«Жасыл Қазақстан»: Қазақстандық биоэтанол Еуропаға экспортталды
Биоэтанол күрделі өндірістік процестер кезінде алынатын соңғы және негізгі өнім болып табылады.
Әлемдік нарықта биоэтанолға сұраныс өте жоғары. Экологиялық таза өнім бензиннің октандық санын көбейтіп, ауаның ластануын азайтады. Биоэтанол – қоршаған ортаны сақтау үшін маңызды өнім.
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан «BioOperations» зауыты бір жылдан бері Еуропадағы өңдеушілер мен биоотын өндірушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бельгиялық сатып алушылармен жасалған келісімнің нәтижесінде мамыр айында Балтық порттары арқылы 5 мың тоннадан астам жанармаймен екі кеме жөнелтілді. Евгений Келин, «BioOperations» ЖШС басшысы:
– Біздің өнімдер ISCC тарапынан экологиялық тұрақтылық және парниктік газдар шығарындылары бойынша сертификатталған және қоршаған ортаны қорғау мақсатында өндіріс әдістері мен шикізатты бақылауды реттейтін еуропалық директивалар талаптарына сәйкес келеді, — деп баға берді.
Биоэтанол – терең өңдеу процесінде биомассадан және/немесе биологиялық ыдырайтын қалдықтардан алынатын биоотын. Оны өндірудің негізгі өнімдері бидай глютені, крахмал, мал азығы, ал этанол қалдықтардан қайта өңделген өнім болып табылады. Химиялық формуласы – C2H5OH. Бұл – жоғары өңделген, дүние жүзінде тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқан жаңартылатын, экологиялық таза отын көзі.
Биоэтанол өндірісі Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес келеді, өйткені оны отынға пайдалану октан санын арттыратын қоспаларды өндіруде қолданылатын импорттық улы метанолды толығымен алмастырады. Еуропада заңнамалық деңгейде отынға 15-20% биоэтанолды қосу талап етіледі, бұл мұнай өнімдеріне тәуелділікті азайтады, оның октандық санын арттырады және отынның сапа көрсеткіштерін жақсартады. Оны қолдану атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын 30-40%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Мұнай және газ қорының таусылуына байланысты мамандар биотехнология негізінде автокөлік құралдарының (спирт, сутегі) қажеттіліктері үшін алынатын энергия тасымалдаушылар үлесінің ұлғаюын болжайды.
Мысалы, жанармай этанолын өндіру бойынша көшбасшы Америка Құрама Штаттарында 2000-2005 жылдары өндіріс қуаттылығының өсуі жылына 8,7 миллиардтан 16,8 миллиард литрге дейін болды. Бірақ этил спиртін өндірудің рентабельділігін сақтау үшін мемлекеттің қаржы құюы қажет. Дәл сол мұнай өнімдерімен баға бәсекелестігі мәселелері де бар. Десе де, қазақстандық ғалымдар бұл жағдайдан шығудың жолын тапты.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстандағы қоршаған ортаға мұнай шығарындылары жылына бірнеше миллион тоннаны құрайды. Осыған байланысты көмірсутектердің биодеградация процестерін күшейтуге, жердің құнарлығын тазартуға және қалпына келтіруге бағытталған экологиялық қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан негізделген шараларды әзірлеу мәселесі өткір тұр.
Елімізде биотехнологияларды дамыту – Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында көрініс тапқан басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта, атап айтқанда, инновациялық-технологиялық серпіліс үшін ғылыми-техникалық әлеуетті жұмылдыруды жеделдету, ғылым жетістіктерін өндіріске белсенді енгізу үшін жағдай жасау қажет. Дәл ғылыми-техникалық ресурстар инновациялық дамудың басты факторына айналуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, балама отын түрлерін (биоэтанол, биогаз және т.б.) алу үшін органикалық қалдықтарды өңдеуге арналған биотехнологиялар туралы айтып отырмыз.
Қазақстанда кейін биоэтанолға айналатын спиртті өндірумен Петропавл «Биохим» зауыты айналысады. Кәсіпорын шикізат ретінде дәнді дақылдарды пайдаланады. Бір кездері бұл факт халықтық өнім өз мақсатына сай емес пайдаланылып жатыр деп үлкен резонанс тудырған болатын. Оның үстіне, 3-сортты астық болса да, шикізат – қымбат. Егер биоэтанол өндірісінің шикізатын ауыстырып, алкогольді ашыту технологиясын түбегейлі өзгертетін болсақ, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге болады.
Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары дәнді дақылдардың орнына этанолға айналдыруды, өсімдіктердің – шөптесін де, ағаштардың да, соның ішінде ауыл шаруашылығы қалдықтарын, ағаш өңдеу өнеркәсібін, тіпті тұрмыстық қатты қалдықтарды (қоқыс) қалпына келтіретін биомассаны пайдалануды ұсынады. Кей мәліметтер бойынша, Қазақстанда жыл сайын 5 миллиард тоннаға дейін өсімдік қалдықтары жағылады, оны биоотын өндіруге пайдалануға болады.
Саңырауқұлақ геномындағы целлюлоза гендерін сипаттау және алынған гендердің экспрессиясын күшейту технологиясын жасау бойынша Қазақстанда алғаш рет зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл зерттеулер биоэтанолды целлюлозаның жаңартылатын және арзан көздерінен – жарма сабанынан, қағаз өнеркәсібінің қалдықтарынан, үгінділерден және т.б. алуға мүмкіндік береді. Профессор, биология ғылымдарының кандидаты Амангелді Бисенбаев:
– Спирт неден жасалады? Глюкозадан. Глюкоза құрамында целлюлоза бар заттардың барлығында кездеседі. Саңырауқұлақтар ұзақ уақыт бойы ағаштарда өсетін целлюлозамен қоректенуге бейімделген. Олар глюкозаны жасау үшін целлюлаза деп аталатын ферментті пайдаланады. Бұл фермент кәдімгі жиһазды глюкозаға дейін ыдыратуға қабілетті. Ол, сондай-ақ, саңырауқұлақтан энергия өндіру үшін қолданылады. Бізге үгінділерде өсірілген саңырауқұлақтардан целлюлаза генін алу мүмкіндігі туды. Соның арқасында «тәжірибелік» өсімдік үгінділерді бірнеше аптада ғана «жеп тастайды», — дейді.
Осы жерде кейбір халықаралық экологтардың биоотынның қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізіп жатқанын айтып, дабыл қағып жатқанын айта кеткен жөн болар. Мысалы, Бразилия мен Индонезияда осы аумақтарды биоотын дақылдарының плантацияларына айналдыру үшін тропикалық ормандар белсенді түрде шабылып жатыр. Ал Қазақстанда бос жатқан кең алқаптар жетерлік, сондықтан ормандарды құртып, артық шығынға үшырай қоймаймыз.
Сарапшы ғалымның айтуынша, алдағы уақытта арзан целлюлоза шикізатынан этанол алудың бастапқы кезеңдерінде сәтті пайдалануға болатын целлюлозаны өңдейтін ферменттер шығаратын тәжірибелік зауыт әзірленіп, іске қосылады.
Әлем бойынша тағы бір танымал тенденция – биогазды күнделікті өмірде пайдалану. Биогаз – жанғыш газ метан (60-70 пайыз) мен жанбайтын көмірқышқыл газының (30-35 пайыз) қоспасы. Бұл құрам жануарлардың органикалық қалдықтарын және метан түзетін бактериялардың арнайы штаммдарын пайдалана отырып, қалалардың кәріз жүйелерінің қалдықтарын өңдеу нәтижесінде қалыптасады. Батыс Еуропада биогаз қондырғылары барлық құс фабрикаларының жартысына жуығын пайдаланады. Биогаз Қытайда кеңінен қолданылады. Бүгінде бұл елдегі барлық автобус паркінің жартысынан астамы биогазбен жүреді.
Қазақстанда биогаз реакторларының өнімділігін арттыру мәселесі бойынша белсенді зерттеулер жүргізілуде. Көптеген жылдар бойы жүргізілген іргелі зерттеулер нәтижесінде органикалық заттардың салмағы бірлігіне биогаздың меншікті өнімділігін үштен бір бөлігін арттыруға мүмкіндік беретін технологиялар жасалды. Биогаз қондырғысының шикізаты ретінде 3-4 бас сиырдың органикалық заттарын, тұрмыстық қалдықтарды пайдалану отбасының тұрмыстық газ бен жарыққа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, ауланың өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы уақытта әлемде мұнай дизель отынына балама ретінде биоотынға деген қызығушылық үнемі өсіп келеді. Бірақ одан әрі ғылыми жұмыстар, ғалымдар айтқандай, мемлекеттен қаржыландыруды қажет етеді, ол бүгінде шамамен 5 миллион долларды құрайды, ал дамыған елдерде ғылымға, атап айтқанда, биотехнологияны дамытуға миллиардтаған доллар инвестицияланады. 2022 жылы Қазақстан үкіметі жалпы ғылымды дамытуға бюджеттен 84 млрд теңге қаржы бөліп отыр.