Жат жұртты жағалағандар...
Басын ашып алайық. Материалдың ұлтаралық кемсітуге еш қатысы жоқ. Қазақ, өзбек, қырғыз деп айтып отырғанымыз ұлттық бөлшектеу емес, әлеуметтік түйткілден туған әңгіме.
Сөз басында осыны ескертіп қояйық. Жалған ұлтшылдықтарыңызды тұншықтыра тұрыңыздар!
Сонымен, бұрын біздің қазақ өзбек пен қырғызға күлетін. «Жастары қаңғырып шетелде жүр», «Мемлекеті кедей, халқы тозып, босып кетті», «Қазақтың бір үйінде екі өзбек, бір қырғыз жалданады» деп, өзімізше мақтанушы едік. Енді сол күнге өзіміз түстік. Қазір қазақтар да жалданатын болды. Кімге дейсіз бе? Баяғы мысқылдап күліп жүрген өзбекке.
Тәшкенттің айналасына салынып жатқан зауыттар мен өндіріс орындарында біздің қазақтар барып жұмыс жасап жүргенін бірер жылдың алдында еститінбіз. Соны биыл өз көзімізбен көрдік. Шымкент, Түркістан, Тараз жақтан барған жастар сол зауыттар мен фабрикаларда өзбектерге жалданып, нәпақа таба бастапты. Бұл – бір.
Екінші, соңғы жылдары қазақтың жастары жаппай Оңтүстік Кореяға барғыштап кетті. Асып-тасқанынан емес, нан табу үшін еңбегін сатып жүр. Дұрыс, еңбектенген жақсы. Алайда қазақтың тепсе темір үзетін жастары түбектегі тоқымдай елге барып, тағы да өзбектерге жалданады екен. Жалған намыстан жарылсаң, енді жарыл!
Кореяда өзбекке жалданғаны несі деуіңіз мүмкін? Онда айтайық. Өзбекстан мен Оңтүстік Корея арасында еңбек келісімшарты бар. Өзбекстан азаматтары еш кедергісіз түбекке барып жұмыс жасап, тұрақты тұра алады. Ал Қазақстанмен ондай еңбекшарты жоқ. Сондықтан біздің жастарымыз Кореяға әртүрлі жолдармен кіріп алып, заңсыз жұмыс жасайды. Қашып-пұшып күн кешеді.
Егер Алматыдан төте ұшып барсаңыз, ұшақтан түскен жерде кеден қызметкерлері қазақтардың жұмыс істеуге келгенін бірден біліп, сөмкеңізді қолыңызға беріп, артыңыздан бір тебеді. Ал Ташкент арқылы өзбектермен бірге барсаңыз, жеңілдетілген тәртіппен қарайды.
Қазақстаннан барған жастардың көбі кеденнен кедергісіз өту үшін әртүрлі айла-тәсілдерді қолданатынын бұрын да еститінбіз. Қазір тик-ток деген әлеуметтік желіде Сеуілде жүрген сергелдең қазақ жастарының өздері айтып отырады. Тікелей эфирде. Көбі барын киіп, бақанын қолына алып, саяхатшының образына еніп кіреді екен. Ары қарай сол жақта тұрақты тұрып жұмыс жасап жүрген өзбектердің тобына қосылады. Бұларға жұмыс тауып берген бригадир өз-әкам «шапкасын» бір алса, құжатын рәсімдеп екі «жейді». Қысқасы, сценарийдің ұзын-ырғасы осылай.
Әңгіме басында айтқанымыздай, Оңтүстік Кореяда біздің қазақтар өзбектерге осылай жалданып, жан бағып жүр. Ресми ақпарат бойынша, дәл қазіргі уақытта Корей түбегінде қазақтың 40 мың қыз-жігіті жалдамалы жұмыс жасайтын көрінеді. Бірақ олармен жасалған ешқандай еңбек келісімшарты жоқ, еңбек қауіпсіздігі де сақталмаған. Зорығып өліп жатыр ма, зауытта жүріп қолын жұлдырып алды ма, құрылыстан құлап кетті ме? Оған ешкім жауап бермейді, құны төленбейді.
Қырғыздарға да жалданып жүрген қазақтар туралы айттық қой. Біз тәуелсіздіктің буына мастанып, әлемдегі ураны ең көп, мұнай-газы бойынша ондыққа кіретін елміз деп масаттанып жүргенде қырғыздар Америка асып кеткен-ді. Сол қырғыздар қазір жұмыс іздеп барған мигрант қазақтарға жұмыс тауып беріп, үстінен «шапкасын» алып тұрады. Жол көрсетіп, жөн айтып жүргендер де сол айырқалпақты ағайын. Кезінде соларға күлдік қой. Қазір олар бізге күледі. Өмір кезек деген – осы.
Қырғызстан да, Өзбекстан да бізден кедей: мұнайы мен газы, көмірі мен мысы жоқ. Астығы да, мал шаруашылығы да мардымсыз. Біздің жеріміз кең, байлығымыз мол. Бірақ шетелде сол көршілерге жалданып жан бағып жүрміз. Ащы болса да, шындық осы!
Сайлау деп сай қуалап, қыр жағалап шауып жүрген көбіктей көп партиялар мен жалғыз жортқан жалаңтөс баһадүрлер өздерінің 40 мың электораты Корей түбегінде азып-тозып, 10 мың қазақ Америкада босып жүргенін біле ме екен? Әй, партия түгілі, біздің үкіметке де бәрібір: білсе де бүйрегі бүлк етіп, жүрегі сыздамайды. Жастарды қарық қылдық, жұмыссыздықты жойдық, баспана бағдарламасын жасадық деп жарғақ құлағы жастық көрмей өтірікті судай ағызып жатқандары. Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін ері бола ма? Жастарда патриоттық сезім жоқ, отанын сүймейді деп кінә артуға дайынбыз. Жатжұртта жалданып жүрген адамға отаныңды неге сүймейсің деп сұрап көрші, Қазақстан, бетің шыдаса?