Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 04 Ақпан 2022

Жастарды тәрбиелейтін тәк-тәк па, тик-ток па?

None
None

         Қазір қаңтар дүрбелеңі тақырыбының айналасында көпшілікті мазалап жатқан сұрақ көп.

Ғимараттарды қиратқан, бүлдірген, дүкендерді тонаған деп мародерлерге қатысты айтылғанда әңгіменің бір шеті еліміздегі жастарға тиіп отыр. Өткенде ғана сенатор Ақылбек Күрішбаев парламент қабырғасында: «Жақында бейбіт митингтерге шыққандардың көпшілігі ауылдан келіп, лайықты білім мен жұмыс таба алмаған жастар болған жоқ па?!» деп уәж айтқан. Ал бұл нені көрсетеді? Қаншама маңызды салалардан бөлек, жастар саясатының ақсап тұрғанын байқатады.

         Аға буын арасында жастарды әлеуметтік желілерге байланғанын айтып сөгетіндер шықты. Жақында ғана жастардың тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етіп, кейін осы сөзі үшін әлеуметтік желі қолданушыларының сынына іліккен сенатор Нұртөре Жүсіп: «Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. «Менің мемлекетім», «менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр» деп мәселе көтерген. Осы сарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақберен Елгезек те жақында шыққан бір сұхбатында сөйлеген. Ол жастардың кітап оқымайтынын алға тартып, Алматыдағы мародерлерді ауылдан келген, білімі төмен, тар шеңберде ойлайтын жастар деп сипаттаған. Мұндай азаматтардың бойында рухани байлық, әдеб нормалары жоқ деп біршама адамның көңіліне тиген. Оны сұхбаттың астына қалдырылған пікірлерден көру қиын емес.

         Былтырғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда 14-28 жас аралығындағы жастар бүкіл халықтың – 20,2 пайызын құрайды, 3 765 383 адам. Ал бүгінгі заманның жастарына мін тағатын аға буын сол азаматтарды не мазалайтынынан, қалай күн көріп жүргенінен, ішкі жан дүниесі нені қалайтынынан хабардар ма? Әлеуметтік желіден неге бас көтермеуінің себебін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп көрді ме? Қайта кейбір жастарымыздың үкіметке қол жаймай, өз табысын өзі тауып отырғаны сол әлеуметтік желілерді ойлап тапқан адамға алғыс айту керек шығар? Мемлекет жастардың бойында Отанын сүюге деген патриоттық сезім оянатындай жағдай жасап жатыр ма? Жастарда мемлекетке деген сенім қалды ма? Мысалы, қазір қит етсе, мүмкіндігінше, шетелге тартып отырғысы келетіндердің қатары көбейіп отыр. Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?

         Жастар саясаты туралы сөз қозғалғанда, бірден сайлау науқандары мен ауқымды форумдар өткізер кезде белсенді қатыстырылатын қызылды-жасылды жалаушалар ұстаған жастар көзге елестейді. Мәселен, Түлкібас аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Ислам Жолбасханов жеке парақшасында былай дейді: «Жаңа Қазақстандағы басшылар жастардың үнін естиді деп үміттенемін… Түркістанда облыс әкімі жанындағы жастар мәселелері жөніндегі кеңес 3 жыл бойы өткізілмеген. Жастардың өз мәселелерін жеткізетін алаң жоқ! «Жағдайларың қалай, не мәселелерін бар?» деп сұраған ешкім жоқ! Түрленген Түркістанда жастардың әлі күнге дейін айына 4,5 млн теңгеге ғимаратты жалға алып отырғаны түсініксіз. Барлық облыстар бір ғимараттан сыйға тартып жатқанда, неге біреуін жастарға бермеді? Жастар саясатындағы жалған атқарылған ақпараттарды беруді доғару керек. Мәселен екі жыл бойы тоқтап тұрған «Жасыл ел» бағдарламасымен 2021 жылы 2038 жас жұмыспен қамтылды деп көрсетілген. Қағаз бойынша осынша жасты жұмыспен қамтып жіберу кімге қажет? Дәл осы мәселелерден Өмірзақ Естайұлы хабарсыз екеніне сенімдімін. Мәселемізді айтатын диалог алаңы жоқ. Сол үшін де осында жазып отырмын. Өңір басшысы осы мәселелерді көріп, шешілуіне ықпал ететіндігіне сенімдімін!» деп ағынан жарылды.

         Жақында ғана ютубқа сұхбаты шыққан белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев біздің азаматтардың біліктілігі төмен болмауы қажеттігін, жастарды алалау дұрыс еместігін айтып, тұщымды ой айтты. «Отыз жыл бойы дамыған отыз елді айтып келдік екен. Демек, Қазақстанда елінің ішінде де, сырт елде де өзін бәсекеге қабілетті санай алатын адам капиталы болуы керек еді. Бұл біріншіден. Сосын, «Болашақ» бағдарламасын да 2013 жылы сынағанмын. Өйткені қайшылықтар туа бастады. Шетелге оқуға мүмкіндік беретін бұл бағдарламаны әспеттеп жүріп, өзіміздегі білім жүйесі құрыды. Бұл дұрыс емес қой. Жастардың 90 пайызы «Болашақ» арқылы емес, өз елімізде білім алады. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық, білім және мәдениет салаларында жүйелі жұмыс атқаруды талап ететін жайттар бар. Бұл мәселені шешуге отбасы мүшелері қалай араласуы керектігін де анықтап алған жөн. Егер де отбасындағы ата-ана күн көріс үшін напақасын әрең тауып жүрсе, азғантай еңбекақы үшін таңнан кешке дейін жұмыс істесе, оның үстіне, несиеге батып отырса, баланың тәрбиесімен қалай айналыспақ? Сондай шарасыздықты көріп өскен балалардың дүниетанымына бұл қалай әсер етпек? Бұл да үлкен шаруа. Яғни, бір мәселе екінші мәселені тудырады. Жастарға балық емес, сол балықты өзі аулайтын қармақ беру керектігі бесенеден белгілі нәрсе ғой. Бірақ мемлекет қармақ береді екен, ендеше біреуіне ұзын, екіншісіне қысқа емес, бәріне бірдей қармақ берсін. Бағыт сілтесең, біліктілікті қатты талап етпейтін кәсіп болса да, жастар жұмыс істейді. Мысалы, қазір «яндекс», «глово» қызметтерінде тамақ тасушы курьерлер көбейді. Өйткені жастар мұнда жақсы жалақы төленетінін көрді. Яғни, оларға табыс табуға мемлекет көмектескен жоқ. Нарық соған алып келді. Демек, үнемі кедергі жасай бермей, адамға мүмкіндіктер мен жағдай туғызып отыру керек. Сонда жастардың бір бөлігі өзі қалаған жұмысты өзі-ақ табады. Ал билік басында осының бәрін басқарып бір дөкейлердің балалары мен туыс-туғандары отырғанда, әлбетте басқа жастардың ол жерге баруға ешқандай мүмкіндігі жоқ» дейді. Сондай-ақ, қазіргі басты ұлттық идея, ол – ауылды қайта жаңғырту екенін айтады. Сапалы білім беретін білім ошақтары тек елордада ғана емес, барлық өңірде болуы тиіс, білім алуда адамдарды бөліп-жару (сегрегация) болмауы тиістігін алға тартты.

Тегтер: