Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:26, 19 Тамыз 2022

Жат жұрт пен «Жер ұйық»

None
None

Қоғамдағы өзекті мәселелерді экрандап, ел назарын аудару Еуропа мен Америкада бұрыннан бар дәстүр.

Экономика мен руханиятты тең ұстайтын, «Жұмсақ күштің» сиқырын әбден меңгерген қытайлықтардың түйткілді мәселені көркемдік деңгейге көтеріп, қалай бір жақтылы ететіні үйренуге тұрарлық.

«Есікті айқара ашу» кезінен басталған қытайлықтардың шетелге кету ағыны тоқсаныншы жылдардың басында шырқау шегіне жетеді. Қытайдың Орталық телеарнасы сексенінші жылдардың басында Америкаға қоныс аударған музыкант Цаугүйлиннің өмірбаяндық романы — «Нью-Йоркқа барған бейжиңдіктерді» телесериалға айналдырып, 1994 жылдың басында көрерменге ұсынады. Сериалдың бас кейіпкері — музыкант Уаңчимиң виолончелін арқалап, әйелімен бірге Нью-Йоркке бақыт іздеп келеді. Кедейлер районынан үй жалдайды. Көше бұзақыларының шабуылына ұшырап, бар жиған-тергенінен айырылады. Күнкөріс қамы үшін әйелі тоқыма тоқып, өзі Қытай ресторанына қара жұмысқа жалданады. Жанкешті еңбектің арқасында ақша жинап, кәсіп ашады. Бірақ байыған сайын аралары алшақтай береді. Уаң ресторанның әйел қожайынымен әуейі болады. Әйелі серіктес шетелдіктің сезімін қабыл алады. Арттарынан келген қыздары оларға ерегесіп, үй бетін көрмейтінді шығарады. Сыныптасымен махаббаттасады. Көп өтпей, жігітінің әкесімен көңіл қосады.

Өз-өзіне келген Уаң отбасын сақтап қалу қамына кіріседі. Әйелінің көңілін қайтара алмайтынын білгенде, тым болмаса, қызының бетін бері бұруды ойлайды. Оны Нью-Йорктің адам көп жүретін көшесінен, Африкадағы кедей балаларға жылу жинап отырған жерінен табады. Қызы сыпайы түрде әкесінен қайрымдылықпен айналысып жүргенін айтып, жұмысына кедергі келтірмеуін өтінеді. Өзіне, әлде басқаға айтқаны белгісіз, «Менің қызым аш-жалаңаш балаларға көмектесіп жүр, ал менің қызыма кім көмектеседі?!» – дейді Уаң шарасыз күйде.

Аталмыш сериал Қытай тарихында шетелде түсірілген алғашқы отандық өнім саналады. Ең мықты кадрлардан жасақталған шығармашылық топ оқиғаның шынайылығын арттыру үшін осындай жолды таңдаған. Көптеген көркемдік детальдарды шебер пайдаланған. Оқиғаның бет алысы төңкерілген шелекті сабалап отырған көше музыкантының ритм қағысы арқылы берілсе, әр серияның алдында қайталанып отыратын «Егер сен оны сүйсең, Нью-Йоркке жібер, себебі ол жер – жұмақ, егер оны жек көрсең, Нью-Йоркке жібер, себебі ол жер – тозақ!» – деген беташар сөзі адамды екіұдай сезімге қалдырады. Батысша киінген Уаңның қымбат көлікте Мао заманындағы төңкеріс әндерін тыңдап келе жатқан эпизоды сериялдың негізгі идеясын, құндылықтар ортасында таңдау жасауға мәжбүр болған кейіпкердің ішкі қайшылығын аша түседі. Сериал күткендей, Қытай қоғамында ерекше аңыс тудырады. Содан бастап батысқа, Америкаға көзсіз табынатын тенденция азайып, отанға қайту науқаны басталады. Жазушы Цаугүйлин «Бейжиңдегі Нью-Йорктіктер» деген атпен романның жалғасын жазады.

Кейінгі кезде Қазақ қоғамында да жастардың шетелге кетуі, қыздардың жат жұрттықтарға тұрмысқа шығуы көбейді. Жұрт аңысы әлеуметтік желідегі құр байбаламнан ары аспай тұр. Африкалық зәңгінің артынан кеткен қара көздің, отбасын алып Сирияға жиһадқа барған тақуаның, Кореяда қара жұмысқа жегілген ауыл қазағының күйініш-сүйінішін, тағдыр талайын қоғам толық сезінбеген. Оларды тәуекел қадам жасауға итермелеген әлеуметтік, экономикалық, мәдени себептерге де қоғам көзқарасы біркелкі емес. Біркелкі болмайтын себебі, олардың экрандағы толыққанды көркем бейнесі жасалмаған. Жасалмайтын да түрі бар. Өйткені қазіргі кино өндірісін жаулап алған КВН мен той сахнасынан шыққан кинокештер ондай міндетті арқалауға қауқарсыз. Нарықтық кезеңде өнерге талпынған олар аға буын киногерлердің тәжірибесінен үйренуден гөрі жағасына жармасуға бейім. Құдалық, қыз алып қашу, ене мен келін қатынасы сияқты заман көшінен қалған, өзектілігін жоғалтқан дүниелерден арзан шоу жасаумен әлек.

Жастардың жақсы, не бөтен ниетпен шетелге кетуі, Қазақстан жағдайынан алғанда, ұлттық идеологияның дәрменсіздігінің көрінісі. Ұлттық тәрбиеге, рухани қауіпсіздікке немқұрайды қараудың салдары. Осы бастан кино, телеарна, интернет желісі сияқты мәдени тетіктер арқылы тілдік, әрі рухани бір тектілікті дәріптемесек, өскелең ұрпақты жат жұрт пен жер ұйықтың парқын білуге тәрбиелемесек, болжаусыз ақуетке ұрынарымыз анық.

Тегтер: