Жасыл экономика орнықты дамып келе ме?
Жаңартылатын энергия, инновация және жасыл қаржыландыру. Қазіргі заманға сай біз қолданысымызға енгізген бұл жүйе Қазақстанда орнықты дамып келе ме?
! Жасыл экономиканың Қазақстан үшін маңыздылығы неде?!
Деректерге жүгінсек, бүгінде Қазақстан жасыл экономиканы дамыту тұрғысында 76 мемлекеттің ішінен 33-орынға ие болып, әлем бойынша 4,9 балл жинады. Көшбасшылардың бестігіне – Исландия, Дания, Норвегия, Франция және Ирландия. 2030 жылға қарай Қазақстандағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жеткізіледі. Қазірде үкімет осы үлесті көбейту мақсатында жұмыстар істеп жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2020 жылғы жағдай бойынша бұл көрсеткіш елдегі жасыл экономиканың үлесі 3 пайызды құрады, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6 пайызға жетті. Ендігі кезекте 15 пайызды бағындыру межесі тұр.
2021 жылы елдегі жасыл энергияның үлесін арттыру мақсатында жаңа экологиялық кодекс қабылданды. Бұл құжат кәсіпорындардағы өндірісті жаңғыртуды көздейді. Тәжірибеде ең жақсы және қолжетімді технологияларды пайдалану арқылы энергия көздерін дамыту, экономиканы жасылдандыру жоспарланған.
Сондай-ақ аталмыш құжат бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, өндірістегі жаңартылатын энергия көздерін ұлғайту, газ электр станцияларының үлесін 20,2 пайыздан асыру, орталық ауыз су жүйесіне тұрақты қолжетімділікті арттыру да мақсат-міндетке еніп отыр.
Жалпы, халықаралық сарапшылар да отандық сарапшылар да Қазақстанның жасыл экономиканы дамытуға деген қадамдарын оң бағалап отыр. Эколог Мақсат Мамыровтың айтуынша, бүгінде елде жасыл экономика орнықты дамуға ұмтылып келеді. Қазіргі бастама дұрыс. Болашақта халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, сауатты жұмыс істейтін болсақ, жасыл энергияның елге берері мол.