Жасыл экономиканы қаржыландыруда банктер белсенді ме?

Біздің елімізде 2013 жылдан бері жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы жұмыс істеп келеді.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі – электр энергиясын өндірудің үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін арттыру. Ал енді біз бұл межені бағындыра аламыз ба, елдегі «Жасыл Қазақстан» жобасының берері қандай?
Қазақстандағы жасыл экономика драйверлерінің бірі Green Economy Financing Facility бағдарламасы болды. Geff бағдарламасының көмегімен Алматы облысында жел электр станциясын салу және пайдалану бойынша ірі жобалардың бірі – жалпы қуаты 8.45 МВт «ВЭС Нұрлы» ЖШС іске асырылды. Құрылыстың жалпы инвестициялық құны 8,7 миллион АҚШ долларын құрайды, оның 4,7 миллионы елдегі екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылды. Жоба атмосфераға шығатын СО2 шығарындыларын жыл сайын 14,297 тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.
Осылайша, еліміздегі жасыл экономикаға қатысты бұл жобаларды еліміздің екінші деңгейлі банктері де қаржыландыра бастады. Банк секторының маманы Рустам Теңізовтің айтуынша, жасыл экономика бұрынғыдан да өзекті. Қазір халықаралық қаржы институттары энергияны үнемдейтін технологияларды қолдауға баса назар аударуда.
«Жасыл қаржыландыру банктер үшін стратегиялық дамудың басымдығы болып табылады. «ЖЭС Нұрлы» жобасын табысты іске асыру – бұл жаңартылатын энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындыларын азайту жолындағы әрқайсымыз үшін үлгі», – деп түсіндірді Рустам Теңізов.
Алайда сарапшы мамандардың пайымдауынша, елдегі екінші деңгейлі банктер «Жасыл Қазақстан» жобасын қаржыландыруда әлі де белсенділік танытуы керек. Біздегі банктерде бұған қатысты өндірістік салалармен байланыс орнату тұсы әлі де кемшін.
Жалпы, әлемде жасыл экономика адамдардың әл-ауқатын арттыратын, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, сонымен бірге қоршаған ортаға және оның деградациясын болдырмауға барын салатын экономика деп түсіндіріледі. Әлемдік деңгейде эко-инновациялар мен «жасыл» технологиялардың бірнеше есе пайдалы екенін дәлелдеген. Мысалы, көрші Ресейдің, Қытайдың мемлекеттік заңнамалық және бағдарламалық құжаттарында да жасыл экономиканы қалыптастыру, жасыл технологияларды дамыту нақты көрсетілген. 2014 жылы Үлкен сегіздік пен Шанхай ынтымақтастық ұйымында да бұл мәселе көтерілді. Содан бері жасыл экономика «Ресей-Қытай басты жобасы» деп те аталып жүр. Шанхай қазірде жасыл экономиканың лидері болуға барын салуда. 2030 жылға қарай ҚХР өзінің бүкіл экономикалық моделін өзгертуі керек. Жасыл экономика схемасы 2005 жылдан бастап Еуропа елдерінде де жұмыс істей бастады. Бүгінде Еуропада «15 минуттық қала» жоспары бар. Сол он бес минут аралығында 99 пайыз азық-түлік дүкендері, демалыс орындары, көлік аялдамалары қоқыстан тазартылып, ол қоқыстар сұрыпталуы керек. Еуропа елдерінде бұл жобаларды қаржыландыруға да екінші деңгейлі банктер ықыласты. Олар қоқыс сұрыптау технологияларына, оны өңдеуге арнайы инвестор болып, өндіріс пен банк арасында тығыз байланыс орнатуға тырысады. Болашақта біздің еліміздегі банктер де осындай жобаларға қатысып, белсенділік танытып жатса қанеки...