Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:59, 27 Қазан 2022

«Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында жұмыстар қолға алынуда

None
None

Қазақстанды табиғаты көркем, орманды, таулы-аймаққа жатқызу қате. Өйткені, еліміздің көп бөлігі жазық, далалы, құмды, шөлді болып келеді.

Соңғы жылдары құмды аймақтардың көлемі артып отыр. Неге? Мұны экологтар экологиялық тепе-теңдіктің бұзылымен түсіндіреді. Мысалы, Маңғыстау облысында соңғы жылдары құм басу қаупі күшейген. Оның бірден бір себебін экологтар жер асты суларының азайып, мұнай-газ сияқты жер асты байлықтарының көптеп өндірілуімен түсіндіруде.

         Сонымен бірге, Маңғыстау облысындағы жаңбырдың өте аз жаууы, қуаңшылықтың шамадан тыс артуы сияқты табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы – құмды аудандарда құмның көшуін, ауылдар мен елді мекендерді, олардың жанындағы молаларды құм басу сияқты қауіптер артып отыр. Дегенмен, мемлекет қарап отырған жоқ. Құм көшкінін тоқтату жұмыстары қолға алынып жатыр. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданына қарайтын Үштаған, Тұщықұдық, Шебір ауылдарында құм көшкінін тоқтату жұмыстары қолға алынған. Құмды тоқтату жұмыстары 2021 жылы толықтай аяқтаған.

Сандарды сөйлетейік. Мысалы, Үштаған ауылында 648,8, Тұщы­құдық ауылында 847,4, Шебір ауылында 451,8, Сенекте 1288 гектар жерге жасыл-желек отырғызылды. Жалпы көлемі құм баса бастаған төрт ауылдың маңына 3 236 гектер жасыл аумақ жайқалып шыға келді. Мұнымен жұмыс бітпейтіні белгілі. Ары қарай жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстары қолға алыну керек. Келер жылдан бастап әр ауылға бірден орманшы, екіден көмекші қызметкерге штат ашылады деп күтілуде. Бұл жұмыстарды одан ары Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның меншігіне беру туралы жоспар жасалуда.

Маңғаз Маңғыстаудың табиғаты қатал аймақ екені көпке белгілі. Сондықтан, бұл өңірде табиғатты күту, қоршаған ортаны қорғау – ең басты жұмыс саналатыны белгілі. Шетпе ауылынан 90 шақырым қашықтағы Сазды, Сауысқан, Жарма ауылдарында бір қауым ел тұрады. Инже­нерлік инфрақұрылым бар. Жарық, көгілдір отыр, ауыз су бар. Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбековтің сөзінше, осы үш елді мекенді құм көшкінінен қорғау жөніндегі жоба жасалған. Жоба бойынша болашақта жұмыстар қолға алынса, құм мінезін тоқтатып, ауыл-аймақтардың аумағын құм көшкіні басудан тоқтатуға болады.  

Қазақстанда құмнан бөлек, табиғаттың өте үлкен апаты – өрт апаты бар. Қазақ от пен суды тілсіз жау деп бекер айтпайды. Биыл қазақ даласы осы тілсіз жаудың зардабын біраз тартты. Дегенмен, өрт болған аймақтың экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіру үшін немесе қоршаған ортаны қайтадан қалпына келтіру үшін жұмыс жасалу керек.

Ресми мәліметтерге сенсек, 2021 жылдың 20 қыркүйегінен биылғы 12 қыркүйекке дейін, яғни 1 жылда 5 мыңнан аса орман өрті болған. Бұл әрине бұрынғы жылдармен салыстырғанда аз. 2017 жылы 24 мың орман өрті тіркеліпті. Өрттің өзі апат. Ал өрттен кейінгі апаттың алдын алу одан маңызды. Өрттен кейінгі апаттың алдын алу дегеніміз – экологиялық апаттардың алдын алу деген сөз.  

Биыл қыркүйекте Қостанай өңірінде өте үлкен аумақта орман өрті болып, Әулиекөл ауданында 91 үй отқа оранып, 2091 адам эвакуацияланды. Біраз тұрғын жарақат алып, бір адам қаза тапты. Мұның бәрі шығын. Дегенмен, өрттен кейінгі экологиялық зардаптардың алдын алу, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру басты жұмыс екені анық. Орман – экологияның күретамыры. Ауаны тазартып, оттегін бөледі. Ендеше, Әуликөл ауданындағы өрттен кейінгі зардапты қалпына келтіру, жасыл-желекті орманға айналдыру мүмкін бе? Бұрынғы ну орман қанша жылда қалпына келеді? Қиын сұрақ. Өйткені, орман өсіру – үй салу емес. Жалғыз ағаш орман болмайды. Биыл қадаған шыбық он жылда терек болмайды. Оған кемінде жарты ғасыр уақыт керек. Сондықтан экологияны орманмен қалпына келтіру өте машақатты жұмыс, ұзақ жылдарды күтетін шаруа.    

Орман шаруашылығы және жануарлар комитетіндегі мамандардың айтуынша, өртенген орманды қалпына келтіруге болады екен. Ол үшін ең бірінші өртенген алқапты күйген ағаштардың қалдығынан тазартып алу керек. Содан кейін жоба жасалып, жоба аясында ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынады. Бұл шаруалар алғашқы 3-5 жылдың ішінде жасалады. Одан кейін орманның әуелдегі күйге жетуіне шамамен біз айтқандай жарты ғасыр уақыт қажет.

Аманқарағайда болған апаттың орнын толтыру, өрттен кейінгі экологиялық теңдікті қалпына келтіру үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында жұмыстар қолға алынуда. Себебі, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру қажет. Елдің экологиялық жағдайын жақсарту қажет. Осы экологилық жұмыстарды жасау үшін мемлекет бюджеттен әр жыл сайын 13,5 млрд теңгеге жуық ақша бөлінеді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін жалпы Қазақстан бойынша 2 млрд-тан астам түп ағаш отырғызу жоспарланған. Одан бөлек, елді мекендер мен қалаларда да ағаш отырғызу жоспары бар. Яғни 15 млн түп ағаш отырғызу керек. Ал экологиялық тепе-теңдікті қалпына кеклтіру, қазақстандықтардың таза мемлекетте өмір сүруі үшін Арал теңізінің тартылған табанына сексеуіл отырғызу қажет. Бұл жұмыс жоспары бойынша 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл қаламшасын отырғызу қолға алынды. Сексеуілдің пайдасы құм көшін тоқтатады. Табиғи жануарлардың экологиялық ортасын қалыптасып, өмір сүрулерін жақсартады. Мысалы, бір түп сексеуіл жүз тоннаға дейін тұзды шөгіндіні ұстай алады екен.

Жасыл-желекті ормандардың пайдасы туралы экологтар үнемі айтып отырады. Мысалы, орманның пайдасы желді азайтады. Топырақты эрозиядан қорғайды, жердің ылғалдығын сақтайды. Бұл табиғаттың табиғи жаратылысын жақсарту дегенді білдіреді. Экологияны жақсарту мақсатында 2021 жылы 66 мың гектар аумаққа 138,3 млн.түп ағаш отырғызылған. Оның бәрі жерсініп кетпейтіні белгілі. Қортынды есепке сенсек, орман тігінділерінің жерсінуі 71,7 пайызға жеткен. Биыл, яғни 2022 жылы 112 мың гектар алқапқа орман көшеттері отырғызылған. 279 млн.түп ағаш тігілді. 2021-2022 жылдарға арналған ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына республикалық қазынадан 7,1 млрд теңге бөлінген. Ал жергілікті әкімдіктердің бюджетінен 19,5 млрд теңге жұмсалған. Аз ақша емес. Мұның бәрі экологияны қалпына келтіру үшін жасалып жатқан шаруалар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орманды аймақтарда алдымыздағы 5 жылдың ішінде 2 миллиард түп ағаш тігіндісін отырғызу жоспарланған. Ал ауыл мен елді мекендерде 15 миллион түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берілді. Тапсырма бойынша елді мекендерде былтырғы жылы 3,3 млн дана ағаш тігілсе, биыл, яғни 2022 жылы 3038,2 түп ағаш отырғызылды.

Экологиялық апатты аймақ Аралдың табанын жасылдандыру бойынша 2021 жылы 100 мың гектар алқапқа сексеуіл тұқымы себілген. Биылғы жоспар бойынша 250 мың гектар аумаққа сексеуіл тұқымы себілген. Жоспар бойынша күзге қарай тағы да жұмыс жалғасады. Мұның бәрі экологияны сақтау, қоршаған ортану қорғау шаралары аясында жасалып жатқан жұмыстар.

Тегтер: