Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:22, 21 Шілде 2022

Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс

None
None

М.Х.Дулати атындағыТараз өңірлік университетінде білім алатын 15113 студенттің 4 572-сі биыл қолға диплом алып, үлкен өмірге қанат қағып отыр.

Соңғы бес жыл ішінде университет 23000-нан астам маман даярлаған. «Былтырғы түлектердің 77 пайызы жұмыспен қамтылды», – дейді аталған университеттің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов.

–  Жастарды еңбекпен қамту – уақыт оздырмайтын, кезек күттірмейтін мәселе. Ал қолға диплом алып, кәсіпқой маман атанғандардың нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болуы – жұмыссыздықпен күрес мәселесінде қатар жүретін түйткіл. Себебі нарықтық қатынастар кезеңінде жұмыс беруші сапалы білім алған, білікті кадрды талап етуге құқылы. Бұл еңбек өнімділігі әрі мекемелер мен кәсіпорындардың ішкі қорына үнем жасау үшін қажет. Қазір бұрынғы кеңестік кезеңдегідей, одан берідегі тоқырау жылдарындағыдай бір бөлімде бір адам жұмыс істеп, қалған үшеуі соның көлеңкесінде жалақы алып отыратын кез емес. Жұмыс беруші төртеудің орнына білікті екі кадрды ғана қалдырып, қалған екеудің айлық жалақысын қолынан іс келетіндерге үстемақы ретінде қосып беремін десе де еркі.

Міне, осындай түйткілдерді ескере отырып, қазір елімізде жоғары білім беру саласында сапалы кадр дайындау үшін 6 бағыт бойынша нақты жұмыстар қолға алынуда. Оның бірі – кәсіби жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту. Сондай-ақ академиялық еркіндікті қеңейту және менеджментті жетілдіру де кезек күттірмейді. Ал білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу – маңызды мәселеге айналды. Жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту, жоғары оқу орындары мен колледждердің әлеуетін арттыру, сапаны қамтамасыз ету жүйесін жақсарту – білім беру ісіндегі сапаға қол жеткізуге бағытталған қадамдар. Бұл бір жағынан біз даярлаған мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, теориялық білім мен тәжірибені қатар игеруге жол ашады.

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жыл өткен сайын күрделене түспеуі үшін осындай нақты іс-шараларды жүзеге асырып, нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Жұмыспен қамту дегенде біз әр жылдағы демографиялық өсімді де ескеруіміз керек. Мысалы, екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Ал енді сол екі мыңыншы жылғылар келесі жылдан бастап еңбек нарығына шыға бастайды. Сонда бұл көрсеткіш өсе түсетіні анық. Осыны қаперге алып, жоғары білім беруде сұранысқа ие мамандарды даярлауда жаңа қадамдарға баруымыз қажет, – дейді Т.Ешенқұлов.

Ал Халықаралық Тараз инновациялық институтынан биыл 3 мыңға жуық студент диплом алды. Бұл оқу орнында білім алған студенттердің де жұмысқа тұру көрсеткіші 70 пайыздың төңірегі екен. Оқу ордасының басшылығы соңғы жылдары институтта студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында  –  500 орындық студенттік жатақхана, «OPEN SPACE» (оупен спейс) форматындағы кітапхана, Студенттердің шығармашылық орталығы, «Қысқы бақ» кешені, заманауи үлгідегі аквакультура ашылғанын айтады. Биыл бұл жоғары оқу ордасы 100 орынға грант бөліпті.

Бүгінгі таңда өңірде 258 мың жас бар. Жамбыл облысында жастар арасындағы құқықбұзушылықтар көбеймесе, азаймай тұр. Жыл басынан бергі бес айда жастардың қатысуымен 370 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл ретте 210 жасөспірім және 139 қолайсыз отбасы есепке алыныпты. Мұның негізгі себебін мамандар жұмыссыздықпен байланыстырады.   

Енді осынау жоғары оқу орындарын аяқтаған жастардың қоғамнан өз орнын тауып, «бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланып» кеткені керек. Қалай болғанда да, жастар жұмыссыз қалмауы тиіс қой.

Тегтер: