Жасыл экономика және жаңартылатын энергетика: Қазақстанда не өзгеріс болады?
Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форум қатысушылары алдында бейнеүндеу жасады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлем алдында тұрған өзекті мәселелерге мән берді. Оның пікірінше, COVID-19-ға байланысты қазіргі жағдай мен Украинадағы оқиғалар әлемдік экономиканың жікке бөлінуіне себеп болды, әлемдік экономика енді еуразиялық құрлықтағы жаңа геосаяси стрестік сынаққа тап болып отыр.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының президенті еліміздің қоршаған ортаны күзетуге күш салып, әлеуметтік сала мен корпоративтік басқаруға (ESG) басым мән беретінін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан мемлекеті әлемдік нарықтарға тауар, шикізат және ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз жеткізу мәселесінде аса сенімді серіктес болып қала бермек.
«Жасыл» экономиканы дамыту, энергетикалық тиімділікті арттыру мен жаңартылатын қуат көздерін көбейту – Қазақстанның Төмен көмірсутекті дамыту Стратегиясында басым бағыт болып, ол 2060 жылға қарай шығарындының нөлдік деңгейіне жеткізетін оңтайлы жол болады, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дөңгелек үстел жұмысына әлемдік ірі инвестициялық компаниялар, коммерциялық емес сектор мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқанын айта кетейік.
Жалпы, «Жасыл» экономика, Қазақстанды жасылдандыру қазірде өзекті мәселе. Дамыған және дамушы елдердің дені бұған қатысты еліміздің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Соған орай Қазақстан да «Жасыл» экономиканы дамытуды ұлттық жобалар сапына енгізіп «Жасыл Қазақстан» жобасын қолға алды.
Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат халықтың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау.
Экологиялық жағдайды жақсарту, атомосфералық ауа сапасын оның ішінде өндіріс қалдықтарын залалсыздандыру, қалдықтармен тиімді жұмыс істеу ұлттық жобаның басты мақсаты мен міндеті.
Бұдан бөлек Балқаш көлі мен Солтүстік Арал мәселесін назарда ұстау, бұл аймақтарды жасылдандыру, жасыл желекетер егу, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарау да ұлттық жобаның еншісінде.
Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы болғандықтан қазірде бұл аталған жұмыстар бойынша іс-шаралар басталып та кетті.
Аталмыш жобаны іске асыру барысында 61043 жұмыс орны құрылады. Осы арқылы халықтың табысын арттыру да көзделіп отыр. Сарапшылар «бұл жоба аясында орман алқаптары көркейіп, еліміздің жасылдану көрсеткіші өседі» деседі.
Эколог Жандос Сайлауғазының айтуынша, жасыл экономика, жаңартылған энергия Қазақстанның болашағы үшін қажет. Күн мен желден энергия алу, орман алқаптарын көркейту, ауа сапасын көтеру қазір әлем бойынша өзекті мәселе.
— «Жасыл экономиканы» дамыту қай кезде де ауқымды, қажетті дүние. Бұгінде әлем елдері күн мен желден энергия алу, экологиялық ахуалды жақсарта отырып халықтың әл-ауқатын көтеру жайына қатты мән бере бастады. Осы үдеден Қазақстан да қалмай көш түзеп келеді. Бұл экономикалық жағынан да, экологиялық тұрғыдан да маңызды жоба. Сондықтан маман ретінде Қазақстанның бұл саладағы қадамдарын оң бағалаймын,-дейді.
Осылайша сарапшылар Қазақстанның жасыл экономикадағы қадамдарына нық сенім артып отыр.