Жастар және билік һәм советтік әдіс
Қазақстан билігі елде атом электр станциясын салмай қоймайтын сияқты. Нақты шешім референдум нәтижесі бойынша қабылданады деген уәде желге ұшып, бар мәселе «кабинетте» шешіліп қойғанға ұқсайды.
20 тамызда Астанада өткен соңғы қоғамдық талқылау биліктің бар жоспарын ашып берді. Бұған дейін өңірлерде өткен жиындарға халық наразылық танытқан. Олардың көбі ашық талқылау өтетінін естімей қалғанын айтып жүрді. Ал талқылауға қатысқан тұрғындар жобаны түсіндіруге келген спикерлер АЭС-тің тек жақсы жағын айтумен шектелгенін, қарсы тарапқа сөз берілмегенін, жобаның кемшілігін айтқандарға кедергі келтірілгенін айтқан.
Елордадағы жиын да осы сценарий бойынша өтті, бірақ цензура бәрінен қатты болды. Жиналғандарды екі топқа бөліп, қолдайтындарды негізгі залға, қарсы сөйлеуі мүмкін топты қосымша залға отырғызғаны алалаудың басы ғана екен, талқылау барысында қарсы пікір айтқандардың микрофонын ала қашып, таймер қосып, сөйлейтін уақытын шектеп, мазасын алды. Жиын соңында мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың осынша алалауға қарамай, талқылау ашық әрі әділ өтті деп сөйлегені өтіріктің шыңы болды.
Ең сорақысы, бұл жиында билік бұрынғы әдетіне басып, жастарды лас ойынға араластырды. Қолдарына плакат беріп, «массовка» жасағаны өз алдына, белсенділердің балағынан тартатын «титушка» деңгейіне түсірді. Негізгі залға өтіп, қарсы пікір айтқысы келген ақсақалды жұлқылап кіргізбей жүргендер де, сол кісі сөйлеп тұрғанда микрофонды жұлып алып тұра қашқан жас жігіт те ресми билік өкілі болмаса керек. Өйткені бұл қызметтік этикаға жат әрекет. Демек, билік өзі ашық істей алмайтын «қара жұмысты» жастарға тапсырған сияқты.
Билік АЭС салмай қоймайтын сияқты деген сөзімізге тағы екі дәлел айтайық. Біріншісі, өткен апта БАҚ-та халықтың 53 пайызы АЭС-ты қолдайды деген ақпарат тарады. Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 53,1%-ы жобаны қолдап, 14,4%-ы қалыс қалған. Тек 32,5% тұрғын қарсы болыпты. Күзде өтетін референдум нәтижесі шамамен осындай болуы мүмкін.
Екіншісі, желіде журналистер чатынан алынды деген скрин тарап жатыр. Онда әлдебір «куратор» журналистерге АЭС-тің жағымды жағы туралы материал аз екенін ескертіп, жұмысты күшейтуге тапсырма береді. Оның айтуынша, насихат жұмыстары қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады, соған дейін АЭС-ті тек жағымды жағынан сипаттайтын ақпараттар жариялау қажет.
Билік жастарды «массовка» ретінде ғана көреді
Қазақстан халқының 20 пайыздан астамы жастар, демек олар қоғам дамуында маңызды қозғаушы күш рөлін атқаруы қажет еді. Бірақ ел билігі оларға мұндай мүмкіндік бермей отыр. Әсіресе студенттердің екі қолы байлаулы. Олар өз бетімен саяси оқиғаларға қатыспайды, көп жағдайда университет әкімшілігінің нұсқауымен жүріп-тұрады. Ел билігі саяси науқан кезінде студенттерді пайдалануға әбден үйреніп алған. Сайлау кезінде әр партияның формасын киіп ұрандатып жүрген, түрлі флешмобқа қатысып, саясаттың сойылын соққан жастарды көргенде қай ғасырда, қандай жүйеде өмір сүріп жатырмын деп, бөгеліп қаласың. Біздің елде жастар саяси тұрғыда белсенді емес. Тіпті саясатта ешқандай рөл ойнамайды, қоғамда болып жатқан процестерге әсер етпейді деуге болады. Саяси оқиғаларға, биліктің түрлі шешіміне сыни көзқараспен қарап, өз ойын ашық айта алатын жастар аз. Елдің ертеңі болған жастардың мұндай тіл алғыш, көнбіс мінезі билікке тиімді. Түрлі саяси ұйымдар мен партиялар, әкімшілік органдар жастарды құрал ретінде пайдаланып жүр.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы жастардың белсенділігі волонтерлік және флешмоб деңгейінен аспайды. Бұл пікірмен келіспеске амал жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері жастарды жалған ұран мен бос мақтанның арасынан ғана көріп келе жатырмыз. Билік жастарды дамытып, елді өрге сүйрейтін болашақ көшбасшы дайындауды емес, оларды басып-жаншып, айтқанынан шықпайтын қолбала жасауға тырысады. Соның салдарынан ұландарымыз сайлау сайын «дауыс беруге шақырамын» деп ұрандап жүр. Ал жастардың қолына «АЭС – болашақ қуаты» деген плакат ұстатып, жаттанды сайратып қоюы – қорлықтың ең үлкені.
Әлеуметтанушы Құралай Қантаева жастардың жетекке еріп кетуіне не себеп болатынын айтты.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері саяси, әлеуметтік-экономикалық процестер жедел жүріп жатыр. Қазір қоғам өзгермелі сипатқа ие. Бірақ жастарды осы өзгерістердің белсенді агенті дей алмаймыз. Кей жағдайда олар шешуші емес, қосымша рөл атқарады. Жастар не үшін мемлекеттік саясаттың негізгі субъектісі емес, пассивті рөлде қалып отыр?
