Жастарға қолдау білдірген елдің болашағы жарқын

Дәл қазір еліміздегі халық көңілінен шығып, үміт етіп отырған бағдарламаның бірі – «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы болып отыр.
2025 жылға дейін елімізде 2 млн жуық жаңа жұмыс орнын құрып, 1 миллионнан аса бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруды көздейтін бағдарламадан халық үлкен үміт күтуде. Былтыр ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов: «Өндіріс саласында 950 мың, инфрақұрылым саласында 583 мың, ауыл шаруашылығында 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны ашылады. Бұл — қазіргі нақты мүмкіндіктер. Ол ұлттық бағдарламаларда көрсетілген. Дегенмен мұнан да жоғары көтеруге мүмкіндік болады деп ойлаймыз» деген болатын. Бұл шын мәнінде еліміз үшін үлкен мүмкіндік деуге болады.
Таратып айтар болсақ, аталмыш бағдарламада халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы тағайындау, еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою; ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру; халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, туризм саласындағы жұмыспен қамтуды арттыру секілді міндеттер қарастырылған. Бұл шын мәнінде халықтың ойынан шығатын бағыттар екенін ескерсек, бұқара бағдарламаның діттеген мақсатқа жетуін тілеп-ақ отыр. Жалпы «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы 33 шарамен бағытталады, оның 16-сын тікелей Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады деп күтілуде. Жалпы кешенді бағдарламаның нақты шаралары мен атқарушы министрлікке дейін нақтыланғанын ескерсек, бағдарламаның орындалуына, алдағы уақытта өз мақсатына жетуіне сенім арта түседі.
Осы орайда әлеуметтанушы Мақсат Жақып: «Жалпы соңғы кездері халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі жиі айтылады. Қоғамның әлсіз топтарын қолдау мақсатында жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақының да көлемі артып, баспанамен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар да қабылдануда. Ұлттық қордан балаларға белгілі бір мөлшерде үлесі де бағытталуда. Қазірдің өзінде оның нақты жүзеге асырылу жолдары халыққа түсіндірілуде. Бұл шешім халықты бір серпілтті. Аналардың көпбалалы болуға ниеті ашылып, ел болашағына сенім артты. Яғни мемлекеттің қамқорлығы халықтың демографиясына да әсер етуде. Мемлекеттің халыққа қамқорлығы көрініп жатыр. Сондықтан жоғарыдағы «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасынан да көп үміт күтеміз. Бағдарламада менің ойымнан шыққаны жастарды жұмысқа баулу және ынталандыру үшін заңнамаға арнайы «жас жұмысшы» ұғымының енгізілуі болды. Жастар үшін жұмыспен қамту кезінде сынақ мерзімін алып тастап, басқа өңірден келген жастарға тұрғын үй жалдау үшін көтерме жәрдемақы енгізу жастар үшін үлкен көмек. Жастарға қолдау білдірген елдің болашағы жарқын деуге болады. Сондықтан бағдарламаның көздеген мақсатына жетуін тілеймін», – дейді.
Расында да бағдарламада жастарды қолдаудың анық, нақты жолдары көрсетілген. Соның айғағы – арнайы платформада жастарды онлайн оқу арқылы жаңа білім мен дағдыларды игеруге жағдай жасалуы. Демек мұндай мақсаттар арқылы алдағы уақытта жұмыссыз жастардың үлесін азайтуға мүмкіндік бар деуге болады. Басқа ұлттық бағдарламалармен тығыз байланысты бұл бағдарлама елдің шынайы жағдайына бағытталуымен құнды. Дәл қазір инфляция өршіп бара жатқан тұста халық табысын арттыруды көздейтін бағдарламаның жүзеге асуынан үлкен үміт күтіп отыр.