Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 31 Наурыз 2022

Жастарды қорлайтын қоғамбыз

None
None

«Бүкіл Қазақстанды шарлап шыққан адаммын. Қаладан басқа жерлердің бәрінен береке кеткен.

Қазақстандағы ауыл инфрақұрылымын қиратып тастаппыз. Ауылда тіршілік жоқ, адам да азайды, тек кемпір-шал мен балалар қалды», деген екен күні кеше режиссер Ермек Тұрсынов бір сөзінде.

Рас, ауыл жастары мектеп бітіре салысымен қалаға қашады. Өйткені ауылда жұмыс та жоқ, ешбір қызық та жоқ. Өмірдің бәрі қалада. Қалаға келіп, қара жұмысқа жегіледі. Блатың болмаса, қиын.

– Олар да қаладағы байлардың балалары сияқты ішіп-жеп, қыдырғысы келеді. Қымбат телефон ұстап, қымбат киініп, қыздарға қырындағанды теріс көрмейді. Өйткені біздің қоғамда байлықтың культі мықты. Сондай қоғамға тап болады. Содан басталады олардың бойындағы үлкен негативі, өкпесі мен ызасы. Ауылдан шыққан жастардың қолындағы жарқырағанның бәрі кредитке алынған, бәрінің мойнында қарыз. Кредиттің арқасында, қоғамға жағдайы бар адам ретінде көрінуге мәжбүр. Ай сайын кредит төлеуің керек, пәтерақыңа қалай да ақша табуың керек. Наразылық осылай пайда болады. «Мен неге өз елімде басқалардан кеммін», деген ойға келеді. Өмір сүрудің моделі қандай болуы керектігін байдың балалары Инстаграм-парақшаларында көрсетеді. Қазіргі қала қыздары өлең оқитындарға қарамайды, тек байлыққа қарайды. Құндылық осындай боп кетті. Иә, бүгінгі қазақ элитасының арасында да ауылдан шыққандар бар. Бірақ дәл солар билікке келгенде, қазақ ауылы деградацияға ұшырады. Біздің халқымыз не көрмеді? Соғысты да, аштық пен қуғын-сүргін көрді. Сөйтсек, біз аштықтың сынағына төзе алады екенбіз. Ал тоқшылықтың сынағынан оңбай сүріндік. Семіздікті көтере алмадық. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны», деген мақал бар еді ғой. Бұрын ашқұрсақ болып келгеніміз сонша, енді біз қарнымызды аямай, тамақты артығымен асаппыз. Тым тойымсыз екенбіз. Тойымсыздық трендке айналды. Жан-жағымыз толған өңкей байлығымен мақтанғыштар. Бұл біздің сорлылығымызды, сана мен рухани қасиеттерден жұрдай болғанымызды білдіреді. Мәдениетіміздің жоқтығын көрсетеді. Бізге экономикадан емес, саясаттан емес, әу баста бәрін мәдениеттен бастау керек еді, – деп күрсінеді режиссер.

Тегтер: