Жастардың арасында халықаралық деңгейде танылған ерікті жастар кездеседі

Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет. Бұрын асарлатып шөп шабу, үй салу деген сияқты көпшілікпен жасалатын ерікті қайырымдылық көп болып тұрушы еді.
Ол кезде оларды қазіргіндей еріктілер деп таңбалаған жоқ. Қазақ бір-біріне көмектесуді, біріне-бірі жақсылық жасауды пұлдамайтын, кез келген адам мұны өзінің адамдық парызы, азаматтық міндеті деп санаған. Мысалы, ауылдарда күні бүгінге дейін асарлатып жұмыс істеу әлі кездеседі. Одан ешкім ақы сұрамайды немесе ешнәрсе дәметпейді. Бұл бір жағынан жастарды бауырмалдыққа, еңбекке тәрбиелеу, жақсылық жасауға үйрету. Бала жасынан не көрсе, ержеткенде солай қалыптасады. Басқа халықтарға ұқсамайтын бір ерекшелігіміз сол – қазақ ешқашан жақсылық жасаудан жалықпайды және оны міндетсінбейді, көпшілікке жариялап айтпайды. Бұл біздің көшпенділік салтпен бірге біте қайнасып біткен қасиет, ұлттық мінез болса керек! Өйткені, көшіп-қонып жүрген далалықтар кез келген шаруаны, қиындықты қауымдасып шешуге дағдыланған.
Міне, осы қасиет қазір халықты қайырымдылық жасауға, ерікті болуға үйретті. 2020 жылы бүкіл әлем ковид індетінен қатты қиындық көрді. Төтенше жағдай кезінде қарға адым жер мұң болды. Тіпті, үлкен қалаларда тұрғындар қолында ақшасы бола тұра дүкеннен азық-түлік сатып ала алмай, дәріханаға жете алмай қалды. Сол кезде сайдың тасындай жастар ерікті ретінде тіркеліп, тұрғындарға ақысыз көмектесті. Төтенше жағдайды жеңілдеткен бір дүние болса, ол – осы еріктілердің ерлігі. Содан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2020 жылды – еріктілер жылы» деп атады. Дәл сол жылғы төтенше жағдай кезінде 1 млн азаматқа көмек көрсетіліпті. Олардың арасында соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы аналар және аз қамтылған отбасылар бар.
Қазір қазақ жастарының арасында халықаралық деңгейде танылған ерікті жастар кездеседі. Солардың бірі – Түркістан облысының тумасы, өңірдің мақтанышына айналған Жасми Ашимова. Ол БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. Жасмин ерікті болуды жүректің ісі деп, өзіне мақтаныш ретінде түсінеді.
– Бала кезімнен үлкендерге көмектесуді өзіме міндет деп білетінмін. Біреуге жақсылық жасаудан ләззат аламын. Бір жағынан бұл жақсы қасиет, екіншіден, жасаған жақсылығың үшін үлкендерден бата аласың. Одан артық қандай бақыт болсын? – дейді ол.
Қазір ерікті десек, Құрмет Талапқазының да аты аталады бірден. Неге? Өйткені, былтырғы қуаңшылық кезінде студент қолына шалғы алып, қамыс орып, жұртты жұмылтырды. Ол апат болып жатқан Арал мен Маңуғыстау облысының тұрғындарына көмектесуге өзі бастамашы болып, үлкен іс тындырды. «Жалғыздың шаңы шықпайды» деп қарап отырған Құрмет жоқ. Болмаса, менің орған бір үйме қамысым қай жыртыққа жамау болады деп бәлсінбеді. Өйткені дәл сондай қиын сәтте жұртқа бастамашы адамның керек екенін түсінді. Солай қолына шалғы алды. Құрметтен кейін бұл ізгі жұмысты Қазақстанның өзге аймақтарындағы азаматтар да қолға алып, бірінен-бірі іліп әкетіп жатты. Тіпті, соңы «эстафетаға» айналып кеткен жоқ па.
2020 жыл – еріктілер жылы деп аталғанымен, бұл науқан одан бірнеше жыл бұрын дәстүрлі түрде жасала бастаған. Мәселен, «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесінде жастар өз еркімен ерікті болып жұмыс жасады. Одан кейінгі Арыстағы жарылыс, Мақтаралдағы су тасқыны, ковид-2019, Риддердегі өрт кезінде бұл игіліктің мәні артып, маңыздылығы күшейді.
Еріктіліктің етек жайғаны соншалық, қазір әлем бойынша 970 миллион волонтер болса, оның әрбір сегізіншісі қазақстандық еріктілер екен. Ерікті қандай жұмыс жасаса да жүрек қалауымен істейтін адам. Демек, әлемдегі әрбір сегізінші ерікті өз жүрек қалауымен жақсылық жасауға асығып тұратын қазақстандық деген сөз.
Жалпы, соңғы жылдары еріктіліктің мән-маңызы тереңдеген. Қазір тіркелген-тіркелмеген қоғамдық қорлар волонтерлікпен айналыса бастады. Мысалы, бір ауылдан шыққан азаматтар өзара қор құрып, ақша жинап, мұқтаж отбасыларға қаржылай көмектесіп тұратын дәстүр пайда болған. Немесе бір аудан тұрғындары, бір ауданнан шыққан азаматтар шартты түрде атау беріп, қор құрады да ақша жинайды. Жиналған ақшаны сол аудандағы жетім-жесірлерге үй немесе асыраушысынан айырылған отбасыларға азық-түлік, жалғыз басты қарттарға дәрі-дәрмек алып беруге жұмсап жатады. Ондай азаматтар өте көп. Олар өздерінің жасаған жақсылығын қоғамға жариялауға, жұртқа дабыра қылып айтуға қызықпайды. Бұл әрине жақсы қасиет! Құранда «жақсылықты ешкімге айтпай, білдірмей, жария қылмай жасау керек» деген хадис бар. Еріктілікпен басталған жақсылық жасау осылай қайырымдылыққа ұласуда. Жай адам емес, ерікті адамдардың қайырымдылықпен айналысуы – бұл әрі сауапты, әрі абыройлы жұмыс. Қайырымдылықпен айналысып жүрген сол еріктілер азаматтардың басындағы әлеуметтік қиындылықты мемлекеттің мойнына артып қоюды артық жұмыс көреді. Бұл мемлекетшілдіктен туған іс болса керек.
Қайырымды болу ол адамның ең бірінші адамгершілік қасиетінің жоғары болуымен байланысты. Соңғы жылдары елімізде тағдырдың жазуымен қиындыққа тап болған жандар мен қашанда қолы қысқалық қинайтын көп балалы отбасына мемлекет тарапынан әрі белсенді азаматтар тарапынан көмек көрсету жақсы үрдіске айналып бара жатыр. Әсіресе күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті ай болып саналатын ораза айында елдің әр түкпірінде қайырымдылық шарасын жасау көбейді. Нұр — Сұлтан қаласында " Қайырымды істер " марафоны белсенді түрде іске асырылуда. Мұндағы қайырымдылық іс — шарасын қала әкімшілігі мен өзгенің қиындығы өздерін бей — жай қалдырмаған демеушілер өткізіп жатыр. Жыл басталғалы Нұр — Сұлтан қаласының 10 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік көмек көрсетілген екен. Мамандардың айтуынша бұл үлкен көрсеткіш болып отыр. Елордада азық-түлік жиынтықтарын таратуға ҚМДБ, еріктілер және жанашыр азаматтар белсенділік танытып көмектескен. Ал азық-түлік себеттері қаланың 4 ауданындағы мұқтаж отбасыларға тасымалданды. " Қайырымды істер " марафоны аясында қасиетті рамазан айында елордада 1,5 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы азық — түлік себетін алады деген жоспар бар. Азық - түлік себетінде күнделікті тұрмыста жиі қолданатын қажетті тамақ түрлері бар екен. Мұндай жәрдемге қол жеткізген отбасылар теңізге тамған тамшыдай болса да осындай қайырымды істің өздеріне көмек екенін айтып, алғыс білдіруде.Өзгенің тағдырына бей — жай қарамай қайырымды іс жасауды мақсат тұтқан әрі өзгелерге мейірімділік үлгісін көрсеткен қайырымдылық марафоны еліміздің барлық өңірінде кеңінен жүзеге асып келеді. Марафонның шарапаты тиіп жатқандарда аз емес.Жалпы 2021 жылы «Қайырымды істер» аясында мұқтаж Нұр — Сұлтан қаласының 15 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылған екен.