Бұған ең алдымен КСРО кезінде жастардың мемлекеттік идеологияның құралы болғаны себеп болды. Бұл қоғамда жастар жөнінде белгілі бір стереотип қалыптасуына әсер етті, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы стереотиптер сақталып қалды. Бұл жастардың шешім қабылдауға араласуын шектеуі мүмкін.
Екінші себеп – жастардың саяси мәдениетінің төмендігі. Жастар өз мүмкіндігін, құқығын, қоғамдық өмірге қаншалық ықпал ететінін білмеген жағдайда билік олардың рөлін төмендетіп отырады. Саяси мәдениеттің төмендігі саяси институттарға сенімсіздік туғызып, жастарды қоғамдық өмірден алшақтатады. Адам өзінің қандай құқығы бар екенін білмеген жағдайда өзінің қауіпсіздігі мен еркіндігіне күмән келтіре бастайды.
Сондай-ақ жастардың сыни ойлау дағдысы төмен. Бізде балабақша, мектеп және университеттен бастап стандартты ойлау жүйесі қалыптасқан. Бәрінде жеткіншектерді белгілі бір ережеге бағынуға, өз ойын шектеуге үйретеді. Бұл жастардың стандартты ойлауға дағдыланып, өз ойын білдіре алмайтын, тіпті жеке ойы жоқ адам болып қалыптасуына әсер етеді. Бұл олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына шектеу туғызады», – дейді маман.
«Жастар жылын» белгілеу – жастарды қолдау емес
Билік жастарды қолдау мақсатында жемісті жұмыс жүріп жатқанын жиі айтады. «Жастар саясаты» жөнінде заң да шығарды. Тіпті экс-президент тұсында «жастар жылы» деген науқан жүріп, бір жыл бойы жастарды жарылқап жатырмыз деп ұрандағанымыз есте. Бірақ содан қалғаны – «жастар кадрлық резерві» деген сияқты болашақ шенеуніктерді дайындайтын жобалар ғана. Ал қарапайым жастардың ғылым-білім үйренуіне, өнеркәсіп ашып, өрге озуына орай жарататын ешбір шаруа тындырылған жоқ.
Арнайы бір жылды арнасақ та жастардың қоғамдағы рөлі өзгерген жоқ. Ұлтымыздың ұландары әлі жиын-тойда «массовка» болып, флешмоб билеп жүр. Жастарды түрлі шараларға мәжбүрлеп қатыстыру – олардың құқығын шектеу екенін ешкім айтпайды. Олардың білім алуына, жұмыс табуына қолайлы орта жасау – үкіметтің басты міндеті. Әйтпесе, қоғамнан өз орнын таппаған жастар елінен күдер үзіп, бақытын басқа жақтан іздеуі мүмкін. Мысалы, білімді жастар шетел асып, білімі аздары діни секталарға еніп, соғыс ошағына бет алмасына кім кепіл?!
Сарапшылар Қазақстан жастарының құқықтық сауаты төмен екенін үнемі айтады. Адам құқығы, әділет туралы көп жас ойланбайды. Бұған олардың білім деңгейінің төмендігі әсер етеді. Ал жастардың білім деңгейінің төмендігі мен сауатының аздығына биліктің 30 жылғы олақ саясаты кінәлі.
«Жастар – еліміздің әлеуметтік және демографиялық құрылымындағы маңызды әлеуметтік топ. Олардың қоғамда шешуші рөлі бар екенін естен шығармау керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін билік жастар саясатын қолға алды. Бірақ ескі үрдіс әлі жалғасып жатыр. Жастар мемлекеттік үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланатын тәжірибеден әлі арыла алмай отырмыз. Әрине, мемлекеттік ортақ мүдде үшін, ұлттық игі мақсаттар үшін жастардың әлеуетін пайдалану тиімді тәжірибе. Дегенмен жастардың өзін-өзі дамытуы үшін мүмкіндік жасау, олар үшін еркін қоғам құру мемлекеттің жауапкершілігі. Жастар басқа әлеуметтік топтарға қарағанда маңызды еңбек ресурсы саналады, білім-ғылым және мәдениетпен айналысатын жастар қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші бола алады. Бірақ ол үшін мемлекет тарапынан қолдау мен таңдау еркіндігі қажет. Жастар негізгі өзгеріс күші саналатын дамыған елдер осы түйінге баса мән беріп, жастардың өз-өзін дамытуына қажетті жағдай жасайды. Ең бастысы – ондай елде жастар өз пікірін еркін білдіріп, мүдделерін қорғай алады.
Жастарды елдің ертеңі, ұлттың болашағы деп жүрміз. Ендеше, олар үшін жағдай жасап, олардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейін арттыру керек. Жастарды үгіт-насихат құралы ретінде ғана пайдалану сәтсіз тәжірибеге алып келеді. Керісінше, жастарға өзінің көзқарасын білдіруге, шешім қабылдауға қатысуға және қабілетін көрсетуге мүмкіндік берсе, жастар өзіне де, қоғамға да оң пайда тигізер еді. Жастар қоғамның болашағын құруда тең құқылы қатысуы керек», – дейді Құралай Қантаева.
Өркениетті елдерде жастар әділдік талап ететін, өзгеріс жасайтын басты күш саналады. Тарихта студенттер бас болып ереуілге, митингке шыққан оқиғалар көп. Саясатқа уланбаған, арлы жастар ақырып теңдік сұрай алады. Ал өтірікке еті үйренген, жетістікке жетудің жалғыз жолы – жоғарыға жағыну деп білетін жастар АЭС болсын, сайлау болсын, талғамай, биліктің туын көтеріп жүре береді...
Қуаныш Қаппас