Жастардың діни білімін жетілдіру өзекті
Кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамып өркендеуі үшін қосымша атқарылатын шаралар болады.
Мысалы, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласы. Бұл сала қорғалмайынша, мемлекет саясаты дұрыс бағытта жүрмейді немесе экономикасы мен идеялогиясы тұралайды. Өйткені ұлттық қауіпсіздік – мемлекет тұрақтылығының кепілі.
Ең алғаш ұлттық қауіпсіздік термині 1947 жылы Америка құрама штаттарында «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана пайда болды. Қазақстанда бұл ұлттық қауіпсіздіктің құқықтық негізі – 1991 жылғы 21 тамызда бекітілген «Қазақ ССР-інің Қауіпсіздік кеңесін құру туралы» жарлығы. Бірақ арада 4 жылдан кейін, яғни 1995 жылы «Ұлттық қауіпсіздік» термині «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңда алғаш рет қолданыла бастады.
Сонымен, ұлттық қауіпсіздіктің негізгі нысандарына не жатады? Бірінші –жеке адамның қауіпсіздігі, яғни оның құқықтары мен міндеттері жатады. Екінші – қоғам қауіпсіздігі, оған қоғамның материалдық және рухани игіліктері жатады. Үшінші – мемлекет қауіпсіздігі, оған мемлекеттің конституциялық құрылысы, егемендігі мен аумақтық тұтастығы кіреді...
Ал осы аталған негізгі нысандардың бірі ретінде мемлекеттің қауіпсіздігі аталады. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласы дегенде, әрине, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті назардан тыс қалдыруға болмас. Қазақстанның діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресі қалай жүріп жатыр? Қандай түйткілдер бар? Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жанынан құрылған терроризм түйткілдерімен айналысатын ғылыми-зерттеу институты жұмыс жасайды. Алайда жабық мекеме саналатын бұл институт стратегиялық шешімдер қабылдаумен, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар дайындайды. Дінтанушылар халықпен, содан кейін көмекке зәру азаматтармен нақты жұмыс істейтін ешкімге бағынышты емес, тәуелсіз мекеме қажет деген пікір айтады.
Бұл пікірмен толық келісуге болады. Себебі терроризм дегенде, бүкіл қоғам осы күреске атсалысқысы келетіні анық. Одан бөлек, балама зерттеулердің де жасалғанын құп көреді. Айталық, біз аузымызды ашып, көзімізді жұмып қарайтын Батыс елдерінде дәл сондай мекемелер бұрыннан жұмыс істеп келеді. Онда «террорология» деп аталатын біртұтас ғылым бар.
Дінтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, көп жағдайда бұл теріс ағымға еріп кететіндердің көбі жастар мен жасөспірімдер көрінеді. Жасыратыны жоқ, жастардың ойы әлі бекімеген, кез келген дүниеге сыни көзбен қарайтын имунитеті жоқ. Сондықтан адам сеніміне қатысты уағыздардың бәрін «жұта» береді. Оның алдын алатын жалғыз жол – отбасындағы тәрбие. Бала үйде дұрыс тәрбиеленсе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп өссе, салт-дәстүрге мейлінше қанып өссе, теріс ағымдардың жетегінде кетпейді. Одан бөлек, мектеп пен университеттегі жүріс-тұрыстарына да қатысты. Ол жақтарда да балаға жақсы білім берілсе, дінтанушылармен кездесу өткізіліп тұрса, терроризм мен экстремизм туралы терең білім берілсе, жастар жарты жолдан адаспас еді.
Терроризм мен экстремизм деген не? Бұл – адамзаттың қас жауы. Терроризм мен экстремизмді елге кіргізіп, бақылаудан шығаратын болсақ, жазықсыз азаматтар жапа шегеді. Мәселен, бұдан, ең алдымен, балалар, содан кейін аналар мен қариялар жапа шегеді. Қарапайым халық осыны түсінуі керек.