Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:31, 24 Наурыз 2022

«Жасыл» энергияның 20 пайызы Жамбыл облысында өндіріледі

None
None

Жалпы, біздің облысымыз энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірінен саналады.

Себебі, «жасыл» энергетика саласы үшін Жамбыл өңірі – өте қолайлы аймақ. Оны зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр. Сәйкесінше, облыста жаңартылған энергия көздерін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде өңірде 13 баламалы энергия көздері жұмыс істейді десек, олармен еліміздегі күн, жел және су арқылы алынатын электр энергиясының 20 пайызы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті зор және     оны толық көлемде пайдалану қажеттігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Елімізде алғашқы болып өндірістік жел электр стансасы Қордай ауданында іске қосылғанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, Талас және Сарысу аудандарында да желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына алты метр және одан да жоғары болады.

– Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Осы орайдағы еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастырып, инвесторлар тарту қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар. Бізде облыстың энергетикалық әлеуетін іске асырудың ауқымды жоспары болуы тиіс, – деген болатын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына барған бір сапарында.

Қазақстан Үкіметі еліміздің энергия жүйесіндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша батыл міндеттер қойып отыр. Бұл бойынша мақсатты көрсеткіш бекітілген: оны 2020 жылы 3 пайызға, ал 2030 жылы 10 пайызға жеткізу. Ал Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және оның серіктестерінің қолдауымен салынған Жаңатас жел электр стансасы болса өзінің толық қуатында іске қосылуы арқылы ел билігі қойған осы міндеттердің орындалуын жылдамдатты, мемлекеттің одан әрі көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан жаңартылатын энергия өндірісіне көшуіне ықпал етті. Әулиеата өңірінде, қарт Қаратаудың белінде қазығы қағылған бұл жоба жыл сайынғы көмір қышқыл газы шығарындыларын шамамен 262 мың тоннаға азайтуға көмектесетін көрінеді және Қазақстанның шығарындыларды азайтудың ұлттық жоспарларын едәуір азайту арқылы Орталық Азияда жаңартылатын энергияны дамытуда көшбасшы болу мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді. Жоба ЕҚДБ-нің «Жасыл» экономикаға көшу» тәсіліне сәйкес келеді. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансасымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109 мыңнан астам тонна көмір, 1031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмір қышқыл газының шығарындыларын  289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтады, сондай-ақ күл-қоқыс көлемін 33 мың тоннаға жуық төмендетеді екен. Қазіргі күні адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша, 2030 жылға таман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20 пайызға жетпек. Жел қуатын өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша мән беруде. Мәселен, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыз деңгейінде ғана болып отыр. Міне, осындай жағдайларды ескере келе біздің елдің басшылығы осыдан бірнеше жыл бұрын «жасыл» экономикаға өту жөнінде шешім қабылдап, оның тұжырымдамасы әзірленді. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз.

Ауқымды жоба – Жаңатас жел электр стансасының құрылысы 2019 жылдың шілдесінде басталған болатын. Жобаның басты құрылтайшысы – «China Power International Holding Limited» компаниясы, оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan» болды. Жобаның жалпы құны – 44,8 миллиард теңгені (130 миллион АҚШ доллары) құрады. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел қондырғысы мен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпбейінді орталық салу жоспарланған болатын. Жаңатас жел электр стансасын өткен жылдың маусымында өзінің барлық жел қондырғыларын ұлттық желіге қосып, Орталық Азиядағы осындай жобалардың ішіндегі ең ірісі, қуаты 100 мегаватты құрайтын станса толық жобалық қуатына көшті. Осылайша Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасы мәресіне жетті. Ол оңтүстік Қазақстанның  ішкі қажеттілігін қанағаттандыра отырып, жылына 350 миллион киловатт/сағат таза электр энергиясымен қамтамасыз етпек.

– Жаңатас жел электр стансасының КЕГОК желілеріне электр энергиясын жөнелту үшін тоқ кернеуін 35 кВ-дан 110 кВ-ға дейін көтеретін өз қосалқы стансасы бар. Мұнда жұмыс істейтін операторлар мониторинг пен басқарудың заманауи жүйесін пайдаланады. Осының арқасында олар басқару пунктінен шықпай-ақ әр құрылғыны іске қосып, қажет кезде оның жұмысын тоқтата алады. Өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын жергілікті мамандар жұмыстың жоғары сапасы арқылы жел стансасынан әрбір үйге, кәсіпорынға берілетін энергияға өз үлестерін қосатынын жақсы түсінеді. Жұмысқа келген әр күні жел агрегаттары қалақшаларының айналып тұрғанын көрген сәтте осы желдің табиғи энергиясы біздің стансадан облыстың қалалары мен ауылдарына жарықтың таза қуаты мен жылулығын  жеткізетіні мақтаныш сезімін туғызады, – дейді «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС техникалық департаментінің бас маманы Ілияс Нусыров.

Өткен жылдың қыркүйегінде облысымызға  жұмыс сапары барысында Жаңатас жел электр стансасына арнайы атбасын бұрған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері қытайлық компания жел электр стансасын салу үшін неліктен осы аймақты таңдағанын сұрағанда, Бас директор Гуо Ким: «Бізді климаттың ыңғайлылығы қызықтырды. Егер жел болмаса, бұл жобаны үш жылдың ішінде жүзеге асыра алмас едік. Егер сіздердің тараптарыңыздан қолдау болса, біз тек жел электр стансасымен шектеліп қалмай, осы жерде күн электр стансасын да тұрғызсақ дейміз. Жалпы алғанда, Қазақстанның кез келген аймағында жел мен күннен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік бар. Қазір Қазақстан дұрыс жолда және болашақта электр энергиясын өндіру бойынша алдыңғы қатардағы елдердің біріне айналатынына сенеміз», – деген болатын. Бас директор осы аймақта жел және күн генераторларын құрастыратын зауыт салу жоспарымен де бөліскен еді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та өз кезегінде осындай зауыттың қажеттігіне тоқталып: «Бұл жағдайда біз жел және күн электр стансаларына қажетті жабдықтарды шетелден тасымалдамай, өз күшімізбен құрастыратын боламыз», деді. Аймақ басшысы сондай-ақ компанияның өкілдері алдағы кезде қуаттылығы 400 мВт жел электр стансасын тұрғызуды жоспарлап отырғанын, жобаны жүзеге асыру үшін 130 гектардан астам жер бөлінгенін де атап өтті.

«Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС-ның Бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, өндірілген энергия жылына шамамен 109 мың тоннадан астам  көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Мамандардың пайымынша, желден электр қуатын өндіру энергияның экологиялық таза көзі болып табылады. Көмір жағу арқылы өндірілетін электр қуатынан айырмашылығы (Қазақстанда барлық энергияның 80 пайызы көмір арқылы өндіріледі) жел энергиясы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Мамандардың пікірінше, өндірістік процесс технологиясы да қоршаған ортаны ластамайды, станса сарқынды су шығармайды және округтегі электромагниттік жағдайды бұзбайды.

Қорыта айтқанда, жылына 350 миллион киловатт/сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, аудандағы тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Оның үстіне, жел стансасын іске қосу атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде. Толық іске қосылуы арқылы жергілікті халықтың жағдайын жасаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен серпін беретін бұл ірі инвестициялық жоба – Орталық Азиядағы ең ірі жел электр стансасының «жасыл» энергетика қорын толтыруға қосар үлесі де зор болары сөзсіз.

Тегтер: