Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:11, 30 Шілде 2021

Жат ағымның жәбірі көп

None
None

Елімізде діни ахуал бір қарағанда қалыпты көрінеді. Бірақ киім киісі мен түр әлпеті елден ерекшеленген қандастарымыздың қатары байқаусыз көбейіп барады.

Қоғамда қылаң беретін осындай жандарды жөнге салу ісі жүйелі жүргізуді талап етіп отыр. Қарағанды облысында радикалды идеологияға қарсы күресті күшейту шаралары бір ізге түскен. Дәстүрлі діннен алыстағандарды дұрыс жолға түсіру үшін үгіт-насихат  жұмыстарын үздіксіз жүргізу түбі оң нәтиже беретіні анық.

– Шетелдегі шейхтарға емес, мешіттегі имамдардың пәтуасына құлақ асқан дұрыс. Жат ағым қашанда тұлғаның сана-сезімін бұзуға әрекет ететіні жасырын емес. Біздің өңірде де  деструктивті  бағытта шырмалған жандар аз емес. Мешіт имамдары мен ұстаздары «Жусан» операциясы нәтижесінде әскери аймақтан оралған отбасыларды қалыпты ортаға икемдеу бағытында ілкімді іс-шаралар жүргізіп келеді. Кезінде діни сауаттың осалдығынан шекара асып, кейін елге әкелінген  сегіз әйелмен жұмыс жасаудамыз. Олардың үшеуі  Қарағанды маңындағы түзету мекемесінде кесілген мерзімін өтеп жатыр. Жабық сана, шалыс қадамның салдарынан сан соққан қыз-келіншектер сол қылықтарына енді өкініш білдіреді. Бәрінен бұрын алтын ұя – туған Отанға аман-сау жеткендеріне қуанады. Дегенмен адасып, кейін үйірін тапқан жандарға түсіністікпен қараған абзал. Тағдырының ізіне қара таңба түсірген әйелдерді қолдау әрқайсымызға міндет.

Бостандықта жүрген және жабық мекемеде отырған осындай нәзік жандармен біз айына төрт рет кездесіп, ислам ілімінің қағидалары, оның ішінде Әбу Ханифа мәзhабы бойынша дәріс  оқимыз. Тыңдаушылар өз ырқымен мүфтият мақұлдаған кітаптарды алып, сусындауда. Сонда аңғарғанымыз, ақиқат дінге қаныққандардың беті бері бұрылып келеді. Ізгі амалға иланған қандастардың ықыласы біздің жүрегімізге қуаныш ұялатуда, – дейді  облыстық «Әнет баба» орталық мешітінің ұстазы әрі аймақтық әйел-қыздар секторының меңгерушісі Арай Бакирова.

Дін – нәзік дүние. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бекер айтылмаған.  Ислам қағидасын қасиетке емес, қасіретке душар етіп жүрген білімсіз фанаттардан қорғану – бүгінде әлем халықтарының алдындағы басты ұстаным. Қазақстан да жат ағымдағылармен күресті алғашқы орынға қойып отыр.

Тегтер: