Жасыл энергияның болашағы зор
Қазақстанда 2022-2026 жылдарға арналған энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жол картасы әзірленеді.
Неге? Өйткені энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу түйткілдерін шешпей, ел экономикасын дамытатын тұрақты жоспар құру қиын. Энергияны қалай үнемдеу керек? Қайткенде энергия тиімділігін арттыруға болады? Бұл ХХІ ғасырдағы барлық мемлекет үшін өзекті сауал.
Энергияны үнемдеу арқылы зауыт-фабрика, өндіріс орындарын, тұрғынүйлерді, басқа да әлеуметтік қызмет көрсету орындарын жаңартуға мүмкіндік туады. Сол үшін де Қазақстан билігі елдегі энергия мәселелерін шешу үшін энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру жобаларын таңдады.
Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігі арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып отыр. Мысалы, жел мен күн нұрынан энергия алу – энергия үнемдеудің басты көзі. Қазақстанда күн нұрынан энергия алатын бірнеше аумақ анықталған. Жұмыс істеп тұрған қондырғылар да жеткілікті. Жалпы, жел энергиясының көптеген артықшылықтары туралы айтылады. Мысалы, шикізат сатып алудың, оның қалдықтарын тасып шығарудың қажеті жоқ. Электр қуатын беретін компаниялардан дербес, тәуелсіз боласыз. Табиғи ресурстарды көптеп үнемдеуге болады. Отын жағып әуреге түсуге, қосымша энергиялық шығындарға ұрынбайсыз. Одан кейін, жел энергиясының тағы бір артықшылығы атмосфералық жылулықтың баланысы бұзылмайды. Табиғаттағы оттегі қоры сақталады. Одан кейін, желдің табиғи күшінен электр қуатын алуға болады. Ол үшін табиғатқа ақша төлемейсіз.
Қазақстан жел энергетикасын дамыту әлеуеті өте үлкен мемлекет болып саналады екен. Мысалы, Сарыарқаның жыл он екі ай соғатын сары желі – желден энергия алатын нағыз қайнар. Зерттеушілер Қазақстанда жел өте көп соғатын аймақтардың да тізімін анықтаған. Айталық, аңызақ жел бір бағытта соғатын аймақтар қатарына Ерейментау мен Жүзімдік кіреді. Ал желдің бағыты қарама-қарсы бағыттар бойынша алмасып отыратын аумақтарға Жоңғар қақпасы мен Шелек өңірі, Қордай асуы жатады.
Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Біріккен ұлттар ұйымы даму жөніндегі бағдарламсының ұсынған деректеріне қарасақ, Қазақстанның желден энергия өндіру потенциалы бірнеше мыңдаған МВт немесе жылына 1 триллион кВт көлемінде энергия береді екен. Бұл желден энергия өндіретін басқа мемлекеттермен салыстырғанда жақсы көрсеткіштердің бірі.
Жасыл энергия өндірудің тағы бір қайнар көзі – күн энергиясы. Күннен энергия алу – ХХІ ғасыр үшін ең тиімді жоба. Осы уақытқа дейін әлемде біраз мемлекет күннен иэнергия алудан үлкен көрсеткішке жетіп қойды. Айталық, қазіргі уақытта Қытай күннен энергия алу жағынан көш бастап отыр.
Күн энергетикасы дегеніміз – күн нұрынан әртүрлі амалдар арқылы энергия алып, оны өндіріске пайдалану. Күн қуаты – мәңгілік энергия. Оның қуатын пайдалану – бүгінгі уақыт талабы. Оның үстіне, күн энергиясы да жел энергиясы сияқты экологияға зиянсыз, шығынсыз энергия. Жалпы, күн нұрынан қуан өндірудің бірнеше түрлі артықшылықтары бар. Біріншіден, күн энергиясы жалпы адамзатқа ортақ, қолжетімді қуат көзі. Екіншіден, күн қуаты ешқашан сарқылмайды, азаймайды. Үшіншіден, қоршаған ортаға өте пайдалы, бүкіл тіршілік иесі күн нұрынан қуат алады. Осындай артықшылықтары көп. Кемшіліктері де жеткілікті. Мәселен, бұлтты, жауын-шашын күндері қуат жинау қиын. Сондай-ақ күн нұрын жинайтын панелдер қымбат тұрады, оны күтіп-баптау да экономикалық шығынды қажет етеді. Панелдерді орналастыратын үлкен аумақ қажет.
Күн энергиясын кәдеге жаратып, өндіріске, күнделікті тұрмыста пайдалануды адам баласы ықылым замандардан бері армандап келеді. Грек ғалымы Архимед екінші Пуничек соғысына қатысып, Сиракузах қаласында үлкен айна арқылы күн нұрын пайдаланып Римнің алып кемелерін отқа орап жіберген деген аңыз айтылады.
Одан бөлек, Циолковскийдің өзі ғарыш сапарында жер шарымен байланыс жасау үшін алып айнаны пайдалануды ұсынғаны туралы жиі айтылып жүр. Архив құжаттарында жазылғандай, 1923 жылы Мәскеуде өткен алғашқы ауыл шаруашылық жәрменкесінде Циолковскийдің идеясы негізінде қолдан жасалған күн қозғалтқышы көрмеге қойылып, келушілерге көрсетіліпті. Тарихта ондай мысалдар мен деректер өте көп.
Қазақстанда күн энергиясын пайдаланудың болашағы зор. Біз Орталық Азия төсіндегі күн нұры толық және біркелкі түсетін аумаққа орналасқан мемлекетпіз. Мәселен, солтүстік метерикте орналасқан елдерде күн нұрының түсуі өте аз. Қазақстан ол жағынан күн нұры мол түсетін елге жатады. Күн нұрын пайдалану бойынша елімізде 2000 жылы мал шаруашылығы жағы шамамен 26 млн. гкал жылу энергиясын қажет еткен. Оның 34-52 пайызын күн энергиясы бергені туралы нақты сандар бар. Басқа салаларда да күн нұры энергиясын пайдалану өте ауқымды түрде жүрілуде. Әсіресе, соңғы жылдары жеке меншік тұрғын үйлерде де күн нұры қуатын пайдалану қалыпты жағдайға айналуда.