Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:23, 13 Қазан 2022

«Жасыл Қазақстан» - экологияны тазартатын жоба

None
None

Былтыр «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы басталған болатын. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның негізгі мақсаты туралы осы уақытқа дейін айтылып, жазылып жүр.

Ең басты мақсаты – Қазақстанның экологиялық мәселелерін шешу. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да көтерді аталмыш тақырыпты.

Қ.Тоқаев: «Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған орай, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді», — деген-ді.

Одан кейін, ұлттық жобаны үкімет өз қолына алды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қалай іске асыру керек, қалай өнімді жұмыстар жасалуы қажет деген сауалдар талқыланды. Жалпы бұл тақырып күн тәртібінен түскен жоқ.

2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті, 48 іс-шараны қамтиды. Үкімет отырысында осы жоспар талқыланды. Жасалған жоба бойынша, әрине мемлекет бюджетінен қаражап бөлінетіні анық. Мәселен, 2021 жылы аталмыш жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 89,3 млрд теңге қарастырылған. Әрине, Республикалық бюджеттен 27,6 млрд теңге екенін айта кетейік. Ал жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге, содан кейін бюджеттен тыс 46,7 млрд теңге қаржы көзделген еді.

Биыл «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланғанын еске сала кетейік осындайда.

Экологи министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, ұлттық жоба аясында жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы ретінде «Атмосфералық ауа сапасын жақсарту» шаралары туралы айтуға болады. Мәселен, осы жұмыс аясында 10 ірі қалада, 5 жылдың ішінде 16 ірі кәсіпорында қалдықтарды 20 пайызға қысқарту міндеттеліп отыр.

Серікқали Брекешев: «Былтыр 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна қалдық зат шығарыпты. 2020 жылғымен салыстырғанда, 3 пайызға аз. Ал биыл жарты жылдың өзінде кәсіпорындар шығарған қалдық заттар 293,2 мың тоннаға жетіп отыр. Мұны да өткен жылғымен салыстырсақ, 6,7 пайызға кемігенін байқауға болады», — дейді. Демек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтиже беріп отыр деуге әбден болады.

Экологияны тазарту мақсатында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы негізінде ойға еркіндік беріліп, көптеген жұмыстарды жасауға болады. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың өзі осы ұлттық жобаның белгілі бір тармағы, алғышарттары іспетті.

Мысалы, алдағы уақытта Алматыда екінші жылу электр орталығын газға ауыстыру бағыты жоспарланып отыр. Бұл экологияны жақсартуға өте көп септігін тигізетін жоба екені анық. Осы арқылы 2025 жылға қарай ауаны ластайтын заттарды 80 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік болатынын айту керек. Одан басқа, мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауытында да экологияны тазарту жұмыстары жасалуда. Ауаға жанып жатқан газды тазарту арқылы қоршаған ортаны 3,6 пайызға азайтып, экологияны жақсартуға әбден болады. 

 ХХ-ХХІ ғасырдағы ең үлкен экологиялық апат – Аралды. Аралды құтқару Қазақстан үшін ұзақ болашақтың жұмысы. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Аралды сақтау үшін «Арал теңізінің солтүстік бөлігін дамыту және қалпына келтіру» жобасы әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Бұл, әрине, болашақтың жұмысы. Дегенмен, бір түйір топырақты сақтау, бір тамшы суды тазарту, бір жұтым ауаны ыстан арашалау – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі мақсатының бірі екенін ұмытпағанымыз жөн. Біз атап айтқан ұлттық жоба аясында Қазақстанның барлық экологиялық аймақтарында әртүрлі шаралар атқарылып жатыр.

Тегтер: