Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 10 Тамыз 2021

Жастарды есеңгіреткен есірткі

None
None

         Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен проблемалардың бірі – нашақорлықпен күрес.

Өкініштісі, осы нашақорлық дегенге жас жеткіншектеріміздің әуес болып келетіні. Еститін құлақ пен көрер көзге есірткінің залалы туралы айтылып та, жазылып та келе жатыр. Өрімдей жас қыздарымыздың да осы дертке шалынып жатқанын көріп жүрміз. Мұнымен қалай күреспек керек?

      Жастардың нашақорлыққа салынуының әртүрлі себептері бар. Ең алдымен нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан туындайды. Бір рет дәмін көргеннен кейін әсерін қайта сезгісі келіп іздей бастайды. Ата-ана тарапынан жылулық пен махаббаттың болмауы немесе өмірінде кездескен келеңсіздіктер мен түсініспеушіліктер осы дертке әкелуі мүмкін.

       2020 жылғы ресми дерек бойынша Қазақстанда есірткіге тәуелді 24 мыңға жуық адам арнайы орталықта тіркеуде тұр. Ал бейресми дерек көрсеткіші одан да жоғары. Қоғамдық ұйымдардың есебінше, 120 мыңнан асып кеткен. Статистикалық мәліметтер бойынша соңғы бес жылда есірткіге тәуелділер саны 35 пайызға төмендеген. Бірақ 19 мың қылмыс соңғы бес жылда осы есірткімен байланысты болған екен. Бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес.

      Бүгінде елімізде синтетикалық есірткі саудасы өршіп тұр. Есірткінің бұл түрі адам психологиясына санаулы секундта өз әсерін беріп үлгереді. Құзырлы органдар үшін синтетикалық есірткімен күресу өте күрделі мәселе. Ал буыны қатпаған жас жеткіншектеріміз «аты құрғыр» затқа интернет арқылы оңай қол жеткізуде.  Telegram әлеуметтік желісі синтетикалық есірткі сатудың бірден-бір көзі. Тауарға онлайн тапсырыс беріледі де, тапсырыс беруші мен саудагер түрлі әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алатыны жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Статистика бойынша 2020 жылы елде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 800 есірткі қылмысы анықталған. Ал бір жыл бұрын дәл осындай 291 қылмыс тіркелген. 2021 жылдың жартыжылдығында 645 құқық бұзушылық тіркелгені анықталды.

       Жас жеткіншектеріміз есірткіге неге әуес? Осы сұраққа жауап алу мақсатында практик-психолог, тренер Ұлмекен Сәндібекқызымен тілдестік.

— Жеткіншектердің есірткіге әуестенуінен психикалық тәуелділіктің бар екенін аңғаруға болады. Мұндай тәуелділікке тәрбие де әсер етуі мүмкін. Еркіндік беруден қорқақтайтын ата-аналар өздеріне балаларын тәуелді етіп, шектен тыс қамқорлықпен өсіреді. Шектен тыс қамқорлық салдарынан өз жеке аймағын сезіне алмаған жеткіншек қызығушылығын зиянды әдеттерден іздей бастайды. Өмірдің қызығын есірткіден алуды жөн санап, жан тыныштығын сезінеді. Сондай-ақ 11-15 жас аралығында баланың психологиясында жас ерекшелігіне байланысты өтпелі кезең, дағдарыс кезеңдері орын алады. Еліктеушіліктің салдарынан болуы да ғажап емес. Тіпті өмірінде айналысатын хоббиі, қызығушылығы болмаған жағдайда, араласатын ортаның жоқтығынан есірткімен «достасып», өзін тыныштандыруды жөн санайды, – дейді маман.

       Сұхбат барысында Ұлмекен Сәндібекқызы ата-ананың жеткіншек жасындағы баласына үнемі қолдау көрсетіп, жиі сырласу керегін атап өтті.

— Егер ата-ана баласының есірткіге тәуелді екенін білген жағдайда сабыр сақтауы қажет. Ата-ананың мазасыздануы мен қобалжуы баланың қысылып, оқшаулануына себеп болуы мүмкін. Эмоцияға берілмей, ақылға жүгінген жөн, – деді ол.

       Мамандардың айтуынша, 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында синтетиканың «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» деген секілді түрлері сұранысқа ие. Күні кеше әлеуметтік желіде 16 жасар қыздың синтетикалық есірткі «мефедронды» иіскеп, талып жатқан видеосы жарияланды. Жанындағы достары оған көмек көрсетудің орнына, керісінше, мазақ қылып, видеоға түсіріп, оған айқайлап тұр. Мұны көрген желі қолданушылары «Алла сақтасын! Бала берсең сана бер, сана бермесең шетінен ала бер! Бұндай балалардың барынан жоғы, әке-шешесіне тірі күйік!» десе, енді біреулері «Неткен тексіздік! Алла сақтасын! Дін мен ділден, имандықтан алыс болғанның нәтижесі», «16 жасар қыз түгіл, «мефтің» не екенін мен білмеймін», «Мәселе түптеп келгенде тәрбиеге тіреледі. Жақсы ортаның болмауы қатты әсер етеді. «Жақсы дос баққа, жаман дос боққа әкеледі» деген осындайдан шыққан» деген пікірлер қалдырған.

     Әрине, біреуді сынаудан аулақпыз, алайда қазақтың «қызға қырық үйден тыйымы» қалып бара жатқаны ішіңді қынжылтады. Бұның артында тек есірткіге улану емес, талай зорлық-зомбылық жатыр. Тәрбие тал бесіктен. Ата-ана баланың құлағына есірткі жаман деп қана емес, оны пайдаланғаннан кейінгі орын алар кеселді де ескертіп отырса мұндай жайттар орын алмас па еді?! Ұлт болашағы жастар дейтін болсақ, болашақты басқарар жастардың  жайбарақаттылығына жол бермеуіміз керек.

Тегтер: