«Жасыл экономиканы» дамыту қарқыны артып келеді
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін салу жобалары ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Ивестициялық жобалардың бірыңғай пулына енгізілді.
Бұл пулға елімізде жүзеге асырылып жатқан және асырылатын барлық инвестициялық жобалар кіреді. Қазір пулға жалпы сомасы 24,4 триллион теңгені құрайтын, 112 мың жаңа жұмыс орнын ашатын 765 жоба енген.Бірыңғай пулға жаңартылатын энергия көздері саласының жобалары енді. Олар – Ақтөбе облысында ENI/General Electric компаниясы жүргізіп жатқан 48 Мвт-тық жел электр стансасы құрылысының екінші кезегі, ШҚО, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы жаңартылатын энергия көздерінің бес жобасы. Мұның бәрі Қазақстанның «жасыл экономиканы» дамыту жолында жоспарлы жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетеді.2022 жылдың басындағы деректерге сай, Қазақстанда ортақ қуаты 2010 Мвт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 134 нысаны жұмыс істейді. Өткен 2021 жылы күн электр стансалары, жел электр стансалары, биогаз станциялары мен шағын су электр стансаларының өндіріс көлемі 4 220,3 миллион кВт-сағатты құраған.2022 жылғы 14 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Энергетика министрлігі, «Полиметалл Евразия» ЖШС, «KEGOC» АҚ және «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы» ЗТБ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздері мен маневрлік қуаттардың үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстанда полиметалл компаниялар тобының жаңартылатын энергия көздері жобаларын қолдау және ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойды. Қол қойылған құжат жаңа электр станцияларын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған.Polymetal халықаралық алтын өндіру компаниясы да жасыл энергетиканың дамуына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Компанияның Абай және Қостанай облыстарындағы жобасы бес жыл ішінде жиынтық қуаты 39,6 МВт екі күн электр станциясын және қуаты 40 МВт бір газ-поршеньді маневрлік электр станциясын салуды көздейді. Инвестициялардың жалпы көлемі $90 млн-нан асады. Жаңа жасыл генерация Қазақстанға жылына 63 млн кВтсағ таза электр энергиясын қамтамасыз етеді.– Жобаларды іске асыру Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ «жасыл» электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.«Құрылысы жоспарланған нысан, бір жағынан, ЖЭК дамытуға және жаңа күн станцияларын салуға, ал екінші жағынан, ЖЭК генерациясының тұрақсыздығын түсіне отырып, елдің энергия жүйесіне теңгерімсіздік проблемасын шешуге көмектесетін жаңа маневрлік қуаттарды енгізуге көмектесетін бірегей жоба. Бұл тұрғыда мұндай жоба Қазақстанның электр энергетикасы тарихында тұңғыш болып табылады», деді «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.2021 жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылатын қуат көздерінің үлесі электр қуатының барлық көлемінің 3,7 пайызына дейін жетті. Бұл – 2013 жылы жасыл экономикаға көшу тұжырымын қабылдап, осы секторды белсенді түрде дамытуға кіріскен Қазақстан үкіметі үшін ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Жасыл экономикаға көшу тұжырымында жаңартылатын энергия көздерінің мақсатты индикаторы 2020 жылы 3 пайызды құрауы тиіс деп белгіленген болатын. 2021 жылдың соңында бұл тұжырымның орнын «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бақытталған тұрақты экономикалық өсім» деген ұлттық жоба басты. Бұл құжаттағы төртінші бағыт энергетика саласын дамытуды, оның жаңартылатын қуат көздері мен қуат генерациясының жаңа көздерін енгізуді көздейді. Ондағы міндет бойынша, 2025 жылы Қазақстанда жаңартылатын қуат көздерінің үлесі электр қуатының барлық көлемінің 6 пайызына жетуі тиіс.
Қазақстан үкіметі жаңартылатын энергия көздері секторына басымдық берді. Ел үкіметі 2060 жылға дейін парник газдарын шығаруды азайту және көмірсутекті нейтралдыққа қол жеткізу жағынан біршама жауапты міндеттемелер алған болатын.