Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 04 Сәуір 2022

Жасыл белдеу: Тараздықтар бір күнде 7000 көшет отырғызды

None
None

Көктемгі дала жұмыстарын әдетте шаруалар арық-атыздарды тазалаудан, ал қала тұрғындары аулаларын абаттандырып, тал-терек отырғызудан бастайды.

  Оның үстіне облыс орталығында «жасыл белдеу» қалыптастыруға жергілікті әкімдік ерекше қолдау көрсетуде. Биыл да сол үрдіс жалғасып, «Менің қалам – менің аулам!» акциясы аясында қала тұрғындары бір күнде 7000-нан астам көшет отырғызды.

Игі істің басынан қала тұрғындары соның ішінде қоғам белсенділері, мұғалімдер мен еріктілер табылды. Олар үй іргелеріне, аулаларға, сондай-ақ көше бойына көшет отырғызып, қаланың гүлденуіне өз үлестерін қосты. Осы күні ағаш отырғызудың үрдісін сақтап, саябақ пен үй ауласына балаларын ерте шыққан тұрғындар да аз болмады. Сабалақов көшесіндегі облыстық көпбейінді аурухананың маңына мекеме қызметкерлерімен қатар көше тұрғындары да жиылып, жұмылып 200 түп қарағаш екті. Перенеталдық орталықтың маңындағы жасыл желекті суарып, күтіп-баптау енді көпбейінді аурухана қызметкерлерінің құзырында. Қаладағы №2 аумақтық-округте орналасқан мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлерге округ басшысы Ескер Бұралқиев әкімдіктен бөлінген талдарды үлестіріп, ағаш отырғызатын аумақты қазуға жәрдемдесіпті. Акцияда қаладағы №15 ықшамауданның №1, №5 және №25 үй тұрғындарының сұранысымен аулаға 152 түп тал жеткізілген. 

– «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тағылымды сөз бар. Енді сол міндетімізді орындау қажет екенін ескеріп, жергілікті әкімдіктел тал сұраттық. Тал отырғызудың да тәсілдері бар. Бүгін көршілер балаларымен тысқа шығып, көшетті қалай отырғызатынын көрсетіп, білгенін айтып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығы меніңше, осы тал отырғызудан басталатын секілді. Өз ауламыз болған соң, жасыл желекті күтіп баптау да біздің мойнымызда. Ерекше күтімді қажет ететін ағаштарды жиі суарып, түбін қопсырудың маңыздылығын ескеріп подъездердің алдына отырғызып жатырмыз. Демалыс күні бастаған игі ісіміз балаларға үлгі болады деп есептеймін. Олар есейгенде осы сәмбі ағаштар тамырын тереңге жайып, ерекше құлпырыпып тұрғанынының өзі бір бақыт емес пе, – дейді қала тұрғыны Абай Өміртай.

Осы күні «Aulieata-media» холдингінің ұжымы  облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай 100 түп терек отырғызды. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына медиахолдингке қарасты «Знамя труда», «ARAI» жастар газетінің ұжымы да келіп қолдау көрсетті. Сонымен қатар ғасыр жасаған басылымның Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбаев, Қуаныш Иембердиев, Болат Жапаров, Баймахамбет Ахметов бастаған аға журналистері кейінгі толқынмен емен-жарқын жүздесіп, газеттің өткен жылдарын тебірене еске алды.

– «Aq Jol» газетінің 100 жылдық торқалы тойы жыл басынан бері кең көлемде аталып өтуде.  Мерейтойдың жалғасы болған бүгінгі акцияға шөберемді ерте келдім. Қарап отырсам, ата газетте Тараз қаласына алғаш келген жылдан бастап еңбек етіппін. Одан кейін де 52 жыл зулап өтті-ау. Сол аралықта талай дүниені ізденіп, байыбына жеттік. Газеттің 50 жылдығын тойлағанымыз күні кешегідей есімде. Оған Қазақ КСР Жоғары кеңесі президумының төрағасы Ниязбеков дейтін кісі қатысып, газетімізге «Құрмет» орденін табыстаған. Сол замандастардың ішінде көзі тірі ағалар азайды. Бас редакторымыз болған ардагер журналист Баттал Жаңабаевтың ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.  Бүгін газеттің бұрынғы және қазіргі ұжымы жиылып ағаш отырғызып жатырмыз. Енді оны қала әкімдігінің тиісті бөлімдері «Aq Jol» газетінің ұжымы қамқорлығына алып, күтіп баптауды қолға алып отыр,– жазушы, драматург, газеттің ардагері  Елен Әлімжан.

 Сөзі дуалы ағалар журналистика саласында еңбек етіп жүрген әріптестеріне табыс тілеп, батасын беріп жатты. Артынша қала әкімі Ержан Жылқыбаев бастап «Aulieata-media» холдингінің директоры Нұрбек Бекен, «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен бірлігі жарасқан ұжым және сала ардагерлері жүз түп ағашты ырымдап отырғызды.

 – Шаһарда «Менің қалам менің аулам» атты акция өтуде. Мұндағы негізгі мақсат – қала тұрғындарын тазалыққа шақырып, көктемгі ағаш отырғызу маусымына тарту болды. Бүгін әр аумақтық-округте күн санап көркейіп келе жатқан қаланың тазалығына бейжай қарамайтын жанашыр жандар шықты деп ойлаймын. Қаладағы ықшамудан, аула, көшеге еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін шығып, акцияға үн қосуда. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын қаланы көгалдандыруға ақша бөлінеді. Дегенмен осы жолы әр тұрғын өзі отырғызған талдарына жанашырлықпен қарап, балаларына үлгі көрсетсе деген ой келді. Біз мейлінше көшетке ұсыныс берген үйлерге талдарды жеткіздік. Бүгін міне ақпарат саласында өзіндік орны бар қабырғалы газетіміз «Aq Jol»-дың 100 жылдығына орай «Aulieata-media» холдингімен 100 түп ағаш отырғызуды бастадық. Бұл да бір жақсылықтың нышаны деп білемін. «Тазалық таза жерде емес, тазалықты сақтаған жерде болады» деген. Сондықтан қала тұрғындарын алдағы акцияларға бір кісідей атсалысуға шақырыамын, –деді Ержан Жұматұлы.

Енді «Жеңіс» саябағында «Aq Jol» газетінің де жасыл белдеуі пайда болды. Сондықтан теректер тамыр жайып, өскенше басылымның қызметкерлері осы маңға жиі көз қырын сала жүрмек.

  Акция барысында тұрғындар Әл-Фараби көшесінің бойына, №1 көпбейінді аурухана аумағы мен «Астана» мөлтек ауданына 300 тал отырғызды. «Есенин» скверіне, Сүлейменов көшесі бойына, «Төңкөріс», «Телеорталық» тұрғын алқаптарына және Абай даңғылының бойына 300 дарақ егілді. «Барысхан» тұрғын алқабы, Құрманбетов, Қызылқайнар, Қуанышбаев, Алматы көшелерінің тұрғындары 300 тал отырғызды. Сонымен қатар «Әулие бұлақ» аумағына, «Қарасу» мөлтек ауданына да 300 көшет егілді. Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі тұрғын үйлердің алды 300 тамыр жайды. «Қарасу-2» каналының бойы мен «Самал» мөлтек ауданында 200 тал отырғызылса, «Бәйтерек» ықшамауданы және №3 лицей мектеп аумағына 500 көшет егілді. Бұл қатарда  500 талмен толыққан «Арай-2» ықшамауданы, «Арай» алқабы бар.  Игі шарада қаланың шет аймақтары да назардан тыс қалмады.  «Шалғай Қарасу»,«Көлтоған» шағын аудандары, «Көктем» тұрғын алқабы, «Тайвань» аумағында тұрғындар 2000 астам тал-терек отырғызды.

Тегтер: