Жастарды жұмыспен қамту өзекті
Мемлекет басшысы биыл қаңтар айында үкіметке «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары арқылы жаңадан жұмысқа тартылған жас мамандарға жалақы төлеудің көлемін көтеру мүмкіндіктерін қарастыру және олардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасауды тапсырды.
Еліміздің кенді аймағында тұратын жастар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі былтыр мұндағы ел болашағының 42,2 пайызы мамандықтары бойынша жұмыс істемейтінін, 25,3 пайызына кәсіби мамандықтарына сай еңбекке орналасу қиын екенін көрсеткен. Олардың – 71 пайыздан астамы оған тәжірибелерінің жоқтығы кедергі туғызатынын алға тартқан. Осы себепті, өткен жылы Оңтүстік өңірдегі жастардың 79 пайызы екі қолға кәсіп таппай жүргенін жасырмаған. Жұмыстан үміт күткен респодеттердің 31,3 пайызы жергілікті жұмыспен қамту орталығына, ал 27,7 пайызы интернет ресурстар арқылы жұмысқа тұруға өтініш тастаған. Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаевтың айтуынша, қаладағы орталық жанынан «Роботтехника және конструкциялау» курсы ашылған. Себебі, шаhарда тұратын жастардың дені IT технология саласына сұраныс білдіреді.
– Орталықта бұдан тыс, мектеп түлектеріне арналған «Болашаққа қадам» жобасы ашылды. Онда біздің қызметкерлер жастардың мақсатты мамандық таңдауына бағыт береді, – дейді ресурстық орталықтың басшысы.
NEEТ санатындағы жастарды қолдау қолға алынды
Қарағанды облысында NEET санатындағы жұмыссыз жастардың жаңа дерек базасы құрылды. Аймақтық жастар саясаты мәселері жөніндегі басқарманың дерегінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде NEET жастардың қатары 10,5 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарағанда, 0,5 пайызға көбейген. Сараптама барысында олардың еш жерде жұмыс істемейтіні және оқымайтыны белгілі болды. Осынау өткір мәселені жастар басқармасымен бірге тоқайластыру үшін таяуда, облыстық мәслихаттың өкілдері бас қосты. Жиынға шақырылған барлық мемлекеттік ведомство өкілдері, ЖОО-дың, бизнес қауымдастықтың және жастар волонтерлік ұйымдардың жетекшілері NEET жастары деректер базасында тұрған 12 047 жұмыссызды еңбекке орналастыруды кеңінен талқылады. Жиналған тараптар нәтижеге жету үшін жастар ұйымдары жұмыссыз жүргендерге үгіт-кеңес жүргізу керек, деген тоқтамға келді.
Мұның алдында жастар ұйымдары Шахтинскі қаласында осындай шара ұйымдастырған-ды. Онда NEET санатына енетін 43 жас анықталды. Оларға бастамшы топ өкілдері жан-жақты кеңес берді. Нәтижесінде, олардың – 12-сі жұмысқа орналасып, 2-еуі заңгерлік, 1-еуі психологиялық, 4-еуі кәсіптік оқуға жіберілді.
– «Қазіргі кезде білім беру саласындағы мемлекеттік мекемелердің басты мақсаты – жастарға мамандықты дұрыс таңдауға жол көрсету. Бұл былай қарағанда, елеусіз нәрсе болғанмен, қазіргі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Осының зардабы жастардың бәсекеге қабілетсіз болып қалуына әкеп соғуда», –дейді мәселені атап көрсеткен облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешев. Ол қатысушыларды бюджет қаржысын мақсатты пайдалануға үндеді.
Дейтұрғанмен, облыстағы жастар арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілер қатары жыл сайын артып келеді.
– Біздің өңірде жастардың жеке кәсібін ашуға көптеген мүмкіндіктер беріліп отыр. Оларға жылына миллиондаған грант бөлінеді. Мемлекеттің қаржылай қолдауын қала мен ауыл жастары қатар көруде. Жастар арасында кәсіпкерлік жемісті нәтижесін берсе, болашақта бөлінетін грант көлемін көбейту көзделуде, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов.
Осы санаттағыларды қолдау мақсатында – 2020-2021 жылы облыстық қазынадан 511 млн теңгенің гранты нақты иелеріне табысталды. Өкінішке қарай, жастар саясаты басқармасы басшысының айтуынша, 42 жас берілген ақшаны игермеген.