Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:03, 13 Сәуір 2023

Жасыл экономика: Теңіз кен орнындағы қалдықтарды басқару жүйесі жетіле ме?

None
None

«Теңізшевройл» (ТШО) қалдықтарды басқару саласындағы қазақстандық компаниялардың тәжірибесімен және соңғы жетістіктерімен алмасу, әлеуетті қызмет көрсетушілерді зерделеуге және қалдықтарды кәдеге жарату әдістері бойынша халықаралық тәжірибені игеру мүмкіндіктерін қарастыруда.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясат департаменті, Қазақстан Республикасы және Атырау облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «Жасыл экономика» заңды тұлғалардың Еуропа-Азия қауымдастығы, «KazWaste» Қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы, шетелдік компаниялар, сондай-ақ меншік иелері мен өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру бойынша қызмет көрсететін мамандандырылған кәсіпорындардың басшылары осы мәселе бойынша күзде арнайы форум да өткізген болатын.

Форум аясында Экология министрлігінің мамандары өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару саласында қызмет көрсететін кәсіпорындарға қолданылатын қолданыстағы экологиялық заңнаманың талаптары туралы, ал ТШО мамандары компанияның әлеуетті бизнес серіктестеріне қойылатын ішкі талаптары туралы айтты. Қауымдастық өкілдері қалдықтардың жекелеген түрлеріне қатысты ұлттық стандарттар талаптарын түсіндірсе, шетелдік компаниялардың өкілдері өндірістік және тұтыну қалдықтарын басқарудың халықаралық тәжірибесіне тоқталды.

Атырау облысының экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов:

  • Барлық сала мамандарын қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуге және қолжетімді озық технологияларды белсенді енгізуге шақырамын. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен өңдеуші компаниялар туралы ақпарат алдық, сонымен қатар қазақстандық компаниялардың мүмкіндіктерін зерттейтін боламыз. Қажет болса, заң талабы бойынша тексеру жүргіземіз. ТШО қазірдің өзінде қалдықтарды өңдеумен айналысады, бірақ мұнымен тоқтап қалмай, үздік технологияларды енгізуді көздеп отырмыз, – дейді.

«Теңізшевройл» бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов:

  • Қалдықтарды басқару Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, «Теңізшевройл» компаниясы қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштерін үздіксіз жақсартуға ұмтылады. Бірлескен жұмыс арқылы ғана біз қалдықтарды барынша қайта өңдеу мен қайта пайдалануға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, экономикалық белсенділікті ынталандыруға, сондай-ақ жоғары сапа стандарттарын енгізуге қол жеткізе аламыз. Мұның барлығы Қазақстан экономикасының осы секторында мықты құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді, – деді.

Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 160 шақырым жерде орналасқан Теңізде өнеркәсіп кешені мен жүзге жуық вахталық лагерь бар, онда Қазақстанның әр өңірінен мыңдаған жұмысшылар тұрады. Кәсіпорынның өндірістік қызметі мен онымен байланысты инфрақұрылымының нәтижесінде әртүрлі қалдықтардың 63 түрі түзіліп, оның 35-тен астамын өз бетінше немесе үшінші тұлғаларды тарту арқылы сәтті өңдеуге мүмкіндік бар. 2015-2022 жылдар аралығында үшінші тұлғалар өңдеуге өткізген қалдықтардың көлемі 700 000 тоннадан астамды құрады. Соның ішінде қалдықтарды өңдеуге үлкен көңіл бөлінуде. Мысалы, 2016 жылдан 2022 жылға дейін 2259 тонна пластикалық бөтелкелер қайта өңдеуге жіберілді, одан пластик пен ПЭТ түйіршіктері арқылы басқа тауарлар өндірілді. 5 861 тонна қағаз бен картон орау материалдары мен басқа да тауарларды өндіруге бағытталса, 99 542 тонна бетон қалдықтары құрылыс материалы ретінде пайдаланылады немесе үшінші тұлғаларға беріледі.

Барлық өндіріс орындарында, лагерьлерде және ТШО-ның басқа да нысандарында қалдықтарды санаттар бойынша бөлуге арналған түсті кодталған арнайы контейнерлер орнатылды: пластикалық бөтелкелер, картон, кеңсе қағазы, шыны, сапасыз металл және т.б.

Кен орнының өндірістік және әкімшілік аумақтарынан түзілетін барлық қалдықтар қалдықтарды өңдейтін компанияның «хабы» болып табылатын Теңіз эко орталығы (ТЭО) нысанына тасымалданады. Шамамен 100 га аумақта қалдықтар қауіпсіз қабылданатын, таратылатын, уақытша сақталатын және кәдеге жаратылатын осы заманауи көп функциональды қалдықтарды басқару нысаны 2004 жылы пайдалануға берілді.

Қайта өңдеу көлемін одан әрі кеңейту үшін ТШО әлеуетті жеткізушілер нарығын үнемі бақылап отырады және қалдықтарды басқарудың қолжетімді әдістерін зерттейді. Компанияның бұл күш-жігері қалдықтарды басқаруда бұдан да маңызды көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді және Қазақстан үкіметі белгілеген «Жасыл» қағидаттарды қолдауға елеулі үлес қосады, осылайша Қазақстанның нормативтік талаптарын және халықаралық талаптарды сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл процеске қатысушылардың барлығының қажетті біліктілік пен құзыреттілік болуы өте маңызды. ТШО қауіпсіздік мәдениеті, үздіксіз жұмысы, шығындарды басқару дағдылары бар және сапалы өнімдер мен қызметтерді, бәсекеге қабілетті бағаларды және инновациялық бизнес шешімдерін ұсынатын тұтынушыға бағытталған жеткізушілермен берік іскерлік қарым-қатынастарды дамытуға және қолдауға ұмтылады. ТШО орнықты дамуға белсенді үлес қосатын тұрақты жергілікті компаниялар экономикаға, қоғамға және тұтастай алғанда елге пайдалы деп санайды.

Тегтер: