Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:01, 30 Тамыз 2018

Жасында ғылым барын ескергендер

Ғалым дегенде көз алдыңа самайын ақ басқан, көзілдірікті, егде жастағы тұлға елестейді.
Алайда ғалымның деңгейі жасаған жас, ағарған шашпен өлшенбесе керек. Дарыны мен табандылығының арқасында шет мемлекеттерде қазақтың атын шығарып жүрген жас ғалымдарымыз бар. Олармен әлемнің білікті мамандары пікір алмасып, ой бөліседі, ғылымға қосқан жаңалықтарымен санасады. Бірақ біз оларды қаншалықты танимыз? Бүгін біз қазақтың жас ғалымдарының жетістігі мен елдегі ғылымның даму деңгейіне берер бағасы жайлы тарқатып айтпақпыз.Мұнаймен ластанған суды таспен тазартпақЕгер жолыңыз түсіп, Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан-Көкпекті тас жолын кесіп өткен болсаңыз, цеолит тасын сіз де өз көзіңізбен көрдіңіз. Бір қарағанда еш артықшылығы жоқ, кәдімгі тастар. Ал білген жанға оның қасиеті мен пайдасы зор. Цеолитпен Қазақстандағы экологиялық өзекті мәселенің бірі – мұнайлы суды тазартуға болады. Оның әдісін небәрі 21 жастағы екі бойжеткен, Мәдина Қинаятова мен Анар Рахатбекова ашты. Қ.И.Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің  түлектері осы жобамен бірнеше халықаралық жарыста жүлделі орындарды еншілеген.«Еліміздегі цеолиттің қоры шектеулі. Цеолит сорбциялық қабілеті жоғары минералға жатады. Осы қасиеті үшін қазіргі уақытта әлемде цеолит түрлі мақсатта кеңінен пайдаланылады. Ал біз оны модифицерлеп, құрамын өзгерту арқылы жаңа қырынан танытқымыз келеді», дейді зерттеушілер. ХІХ ғасырда  жапон ғалымдары цеолитті зерттеп бастаған екен. Бірақ бұл минералды тастар туралы әлі де деректер аз. Цеолиттің модификациясы бойынша материалдар жоқтың қасы, зерттелмеген десек те болады. Кітаптарда оның пайдасы бар екені туралы айтылады. Алайда «қалай?», «неге?» деген сұрақтарға жауап табылмаған.«Зерттеу барысында екі модификация жасап көрдік. Біріншісі жай ғана процестің жүру барысын бақылау болды. Адсорбциялық колонна құрып, модельдік қоспа даярлау арқылы ластанған суды тазалай алдық. Алайда бұл тәсілмен су жеткілікті деңгейде тазармайды. Біздің мақсатымыз таза су алу болғандықтан, басқа тәсілдерді іздеп көруді жөн көрдік. Ол үшін газды парлау қондырғысында цеолитке 150-180 градуста модификация жасадық. Процестің уақытқа тәуелділігін анықтап, нәтижесінде дайын болған цеолитті қайта сынадық. Сонымен, бір жарым сағат аралығында модифицирленген цеолиттің адсорбциялық қабілеті ең жоғары екеніне көз жеткіздік. Қалыпты жағдайда цеолиттің сорбциялық қабілеті төмен болатыны және хромотография қондырғысында тазаланған судың контрациясы анықталды», – дейді жас ғалымдар.Зерттеушілер осы жобамен Дехрадунда (Индия) өткен ғылыми жоба бәсекесіне қатысып, 2-орын еншілеген. Бұдан бөлек, Дубайда өткен техникалық конференцияда білімін шыңдауға мүмкіндік алған. Кейіннен Барселона қаласында (Испания) өтетін конференцияға жолдама ұтып алған. Алайда қыздар бұл шараға қаражат мәселесіне байланысты қатыса алмағандарын жеткізді.«Санкт-Петербургте суды тазарту бойынша жоғары деңгейде жабдықталған үлкен лабораториялар бар. Сол жерде жобамызды сынап көргіміз келеді», – дейді Мәдина мен Анар.Азияның үздігі атанған қазақ математигі Дурвудхан СұрағанЕрте жасынан математикаға ерекше қызығушылықпен бас бұрған Дурвудхан Сұрағанның ғылымға келу жолы қызыққа толы. Ол PhD атағын мерзімінен ерте қорғап, шетелдерде білім алды, Лондон империялық колледжінде дәріс беріп үлгерді. Ғалым 29 жасында үздік монографиясы үшін The Ferran Sunyer i Balaguer Prize 2018 халықаралық сыйлығын иеленді. Бұл сыйлықты бұрын-соңды Азия елдерінен ешбір ғалым алып көрмеген еді. Математиктің ойынша, қоғамға игілігі тиген ғалым болу үшін ынта мен жігер және мемлекеттің ғылымды қолдауы қажет.«Ғылымда мемлекет жоқ. Сол себепті қазақстандық, шетелдік деп бөлу кей тұста қажет емес. Себебі ғылым адамзат игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Шетелдің де шетелі бар. Мысалы, Еуропалық ядролық зерттеулер мекемесі (CERN) ғылыми орталығын Еуропаның бірнеше мемлекеті құрды. Мұндай орталықтар бізде жоқ болғандықтан,біздің ел жақсы деп айта алмаймыз.Біздің қоғамдағы ең басты сұрақ қандай? «Қазақстан қалай әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына кіреді?» Бұл – утопия, яки жай сөз емес. Дамыған ел болу бәрімізге: жарлыға да, байға да керек. Қоғамда тұрақтылық, даму болмаса, сіздің байлығыңыздың құны – көк күл. Іргелі ғылым – осының негіздерінің негізі, жоғарғы білімнің тірегі. Іргелі ғылыммен соғыс болып жатса да айналысу керек. 1940 жылдары соғыс кезінде Колмогоров, Векуа тәрізді танымал математиктер өз ісімен шұғылдана берген. Есебін шығарып отырған. Ал қазір біз «дағдарыс» дейміз.Биліктің, мемлекеттің араласатынраласпайтын тұсы болады. Мемлекет іргелі ғылымды тек қаржыландыруы керек, басқасына араласпауы тиіс. Іргелі ғылымдағы басымдықты менеджер емес, ғалымдар анықтауы керек, «Мемлекет іргелі ғылымды сүйемелдеу үшін қанша қаржы жұмсауы керек?» деген сұрақты қызықтап көрдім. Бүкіл Қазақстандағы іргелі ғылымды дамыту, онымен айналысатын ғалымдарды 2-3 жылға қамтамасыз ету үшін екі-ақ мықты көпірдің құны кетеді екен. Екі көпірді салып қоясыз, сел алып кетеді. «Ой, көпір керек емес» деп салмай қоймайсыз ғой. Қымбатынан тағы екеуін саласыз. Ғылымның маңызы одан жоғары. Мемлекеттің парызы – іргелі ғылымды қорғау», дейді Дурвудхан Сұраған. Математик PhD атағын 2013 жылы 25 жасында мерзімінен бұрын қорғаған. Оның мұндай жетістікке жетуіне білім алудағы еркіндігі себеп болған екен. Содан да болар, ғалым оқушының үй тапсырмасын азайту – дұрыс шешім деп есептейді.«Моңғолияның қазағымын. Мектеп табалдырығын аттаған уақытым 90-жылдарға сай келді. Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттердің барлығы экономикалық дағдарысқа ұшырап, күнкөріс жағынан қиыншылық көріп жатты. Өзім малды отбасында дүниеге келгенмін. Ынтам болса да, мектепке бару мәселесі оңай болмады. Қай мектепке жақын қоныстанамыз, сол мектепке барып білім алатын болдым. Қазір ойлап қарасам, тауда мал бағып жүргендіктен болар, оқуға деген құштарлығым, санам тұнық болған сияқты. «Оқушының үй тапсырмасын азайту керек» деген ұсынысты өз басым қатты қолдаймын. Себебі ынтасы бар балаға мектеп көп бөгет болмауы керек. Әрине, іргелі білімді беруі керек. Бірақ баланы мектепке байлап қоюға болмайды. Еркін білім алу үрдісіне кедергі болмауымыз керек», – дейді жас ғалым.Қазір Дурвудхан Сұраған математиканың бірнеше бөлімінің және теориялық физика тарауларының қиылысын зерттеп жатыр. Осылайша қазақ ғалымы бірқатар ғылымның басын тоғыстырып, мәнін іздеп келеді.Жапонияның үздік студенті атандыЖапон елін таңдандырған қазақтың бірі – Сәуле Жолдаяқова. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға аттанған Сәуле қазір Жапониядағы тағы бір шәкіртақыны жеңіп, PhD докторантурасында білімін жалғастырып жатыр. Жас ғалым  Қазақстанда сутегі қоғамын дамытқысы келеді. Не себепті екенін өз аузынан білуді жөн санадық.«Әлем бойынша сутегі энергиясының зерттелу көрсеткіші жоғары емес. Сутегіні «жанғыш ауа» деп те атайды. Зерттеу жұмысым сутегіні тиімді, қауіпсіз, арзан жолмен пайдалану бағытына арналады. Сутегіні сақтау қауіпті. Бұл процесті сұйық немесе газ түрінде орындауға болады. Бұлар – экономикалық тұрғысынан тиімсіз жолдар. Қатты күйінде, яғни сутегіні арнайы металдар қоспасына сіңірту арқылы да сақтауға болады. Алайда ондай қоспалар өте қымбат және сирек металдардан жасалады. Зерттеуімде сондай металдарға сай келетін қасиеті бар арзан металды табуды көздеп отырмын. Меніңше, ондай металл Қазақстанда бар. Бұл – тек біздің еліміз үшін ғана емес, әлем үшін маңызды саланың бірі.Хромның әлемдегі ең көп қоры Қазақстанда, марганец екінші орында, ал титанның әлемдегі өндіру көрсеткішінің 20пайызы біздің елдің үлесінде. Осы үш металдың қасиеттерін ескергенде, бұлардан бізге қажетті қоспа шығаруға болатынын байқадым. Қазіргі уақытта идеалды пропорцияны анықтап жатырмын», дейді жас ғалым. Жапонияның энергиямен өзін-өзі қамту көрсеткіші – 6 пайыз, ал Қазақстандыкі – 200 пайыз. Біз экспорттасақ, олар, керісінше, импортқа жүгінеді. Шетелге тәуелді болмаy үшін Жапония жаңа технологияларға, соның ішінде сутегіге көңіл бөліп жатыр. Токио–2020 олимпиадасына дейін сутегі қоғамының моделін жасамақшы. Қазір сутегімен жүретін машиналарды Toyoto, Nissan, Honda компаниялары шығарып жатыр. Бұл автокөліктердің бағасы қарапайым адамдардың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы субсидиялар бөлініп, сутегі станциялары салынуда. Қазіргі уақытта мұнда 80-ге жуық сутегі станциясы жұмыс істейді.«Бұл сала әлі зерттелмегендіктен,нөмірі бірінші мемлекет анықталмады. Жапония осы орыннан табылуға тырысып жатыр. Егер Жапония осы элементтің тиімділігін көрсететін болса, олардың технологияларына да қызығушылық оянады. Қазіргі уақытта әлем балама энергия көздерін қолдану саласына еніп келеді. Алайда күн, жел энергиялары табиғатқа тәуелді, тұрақсыз. Біресе күн ашық, біресе бұлтты, кейде қатты жел, кейде баяу. Ал сутегі тұрақты энергия көзі бола алады. Сондай-ақ күн, желден алынған энергияны сутегі арқылы сақтауға, қолдануға болады. Литий-ионды аккумулятор сияқты батареялар энергияны сақтау көзі ретінде қазірдетанымал. Дегенмен оларда сақталатын энергия мөлшері, тығыздығы, сақтау мерзімінде шектеулер көп», дейді зерттеуші.Осыдан 20 жыл бұрын күн энергиясын алатын панелдердің бағасы қымбат болған, қазір баға едәуір төмендеді. Сәуленің ойынша, болашақта сутегі энергиясын қолдану да қолжетімді деңгейге жетеді. Қазақ қызы бұл уақытта зерттеу жұмысының маңызы артады деген сенімде.Қазақстанда робототехниканың болашағы бар ма?Отандық робототехниканың болашағы зор деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі әлемде осы саланың жетекшісі болған, Жапонияда білім алған Азамат Ешмұхаметов тәрізді білікті ғалымдар еліміздегі робототехниканың негізін қалап келеді. Қазіргі уақытта жас ғалым жапон елінде робот жасаудың қыр-сырын меңгеруді жалғастырып жатыр. Одан Қазақстанда сабақ алған 40 студент жарты жыл ішінде өзінің төлтуынды технологиясын құрастырып шыққан.«Шәкірттерімнен бір семестрдің ішінде бір дүние жасап шығаруын талап етемін. Сабаққа келгенде алдымен кез келген техниканың көшірмесін жасатамын. Өзім көмектесемін. Нәтижесінде семестрдің аяғында барлығы түпнұсқа, жеке туындыларын ойлап табады. Бір семестрде шамамен 60 бала оқыттым, соның ішінде 40 студент өз технологиясын жасап шықты», — дейді Азамат Ешмұхаметов.Токай университеті түлегінің бұған дейін төл жобаларымен де аты шыққан. Солардың бірі медицина саласына бағытталады. Қазір ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнап экзоскилет (жасанды қол, аяқ) жасап жатыр.«Біз жасаған экзоскилет адамның денесіне сүлбе ретінде жабыстырылады. Экзоскилеттің буындарында қозғалтқыш болады. Мүмкіндігі шектеулі жан денесіндегі осы қозғалтқыштар арқылы амалсыздан жүреді. Экзоскилет арқылы адам қалай жүріп бастайдысолай өзіне деген сенімін қайта күшейтеді. Себебі ми мен қозғалыссыз қалған дене мүшесінің арасында байланыс туады. Барлығы қалпына келгеннен кейін экзоскилетті шешіп тастауға болады. Мұны студенттеріммен бірге жасап жатырмын», дейді ғалым.Азамат Ешмұхаметовтің тағы бір қызық жобасы биосенсорлармен жүзеге асып жатыр. Адам денесіндегі бұлшық еттер жиырылғанда өзінен ток бөледі. Оны робототехниктер микроэлектродтар арқылы сезіп отырады.«Қазір адамның жасаған қимылдарының алгоритмін жазып жатырмыз. Бұл – өте күрделі процесс. Жоспар бойынша алған алгоритмімізді роботқа бермекпіз. Бұны аяқтағаннан кейін, сигналды адамның миынан аламыз. Ол үшін майнд-флекс арқылы қол-аяғы жансыз, тек миы қызмет ететін адамды жатқызып,ми алгоритмін жазбақпыз. Сегіз сигналдың барлығының алгоритмін алғаннан кейін оны роботқа бейімдемекпіз», дейді Азамат Ешмұхаметов.Қазақ ғалымының ірі жобасының бірі «Ямомото» робот-гибдрит болды. Қазір робот-фермерді құрастырып жатыр. Ол қызанақты өзі отырғызып, суарады, шөбін жұлады. Түнімен шаршамай жұмыс істей береді. Арамшөптерді өсіртпейді, өзі отырғызған өсімдікті сақтайды. Ғалым бұлардан бөлек, санмен басқарылатын білдектерді де жасайды. Азамат  Ешмұхаметовке жобаларының барлығын қолданысқа енгізу үшін үлкен команда керек. Сол үшін де қазақ студенттерін робототехника саласына бейімдегісі келеді.Қазір әлемде робототехника біз ойлағаннан да озық деңгейге жеткен. Бүгінгі таңда жасанды интеллект жылдам қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы Facebook желісіндегі жасанды интеллект бағдарламасы жабылып қалды. Өйткені роботтар өз тілін құрастырып алған екен. Бұған дейін жасанды интеллект роботтар бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлескен. Бір күні байқаса, ешкім түсінбейтін тілді ойлап тауып, өзара байланысуды шығарған.«Робот ешқашан шаршамайды, бар керегіинтернет пен ток болса жеткілікті. Адамға қарағанда мың есе тез жұмыс істейді. Бұл жаңалықты естігеннен кейін тіксініп қалдым. Бес жыл бұрын мақалалар оқып жүргенімде, жасанды интеллект қойдан ақылды болмаған. Осындай құбылыс орын алғаннан кейін, алдағы бес жылда не болатынын білмеймін»,   дейді қазақ ғалымы.Қатерлі ісікті емдеудің жолы барМедицинада монодисперсті бөлшектерді қолдана отырып, сәуле арқылы қатерлі ісікті жоюға болады. Сол себепті осы монодисперсті бөлшектердің бағасы нарықта өте жоғары. Мысалы, 1 грамының құны 100-1000 долларға дейін барады. Бағасы функционалды сипатына байланысты құбылады.Қатерлі ісікті жоятын монодисперсті бөлшекті алудың арзан тәсілін тапқан қазақ ғалымы туралы біреу білсе, бірі әлі естімеген. Нанотехнология саласының маманы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, PhD доктор Дидар Батрышев – бірнеше өнертабысына патент алып үлгерген жас ғалым.«Полидисперсті бөлшектерді плазмаға тастасақ, заряд алуды бастайды. Содан оның құрылымдары пайда болады. Біздің тәсіл бойынша қажетті өлшемде монодисперсті бөлшектерді құрылымнан бөліп, жинап алуға болады. Бұл – плазмада жүзеге асатын сепарация. Өнертабысқа патент алдық.Зерттеп көргенімдей, әлемде ғалымдар бұл саламен көп айналыспайды. Бізден бөлек,тек Ресей ғалымдары зерттеп жүргенін білеміз. Полидисперсті бөлшектен, арзан ұнтақтан қымбат бағадағы монодисперсті бөлшектерді алу – біз үшін жетістік. Қазіргі уақытта түрлі форумдарда осы жобамыздың презентациясын жасап келеміз. Жақын арада қолданысқа еніп те қалуы керек. Бұл – әрі өте қажетті, әрі табысты, рентабельді жұмыс», дейді Дидар Батрышев. Ғалымның бағалауынша, Қазақстанда нанотехнологияның даму қарқыны көңіл көншітерлік деңгейде. Бұлай деуіне олармен әлем ғалымдарының пікір алмасып, ой бөлісуі себеп екен.«Бірнеше командамен бірігіп жұмыс істейміз. Сәйкесінше бірнеше жетекшім бар. Әр жоба өзіме қызық әрі қиын. Бұл жобалардың барлығы әлемдегі актуалды тақырыптар аясына кіреді. Әртүрлі болғанымен,барлығы екі сала төңірегінде: наноматериалдар және IT технология. Өз басым жан-жақты болуды құптаймын. Қазіргі уақытта Ресеймен, Германия, Венгрия, Франция ғалымдарымен жақсы байланыс жасаймыз. Жылына кем дегенде екі шетелдік профессор университетімізге келіп, дәрістерін оқиды. Нанотехнология саласы елімізде көңіл көншітерлік қарқынмен дамып келе жатыр. Егер бұл сала біздің елде кенде қалған болса, шетелдік ғалымдар біздің пікірімізбен санаспайтын еді. Импакт-факторы жоғары журналдарда ғылыми мақалалар жарияланбас еді. Әрбір саланың өз деңгейі болады, зерттеу бір ғана микроскоппен қараумен шектелмейді», дейді қазақ ғалымы. Дидар Батрышев зертханасында нанотүтікшені өсірумен де айналысады. Бұл – өте қиын эксперименталды жұмыс.  Олар екі түрлі жолмен өсірілген түтікшелерді синтездеу арқылы сепарация жасайды. Бұл өнертабысқа да патент алынған.«Пайда болған материалдан тензосезгіш датчик жасадық. Оны аналитикалық таразы ретінде қолдануға болады. Қарапайым таразылар 0-150 кг салмақты өлшесе, тензосезгіш датчикті таразылар кішкентай салмақтағы заттарды өлшейді. Сезгіштігі жоғары, ақпаратты бірден береді. Біз жасаған датчикті түрлі мақсатта қолдануға болады», дейді ол.Бұдан бөлек, Дидар Ғалымұлы 2012 жылдан бері әріптестерімен бірге фулеренді зерттеп келеді. Фулерен – оттекті ең көп сақтайтын материал. Олар бірнеше жылдық еңбек жуырда жемісін береді деген үмітте.Бір қызығы, қазақ ғалымдары жайында Қазақстанда көбі білмегенімен, шетелде аты мен затын құрметтейтіндер аз емес екен. Тек алдағы уақытта қазақ ғалымдарының тағы бір жетістігі туралы шет мемлекет емес, қазақ қоғамы «естімей» қалмаса болғаны. Дайындаған Ақжарқын Қыдырханова
Тегтер: