулығы адамның сыртқы келбетінен көрініс беретін жағымды қасиеттер ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін сипаттайтын, адам жанының саулығы мен тазалығына негіз болатын алғышарт ретінде танылады. Десек те, зиянды әдеттердің салдарынан деннің саулығына салғырт қарап, дәрігер жағалап жүретін жандар аз емес. Әсіресе соңғы жылдары жастар арасында электронды темекіге әуестік асқынып кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы төрт жылда шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебі бойынша бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жастағы жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну үш есеге өскен. Бұл дегеніңіз – әрбір мектептегі 15% ұл, 6% қыз электронды темекінің түтінін будақтатып көрді деген сөз.

Осы мәселеге байланысты елімізде электронды темекіге тыйым салынып, аталмыш заңға президент қол қойды. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға және таратуға толық тыйым салынады. Енді оны сатқан, шетелден тасымалдап және жарнамалаған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Қаржы министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда вейптер айналымы 300 есеге өскен. Соңғы бірнеше жылда балалар мен жасөспірімдердің вейптерді тұтынуы айтарлықтай өсті. 2,5 жыл ішінде елімізге 3 миллионға жуық вейп әкелінген. Соңғы кезде әр көшенің бұрышында тұратын электронды темекі, вейп дүкендері жабылып, дүкен сөрелерінен аталмыш құрылғылар алынып тасталғанын байқауға болады. Темекінің орнына арнайы сұйықтық картридждерін қолданатын электронды темекілердің құрамы ауыр металдардың қосындысынан тұрады және адамды F17 деген (темекі шегуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары) диагнозына, өкпенің қатерлі ісігі мен созылмалы обструктивті ауруына, демікпе, қан айналым жүйесі ауруларына: жүректің ишимиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларына әкеліп соғуы мүмкін. Осы мәселе төңірегінде өкпе ауруларын емдейтін пульмонолог-дәрігер Аида Елібайқызы пікір білдірді.

«Электронды темекілердің құрамының қандай екенін ешкім біле бермейді. Сол себепті темекіге қарағанда зияны аз деп ойлайды. Шын мәнінде, әлдеқайда зиян әрі қауіпті екенін ескергеніміз жөн. Құрылғының құрамында пропиленгликоль, глицерин (тәтті дәмі бар үш атомды алкоголь – VG), никотин (улы алкалоид), хош иістендіргіштер бар. Вейп пен электронды темекіні шегу барысында сұйықтық қызады, ал темекі шегетін адам сол сұйықтықтың буын ішке жұтады. Темекі шегудің қауіпсіз түрі жоқ. Классикалық темекі де, электронды темекі де денсаулыққа зиян. Десек те, қыздырылатын табак aikos, glo және вейптің кәдімгі темекіге қарағанда зияны басым. Сұйық түрдегі химиялық қоспа ауыз ұртында тез сорылып, бірден қан жүйесіне түседі. Былайша айтқанда, миды никотинмен алдайсың және тәуелділік арта түседі. Орташа есеппен әр электронды темекіде 6-62 мг дейін никотин бар. Сондықтан табак өнімдерімен айналысатындардың «электронды темекіде никотин аз» деген сөзіне сенудің қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегудің салдарынан жыл сайын әлемде 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Электронды темекі шегуді доғармасақ, бұл статистиканың саны артып, еліміздегі жастар мен жасөспірімдер арасындағы жүрек-өкпе аурулары мен өлімі әдеттегіден де көп тіркелуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы хош иістендіргіштер қосылған электронды темекі мен вейптарды шегу өкпенің, қан айналым жүйесінің жасушалық деңгейде бұзылуына әкеледі, ал әдетте өндірушілер көбінесе табиғи никотинді химиялық затпен алмастырады. Ал химиялық қоспалар ағзаға екі есе қауіпті», – дейді маман.

Сонымен бірге дәрігер соңғы жылдары электронды темекі мен вейптердің салдарынан «Попкорн» ауруы пайда болғанын алға тартты. Улы сұйықтықтың булануынан шығатын түтіндер, оның ішінде вейптердің құрамында бар диацетил өкпеде тыртықтардың пайда болуына және бронхиолардың таралуына әсер етеді. Бұл диагноздың электронды темекімен байланысы алғаш рет 2019 жылы анықталған екен.

«2019 жылы Канададағы 17 жасар жасөспірімнің өкпесінен бронхиолиттің асқынған түрін анықтап, аурудың негізгі себебі ретінде вейпті алға тартты. Бұл «попкорн» ауруын ең алғаш тоқсаныншы жылдардың соңында тез қуырылатын попкорн тіскебасарын дайындайтын жұмысшылардан анықтаған екен. Ал арада бірнеше жылдар салып, электронды темекі шегетін адамның өкпесінен дәл сондай диагноз анықталған. Бронхиолит, әдетте, хлор, аммиак, диоксид сынды қоспалардың жасушаны бітеп тастау себебінен пайда болады. Нәтижесінде, адамда демікпе, жөтел, өкпенің қысылуы сынды белгілер пайда бола бастайды» дейді. Соңғы жылдары темекіге тәуелді адамдардың қатары азайса да, орнын электронды темекі басып жүр. Бірақ жаңа қабылданған заң оң өзгерістер алып келеді деп сенеміз. Құрамына темекіге қарсы күресетін және денсаулықты нығайту бойынша жұмыстар жүргізетін мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерді қамтитын «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясы талай жылдан бері осы электронды темекіні шегуге, сатуға тыйым салуды мәселе ретінде қарастырып, көтеріп келеді. Биыл ғана өз күшіне енген заң жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде.

Сәруар Бақберген

Тегтер: