Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 10 Қараша 2021

Жасын ғұмыр

None
None

Суық хабар. Өткен аптада Алматыда халықаралық емтихандарда рекорд орнатқан 20 жастағы Ақназар Қажымұрат белгісіз жағдайда қайтыс болды.

Жас өлім, қыршын ғұмыр. Әлемдегі ең беделді олимпиадаларда топ жарып, Гарвард университетіне түскен қазақстандық вундеркинд неден көз жұмды? Ол жағы әзірге белгісіз.

Ақназар 2018 жылы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдаған. Сол жылы Гарвард университетіне оқуға түсті. Теңдессіз ақыл иесі, зерек ұлдың таланты соншалық, ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында 36-дан 36, 2400-ден 2400 ұпай жинап, бірегей рекорд орнатқан. Бұрын-соңды әлемде ондай алғыр бала болды ма? Әй, қайдам?! Сондай-ақ ең танымал математика және физика олимпиадаларының жеңімпазы болған.

SAT Subject Test – негізгі пәндердің бірінен тапсырылатын емтихан. Оны әдетте АҚШ-тың беделді университетіне түсу үшін сұрайтын көрінеді. Тестің мақсаты – бес бағыттың бірі бойынша білім деңгейін анықтау. Ақназар математика, физика және биология пәндерін тапсырып, максималды 800 ұпай алды. Ғылыми пәндер бойынша ең жоғарғы ұпайдан бөлек, оқушы IELTS халықаралық емтиханында 8.0 балл жинаған. Ақназардың бірегей нәтижесі оған әлемнің үздік университеттеріне жол ашты. Зияткерлік мектептің түлегі Гарвардта оқуға бел буған еді. Оқуға түсті, оқыды.

Ақназар Қажымұрат есімі елде ғана емес, әлемде де танылып, мойындала бастаған болатын. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенінде-ақ, еліміздегі ең танымал Жәутіков және Эйлер олимпиадаларының, сондай-ақ Ресей, Қытай елдерінде өткен байқаулардың жеңімпазы болған...

Қаралы хабармен бірге 20 жастағы вундеркинд өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат тарады. Алматы қалалық ПД таратқан деректе: «2001 жылы 14 тамызда дүниеге келген Қажымұрат Ақназар Арманұлының қайтыс болу себебінің алдын ала болжамы – суицид. Мәйіт қонақүйден табылды. Мәйіттің жанынан табылған рюкзак дәрі-дәрмекке толы болған», – деп жазылған. Алматы қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл ақпаратты растамады және жоққа да шығармаған.

Ақназар қыршын кетті. Талантты ұлдың жасында қазақтың Ақназардай бірнеше баласы опат кетіп еді. Қазақтың атын аспандатқан Бекзат Саттарханов,  Денис Тен де жалындап тұрған шағында жасындай жарқ етіп сөнген болатын. Енді Ақназар да қыршыннан қиылды.

Тегтер: