Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:16, 27 Қараша 2020

Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ

None
None

Қазақ әдебиетінің салқар көш, шалқар айдынына «Гауһартас» повесімен көрік бере қосылған Дулат Исабековтің бүгінгі таңда аты – мәшһүр, заты – классик.

Аузынан шыққан анекдоты әдеби ортаның езуін жидырмайды, қаламынан туған пьеса, сценарийі дереу сахнаға шығып, экранға таспаланып жатады. Оның сыры да белгілі. Қазір режиссерлар «сіз сияқты ешкім жаза алмайды» деп жата кеп жабысатын көрінеді. Болашақ драматургтердің ұстазы, бүгінгінің тілімен айтқанда, өзі де сұранысқа ие драматург Дулат Исабековпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Аға, сізге хабарласқанымда мені  қызықтырған және ойландырған екі нәрсе айттыңыз. Соның қызықтырғаны: «бір шығарма жазып біттім, бітіргеніме көп болған жоқ, тынығып алайын» дедіңіз. Қандай дүние жазып біттіңіз?

– Өмірге келгендегі негізгі мақсатым жазу шығар. Соған көзім жеткендей болды. Бұрын жазушымын деп айтуға ыңғайсызданатынмын. Менен де басқа жазушылыққа бет бұрған азаматтар бар. Жазушылыққа талпынып жүрген жастар бар. Бізге қарағанда кейінгі ұрпақ прагматиктер. Ақысын бермесең, ештеңе істемейтін жастар келе жатыр. Дұрыс та жасайды. Ал біздің буын жазбай отыра алмайды. Өйткені ойланбай отыра алмайды. Ойының түп негізі неде? Қай тақырыпқа барса да, тарихи тақырыпқа барса да, бүгінгі күннің проблемасын іздейді. Бүгінгі проблема болса көсеп, оттың көзін жалындатып тұрып жазуға тырысады.

Карантиннің пайдасын көрген сияқтымын. Біраз нәрсе жазып тастаппын. Екі пьеса бітірдім. Біреуі – Рахметолла Райымқұлов ағамыздың «Түйелі адам» повесі бойынша «Мақшардағы махаббат» деген пьеса жаздым. Драма. Оны жазған себебім Талдықорған театрының ұсынысы болды. Рахаңның шығармасы жайлы пьеса жазып әкеліпті. Қарап тұрсам, драматургияның иісі де жоқ. Бәрін айта берген. Рахаңның бірнеше шығармаларын қосып жіберген. Кәмпескеден бастап, колхоздастыру, коммунистік партияның рөлі, «Ленин партиясы қазақ халқын құтқарады» деген сөз де жүр ішінде. Комсомол жүр, соғыс басталған, кейіпкердің үстінен іс қозғалды ма, быт-шыт. Бәрін айта берген. Бәрін айтқан соң, композицияның сәні, мазмұнның мәні кетеді. Содан кейін отырып, он жеті пункттен қалай жазу керегін жасап бергенмін. «Бәрін айтпаңдар, біреуін ғана алыңдар. «Түйелі адам» деген повесі бар. Содан сахналық шығарма шығаруға болады» дедім. Содан кейін олар жата кеп жабысты. «Сізден басқа ешкім жаза алмайды. Өзіңіз жазып беріңіз» деді. Рахаң үшін жазып берейін деп ойладым.

24 жасымда әскерде жүріп «Гауһартасты» жазып келгенімде «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі екен ол кісі. Ол кезде ешкімді танымаймын. Алып бардым, бердім. «Жарайды, тастап кет» деді. Ол кезде мен сияқты жастар толып жатыр ғой. Бықпырт. Ол кезде Әуезовтен басқа классиктеріміздің бәрі дін аман. Роман жазса, бес-алты нөмірге бір-ақ кетеді. «Жұлдыз» – жалғыз журнал, солардан босамайды. Қазіргідей газет-журнал көп емес ол кезде. Бізді жариялайтын – «Лениншіл жас». «Социалистік Қазақстан» әңгіме баспайды. «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкендерден артылмайды. Анда-санда болмаса, жастарды көп бермейді. Сөйтіп жүргенде Рахаң іздепті. Бардым. Ол кезде адам табу қиын. Барсам, орнынан тұрып, бетімнен сүйді. «Айналайын, құттықтаймын! Керемет повесть жазыпсың, көзіме жас алдым. Бұны енді Сырбайға беремін. Ол кісі мақұлдаса, журналға шығасың. Жастарды кезексіз шығарайық деп айтып көремін», – деді. Сырбай Мәуленов – «Жұлдыздың» бас редакторы. Содан қалтырап, Сырбай ағаның оқуын күттік.

Бір күні Рахаң Сырбай аға шақырғанын айтты. Барсам, даусы гүрілдеп отыр екен. Ол кісі де бетімнен сүйіп: «Мынандай повесть жазған екенсің, айналайын. Мені бұны досыл ғып жіберемін», – деді. Досыл деген – кеткен журналдың ішінен бір материалды алып тастап, орнына салады. Жүрегім жарыла қуандым. Осылай «Гауһартас» шыққан еді. Содан кейін біз ағалы-інілі боп араласып кеттік. Осы күнгі министр Ақтотыны талай рет балабақшасына бірге апарып, концерттеріне барып, қолдан өсірген қыз ғой. Ол да пьеса жазылып біткенде қатты қуанды. Қанша айтқанмен әкесі ғой. Басқа қыздар сияқты сұғанақтығы жоқ қыз. «Аға, сіз театрды жақсы білесіз ғой. Мен араласпай-ақ қояйын. Өзіңіз айтыңызшы. Мен аралассам, тағы бір сөздер шығып кетеді артынан» деді. Жарайды деп, Әуезов театрымен өзім сөйлестім. Еркін Жуасбек оқып шығып, режиссер дайындады. Ол менімен хабарласты. Келесі жылдың репертуарына «Мақшардағы махаббат» еніп тұр.

Екіншісі, тура 11 қарашада үлкен пьеса бітірдім. Оған көп уақытым кетті. «Бөрте ханым» деген. Қарап тұрсам, біздің сахнамызда, экранымызда нағыз қазақ қызының бейнесі жоқ екен.  Томириске бір жабысамыз, Ұмай анаға бір жабысамыз. Олар қазақ емес қой. Сақтар түркітілдес халық емес. Содан ойланып, неге Бөртені жазбасқа дедім. Оның үстіне қоңырат руының қызы. Мен де қоңыратпын. Мәселе қоңыраттығымда емес. Сондай бір керемет образ. Кітап оқуға бес-алты ай уақытым кетті. Бөрте туралы материал аз. Әр кітаптан тозаңдап жинап жүріп жиырма бес беттік жоспарын жасадым. Бөрте туралы оқиғалар деп, бес-алты бет тізімін жаздым. Соның бәрін зерттеп, жетпіс беттік пьеса жазылды. Енді ондай ұзақ шығарманы қоятын театр табыла ма екен деп ойлап отырмын.

Бірақ табылып қалар деп ойлаймын. Өйткені  Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры екі жарым сағаттық спектакль қойды. Тапжылмай көрдік. Үш сағаттық қойылымды көруге қазақтың қуығы шыдайтын шығар.

– Кезінде «Абылай хан» да ұзақ болды ғой…

– Иә, ұзақ еді. Театр көрермендерін тәрбиелеудің орнына, алда жүрудің орнына, қазір соңына түсіп алды. Көрермендердің қалауынша спектакль қоятын болды. Тіпті театр мамандарының бірінші қоятын сұрағы: «Спектакль қанша уақыт жүреді?» Екі сағатты ұзақсынады. Ал әлемдік театрдан хабары бар адамдар бұл ұзақ емес екенін біледі. Францияда «Оранжерия» деген театр бар. Онда он екі сағаттық спектакль бар. Таңғы онда басталса, кешке онда бітеді. Тамағы ішінде, төрт антрактен тұрады. «Дю солей» деген Мнушкинаның театры бар. Онда бес сағаттық спектакльдер бар. Сонда «Индиана» деген спектакльді тапжылмай отырып көрдік. Мнушкинаның әкесі 1912 жылы Францияға барып, сонда тұрақтап қалған. Ал бізде екі сағаттан асып кетсе шыдамайды. Осындай тәжірибелер бар.

– Ал ойландырғаны: мен дүйсенбі күні хабарластым. Сіз «сәрсенбі сабағым бар, ертең дайындалуым керек,бейсенбі жолығайық»дедіңіз. Сіздің жасыңыздағы көп қаламгерлердің жай жиналыстың өзіне дайындықсыз барып сөйлейтінін көріп жүрміз. Сіз үшін студенттердің алдында дайындалып барудың маңыздылығы неде?

– Мен дайындықсыз сабақ өткен емеспін. Академия мұғалімдерінің көбі дайындықсыз сабақ өтеді. Менің айтатыным: «Сендер жай оқу орнын бітіріп отырған жоқсыңдар. Академияны бітіріп жатырсыңдар. Сендердің білімдерің академиялық болуы керек» деп айтамын. Жазушылыққа үйрететін ешқандай академия жоқ. Менің үйретерім – тек бағыт беру. Брехттің шындыққа жазғысы келетін адамға арналған бес қағидасы бар. Соны үйреніп алса деймін. Не жазасың, не үшін жазасың, кім үшін жазасың, қалай жазасың, цензура. Цензурадан да айналып өтуді Брехт үйретіп кеткен. Реформатор ғой. Театр саласында реформаторлар көп емес.

– Қазіргі жастар қандай, аға?

– Ылғи да жақсысыңдар деп айта бермеймін. Оларды оятып, түртіп отыруым керек. Бірақ қашықтан оқыту деген қиын екен. Суретке қарап отырып сөйлегендей боласың. Бұрын қарсы қарап сабақ бергенде бәрі көз алдыңда тұратын.

Қазір студенттеріме бес тақырып беріп, бір дүние жазып келіңдер деп тапсырма бердім. Мақала, әңгіме бола ма, этюд бола ма. Келесі аптада соларды тыңдаймын. Мен берген тақырыпқа қатып қалмаса болады. Қазір жастар біздің стильде жазып жүр. «Сендер XXI ғасырдың драматургі боласыңдар, бола қалсаңдар. Ойларың басқа, махаббаттарың басқа, өмір сүрулерің басқа. Жаңа дүние жазып әкеліңдерші. Мен түсінбейтін пьеса жазып әкеліңдер. Форма, стиль жағынан. Мен түсінуге тырысайын. Түсінбесем сендерден сұраймын» деймін.

– Сіздің пьесаларыңызды қазақ театрларынан гөрі орыс театрлары жақсы қоя білгендей көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Дұрыс айтасың. Ол баяғыдан келе жатқан өзімнің ойым ғой. Қазақ театрына өкпелеудің реті жоқ. Әуезов театрына ризамын. Екі жақтың театрының жұмыс істеу реті екі бөлек. Біздің театрлар драматургпен жұмыс істей алмайды. Біздікілердің жұмыс істеуі – қысқарту ғана. Өз жанынан сөз қосу. Ол болмайды. Әуезов театрында «Жүз жылдық жалғыздықты» қойғанда қиын болды. Екі рет жауып тастадық. Егер қысқартып, өз жандарынан сөз қосатын болса, онда өздері жазсын.

Лермонтов театры «Торды» қойғанда қалай болды? Бірінші қабылдап алды. Екінші режиссердің жоспары жасалды. Әр сөз, әр сөйлемді қарады. Біздің режиссерлер жалқау, ондайға бармайды. Біз Андриасянның дачасына барып, екі күн бойы әр сөзге шұқшидық. Түрлі-түсті бояумен сызып отырып қарады. Содан кейін актерлерді дайындады. Кейін қойды. Спектакль жақсы шықты. Ал Әуезов театры «Жүз жылдық махаббатты» қойғанда бірінші көріліміне барсам, Брюсов орысша сөйлеп жүр. Онда да менің жазғаным емес. Танымай қалдым. Асанәлі көркемдік жетекшісі, жылы сөйлеп, қабылдап жіберейін деп тұр. «Асеке, алдымен мен сөйлейін. Көзіміз тірі. Драматург деген атымыз бар. Неге мені шақырып алып, бір ауыз сөйлеспейді? Бұл қалай? Театры екі рет қоямыз деп көп шығынға батқан екен, осымен қояйық» деп едім, бәрі жалынып, ақыры ескертпелерді түзеп, шығарды.

Станиславскийдің өзі Чеховты түсінбеген. Тіпті «драматург емес» деген. Немерович-Данченок екі күннің бірінде айтып, құлағына сіңіріп жүріп түсіндірген. Ақыры «Шағаланы» қоюға рұқсат алған. Орыс сахнасына мүлде бөлек драматургия, интеллектуалды драматургия келгенін айтқан. Сөйтіп, «Шағаланы» қойғанда бірінші рет дұрыс шықпайды. Екіншісінде барып режиссерлік кілті табылып, көрерменнің махаббатын иеленіп, әлемге шарықтап кетті. Қазір әлемдегі ең көп қойылатын драматург – Чехов.

Режиссердің шешімі дұрыс болмағанда, актер ойыны шынайы болмағанда тіпті достарының өзі Чеховқа келіп: «Драматургияны қойсаңызшы. Сіздің әңгімелеріңіз керемет қой, ал драматургия сіздің жанрыңыз емес» дегенді естігеннен кейін Чехов, өзі аурушаң адам, ауырып Ялтаға кетіп қалып, неге екенін білмеймін, 700 депті. «Енді 700 жыл жасасам да, драматургияға қайтып оралмаймын» дейді. Сөйтеді-дағы, соңында «Шиелі бақты» жазады. Міне, жанрмен ауырған адам жазбай қоймайды.

Сіздің жанрыңыз қалай ауысты, аға?

– Драматургияға ауысқаным, өйткені мен отырып-отырып роман жазсам, ол мың, екі мың таралыммен оқырманға жетем дегенше, пьеса жазсам, ол сахналанса, көрерменмен бірден контактіге барасың. Білесің. Оқырманнан гөрі көрермен көз алдыңда. Маған сол қызықтау және перспективасы бардай көрінеді. Мен кітап жазамын. Мылқау адам сияқтымын. Оны біреу оқып жатыр ма, мазақтап жатыр ма, мадақтап жатыр ма – білмейсің.

Алғашқы пьесаңыз қалай қойылды?

– Алғашқы пьесам «Ректордың қабылдау күндері» деп аталады. Оны желкелеп отырып жаздырған – Оралхан Бөкей. Оралхан ол кезде Әуезов театрына «Құлыным меніңді» қойғызып, жап-жас кезінде аты шығып тұрған. Ол кезде жастардың пьесасын қою сирек еді. Алғашында Әуезов театрында Оралханның пьесасы қойылады дегенде сенбедік. «Сенің пьесаңды қойғалы жатыр ма?» деп сұрасам, «Қойса қайтеді? Мен осылардан кеммін бе, не?» деді. Өзі солай сөйлейтін еді. «Өй, сені басқалардан кемсің, мықтысың деп тұрған ешкім жоқ. Қойылайын деп жатқаны рас па?» деймін. «Рас».

Өзі әлек болды. Күнде ЦК, күнде комсомол. Спектакльді жауып тастайды, қайтадан ашады. Бүкіл театрдың өзі дүрбелеңге түсті. «Бүйтіп пьеса жазғанда, прозаңды жазып жүре берсеңші» деймін. Ақыры премьераға жеттік. Бардық. Көрдік. Жақсы шықты. Бірден резонанс алды. Бүкілодақтық театр журналына жарияланды. Кейін театр журналы дөңгелек үстел өткізді. Сонымен кімсің, Оралханмын боп шыға келді. Бір күні маған: «Сен де пьеса жазсаңшы. Мені ғана сынай бермей, саған да ауыссын тым болмаса» деп күлді. Мен ондай қайда деп қашам. «Сенің шығармаларыңның бәрі пьесаға келеді» дейді. Содан жүрдім да, «Ректордың қабылдау күндері» деген пьеса жаздым. Құданың құдіреті, жолы болып кетті. Шымкент театры қойды. Кейіннен Өскеменнің орыс театры қойды. Бүкіл театрларға тарады. Оралхан жүр: «Айттым ғой, жақсы», – деп. Содан кейін Лермонтов театры актерларының орындауында телевидениеге шықты. Екі күн жүрді. Ол сенсация болды. Осыдан кейін Оралхан: «Маған рақмет айтуың керек. Жүретін едің әйтпесе», – дейді. Солай, соның желкелеуімен бірінші пьесам шықты. Екінші пьесам – «Әпке». Ары қарай драматургияға араластық та кеттік.

Ол кезде драматургияға араласудың стимулы болды. Кітабыңды жұрт оқыған-оқымағанын білмейсің. Мұнда бір күнде мыңдаған көрерменмен тікелей байланысқа түсесің. Әсерлерін көресің, біреуі күліп, біреуі жылап отырады. Күнде аншлаг. «Әпкені» жұрт қатты көрді. Бәйтен Омаровтың қойған жақсы дүниелерінің бірі болды.

Осы кездерге дейін жүрді ғой. Біз көрдік...

– Иә, қайтадан қойып жатты. Бірақ баяғы актрисалардай болу қайда? Фарида Шәріпова әпкені ойнағанда, қандай!

Қазір театрға жастардың өмірін шығару керек шығар, аға? Сіздер үлкенсіздер. Сіздерді емес, жастарды қою керек шығар...

– Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ. Қазір мүмкіндік мол. Жастардың өміріне арнап, мен тек «Әпкені» ғана жастарға арнадым.  Жастардың өмірін енді жастардың өзі жазуы керек.

Жаңағы Оралхан сияқты біреу келу керек шығар деймін...

– Ондай жастарды мен тәрбиелеп жатырмын. Қолғанат деген менің шәкіртім бар. Бірнеше пьесаның авторы. Қазір кей конкурстардың қазылар алқасында төраға болып жүр. «Орбұлақ» фильмінің сценарийін жазды. Көкшетау театрында, Әуезов театрында пьесалары қойылды. Тұңғышбай Жаманқұлов соның пьесасымен «Қуыршақ» деген спектакль қойды.

Тұрсынжан Шапайдың «Дулат Исабеков ағамызға барсам, екі анекдот шығарып қойыпты» деп жазатыны бар. Екі мыңыншы жылдардың басында «Хабар» арнасында сіздің бір сұхбатта Шахановқа қатысты айтқан анекдотыңызды талқылаған бағдарлама түсіріліпті. Осы анекдот шығару деген қалай, аға?

– Жаңа карантин кезінде біраз жұмыс істедім дегенде, осыны айтпай кетіппін. Анекдоттарымның жинағын дайындап қойдым. 46 бет болды. Бір баспалар айтып қоймады. «Осының бәрін қағазға өзіңіз түсіріңіз. Әркім әртүрлі айтып жүр» деді. Интернетке беріп едік, алам дейтін көп екен. Оны шығарып алсақ, қалай таратамыз? Ойланып отырмын. Жинақтың ішінде үлкендер де, кішілер де, замандастарым да бар. Дүкенбай, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Әбдіжәмил Нұрпейісовке дейін.

Бір анекдот айтып беріңізші...

– Әбдіжәмил Нұрпейісовті айтайын. Екеуміз астанада қатты шекісіп қалдық. Содан сөйлеспей кеттік. Сегіз-тоғыз ай бойы. Тіпті бір жиындарда кездесіп қалсақ, екеуміз екі бөлек отырамыз. Амандаспайсыз. Күндердің күні ағам қайтыс боды. Барып, жерлеп келдім. Бір екі-үш күннен кейін Әбекең, Смағұл Елубаев, Бигелді Ғабдуллин үшеуі келіп, көңіл айтты. Ештеңе деген жоқпыз. Келіп төрге отырды. Әбекең үлкен ретінде сөз бастауы керек. Сондағы айтқан сөзі: «Сенімен сөйлеспегелі сегіз-тоғыз айдың жүзі болыпты. Қалғандарының біреуіне көңілім толмай жүр. Сенің орның бөлек екен. Енді сенімен сөйлеспейтін шығармын деп жүр едім, ағаңның қайтыс болғаны қандай жақсы болды», – дейді. Күлесің бе, жылайсың ба?

Төлен ЦК-да. Қит етсе Төленге хабарласамыз. Әсіресе ұшаққа билет алатын кезде, ол уақытта билет табу қиын. Бір күні маған Өскемендегі орыс театрының бас режиссері Парышев хабарласты. «Дулат, сенбіге қойған премьера жұмаға ауысатын болды. Сен тез жет», – деді. Жұма деген ертесіне. Дереу Төленге хабарласып: «Төке, тығыз шаруа болып қалды. Маған билет керек, Өскеменге» дедім. «Құжатың мен ақшаңды әкеп таста» деді. Ұшып барып, бәрін апарып бердім. «Қашан хабарласайын?» деп ем, «түстен кейін хабарлас» деді. Түстен кейін өзі хабарласып: «Келіп билетіңді алып кет» деді. Шауып барып: «Ой, айналайын, ақ шалым», – деп, билетті алып қарасам, Шымкентке алып қойыпты. «Өй, Шымкентке емес, Өскеменге керек еді» десем, «Сен Шымкенттің жігіті емессің бе?» дейді. «Шымкенттікі болсам, тек сол жаққа бара берем бе?» дедім. «Шынымды айтсам, Шымкенттен басқа жаққа билет болмады» дейді. «Билет бар жаққа ұша берсем не болады?» деп ашуландым. Содан, әйтеуір, әуежайға барып, сол жақтан ұшып кеттім. Соны Бексұлтанға айтсам, «үй, соны қойшы» дейді. «Не боп қалды?» «Өткен жолы мен Петропавлға ұшатын болдым да, «ақшаң мен құжатыңды әкеп таста» дегеннен кейін апарып тастадым. Билетті алып кетуге барсам, баруға билет жоқ, қайтуға ғана алыпты. «Әй, ит-ау, мен бармасам, ол жақтан қалай қайтам?» десем, «Билеттің барын алып қояйын дегем ғой, бір бәле ғып жетерсің» дейді». Міне, бізге Төленнің жасағаны (күліп).

Достықтарыңыз қалай басталды?

Төлен екеуміз жатақханада бірге жаттық. Олар менен бір курс жоғары оқыды. Шығармашылық табыстырып кетті ғой. Әңгімелеріміз шығып, ананы оқыдық, мынаны оқыдық деп араласып кетті. Бексұлтанмен кейіннен табыстық. Ол сырттай оқыпты. Комсомолға инструктор боп келді. Содан кейін бәріне қолын бір сілтеп, «Жалын» журналына келді ғой. Содан кейін барып, араласып кеттік. Содан бері үшеуміз біргеміз. Әлі келе жатырмыз. Ол туралы да анекдот көп.

Қандай?

Ол кезде үйге түн жарымынсыз келмейміз. Астымда машина. Өз қатарластарымның ішінде бірінші боп көлікке міндім. Ол кезде «Гауһартастың» гонарарын алғам. Машинаның қызығын солар көрді ғой. Иттің балалары-ай, бір бензин құяйық демеді ғой (күліп). Машинамыз тоқтап қалады, итереміз, жаңбырдың астында қаламыз. Анда кетеміз, мұнда кетеміз. Үйге де айтылатын сылтауың таусылады. Бір күні Бексұлтан есіме түсті. Онымен жаңадан танысып жүргем. Бір кешігіп келгенде: «Бексұлтан деген жігітпен танысып едік. Қиын екен. Бір жерге барып, жігіттермен арақ ішіп едік, машинаға отырып құсты. Үйіне апарып, әрең дегенде әйеліне табыстырдық» деймін. Осылай қайталана берді. «Бексұлтанмен тағы бір жерге барып едік, тағы да машинаға құсып, әрең апардық» деймін. Әйелім: «Өзі ішсе құса бере ме?» дейді. «Білмеймін. Жүз грамм ішсе құса беретін бірдеңе болыпты. Ылғи да үйіне апарып тастаймын». «Өй, ондаймен таныспаңдар, аулақ жүріңдер» дейді. Содан бір күні үшеуміз осында тұратын бір жігіттің кітабы шығып, үйіне шақырды. Мен рульдемін. Бексұлтан әйелсіз барған. Сол жақта да ел бар ғой деп. Төлен әйелімен. Тамақ ішіп отырмыз. Арақ құйылды. Менің әйелімнің екі көзі Бексұлтанда. «Анау ішіп жатыр» деп (күліп).

– Набоковтың «Флоберсіз Францияда Пруст, Ирландияда Джойс болмайтын еді» деген сөзі бар. Егер осы жазушылар болмаса, Дулат Исабеков деген жазушының болуы неғайбіл еді дейтін қаламгерлер бар ма?

Ең бірінші – орыстың ұлы жазушыларының бірі Гончаров. Мен оны классик деп жүрген адамнан биік қоямын. Тоғызыншы сыныпта Гончаровты түгел оқып біткен болатынмын. Сол мені жазушылыққа итерді. Соның стилінде біраз әңгіме жаздым. Бірақ оным сәтсіз болды. Қазір үйімде жатыр.

Ең алғаш қиялымды аспанға көтерген – баяғы «Мың бір түн». «Мың бір түнді» оқу керек. Қиялдауға үйретеді. Күннің сәулесі азайып қалғанда тамның төбесіне шығып оқитын едім. Жарық болатын.

Кейіннен Достоевский. Бұл жазушыға мен екі келіп, екі кеткен адаммын. Бірде одан басқа маған үлгі тұтатын классик жоқ болып көрінді. Кейде көзқарасымыз келмей қалатын. Өзі Шоқанмен дос болып жүріп, қазақ халқына көңіл аудармағанына ренжідім. Шоқанға да ренжідім. Неге екеуі хат жазысып жүріп, қазақ халқы туралы айтпаған? «Өлі үйдегі жазбалар» деген романында қазақ туралы ешқандай сөз жоқ. «Ертіс өзені ағып жатыр. Ар жағында түземдіктер тұрады» дейді. Осы сөзден кейін мен Достоевскийден кетіп қалдым. Қалай екеуі қазақ мәдениеті туралы айтпаған дейін… Кейін, бірақ ұлы жазушы, оған қайтып келуге тура келді. Куприн, Бунин, Толстой – оларды аттап өте алмайсың. Бұлардың бәрі Құдаймен тілдесетін жазушылар ғой.

— Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Тегтер: