Жатжұртта жұмақ бар ма?
«Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап».
Марқұм Есенғали Раушановтың осы өлең шумақтарын жатқа білмейтін қазақ жоқ шығар? Ақын мұны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңсесін тіктей алмай отырған қазақтарға ұран болсын деп жазғандай. Ол кезде алмағайып заман еді. Қазақ өз елінде, өз жерінде келімсектің күйін кешті. Қазір ше? Қазір ел еңсесін тіктеді. Бірақ соңғы жылдары Отанының патриоты, Қазақстанның болашағы саналатын жастарымыз жаппай шетелге кетуде. Өз елінен жұмақ таба алмай жүргендер көп. Көпті кінәлаудан аулақпыз. Бірақ Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар? Әукелде, шетелге қазақ жастары оқуға баратын. Соңғы бес-алты жылдан бері жұмыс істеп, нәпақа табу үшін көбірек қоныс аударуда.
Жуырда ғана Желтоқсан батырлары туралы материал дайындап жатқанда, қанды оқиғаны басынан кешкен ағаларымыз: – «Біз тәуелсіз ел боламыз, қазақты қазақ басқарсын!» деп алаңға шықтық. Ол кезде біздің болашақтан үмітіміз көп еді. Қазіргі жастарды аяймын. Оларда үміт аз. Жемқорлық жайлаған жүйеде есі дұрыс білім, тәуір тұрмыс та болмайды. Олар бұл жүйенің оңайлықпен ауыспайтынын да түсінеді. Себеп-салдарын көріп, біліп отыр. Сондықтан, мұздай құрсанған, қардай сірескен бүгінгі саяси жүйені ауыстыруға жастардың құлқы жоқ. Шамалары келмейтінін біледі. Білген соң оқыған-тоқығандары, шамасы келгендері шетелге көшіп жатыр» деген еді. Енді ойлап отырсам, сол сөздің жаны бар сияқты.
Жаны бар дейтініміз, биыл қаңтардан қазанға дейінгі 10 айда Қазақстаннан – 27 723 адам шетелге көшіп кетіпті. Миллиард халқы бар қытай емес, 150 миллион орыс емес, 20 миллионға жетер-жетпес Қазақстан үшін бұл үлкен көрсеткіш. Ал біздің елден пана тапқысы келгендердің саны –8300 адам екен. Ұлттық статистика бюросы осындай мәлімдеме жасапты.
Сонымен, жатжұртқа қарай көз сүзгендердің дені қай елдерге көшуде? Тағы да ресми дерекке сүйенейік. Бізден көшкен азаматтардың көбі Ресейге барып тұрақтапты. Онысы түсінікті, орыстың Ресейден басқа отаны жоқ. Мәскеу жағалайтындардың кімдер екенін содан білуге болады. Ал Еуропа елдері мен Германия, Польша, Беларусь пен Израильге де қоныс аударғандар аз емес екен. Олардың дені қаракөз қазақтар. Не үшін кетіп жатыр? Әрине, жақсы жалақы, жайлы тұрмыс. Сонымен, шетелге қандай мамандар кетуде? Әлгілердің басым бөлігі техникалық салада жұмыс істеген азаматтар екен, олар – 2384 адам. 1158 экономист, 678 педагог, 417 медицина қызметкері мен 282 заңгер шетел асып кетіпті.
Биылғы статистика былтырғыдан көп болатын түрі бар. Өйткені 10 айдың өзі былтырғы 1 жылдың көрсеткішіне пара пар. Мәселен, 2020 жылы 29 100 адам шетел асқан екен. Олардың арасында да білікті кәсіби дәрігерлер мен мұғалімдер, экономистер бар көрінеді. Бұл енді мамандықтарына қарай бөліп-жарған деректеріміз.
Ал ұлтына, нәсіліне қарай айтсақ ше? Тағы да Ұлттық статистика бюросына жүгінейік. Өткен жылы Қазақстаннан басқа елдерге 20 313 орыс, 2 481 неміс, 2 097 украин, 1 311 қазақ, 807 татар, 423 поляк, 355 беларусь, 183 кәріс, 138 өзбек, 113 әзербайжан, 90 шешен, 75 молдован, 63 башқұрт, 58 грек, 52 болгар, 50 армян және басқа ұлт өкілдері қоныс аударыпты. Кеткен азаматтардың орнын толтырмаса да, алыс-жақын шетелден 5 575 қандасымыз, 2 651 орыс, 506 өзбек, 310 түрік, 278 қырғыз, 267 әзербайжан, 230 украин, 219 қарақалпақ, 204 неміс, 182 тәжік, 162 татар, 144 кәріс, 126 ауған, 46 түрікмен, 45 шешен, 44 беларусь, 40 ұйғыр көшіп келіпті. Ойлы кісіге ой салатын статистика!
Шетелге кетіп жатқандардың дені жоғары білімді екенін айттық қой. Мәселен, 29 мыңнан астам адамның 8 183-інің жоғары білімі бар көрінеді. Қалған 7 417 адамның орта кәсіби білімі бар, 4 334 адам жалпы орта білімді, 1 746 адамның негізгі орта білімі бар. Көшіп келгендердің ішінде 1 873 адамның – жоғары, 2 527 адамның – орта кәсіби, 3 447 адамның – жалпы орта, 1 777 адамның негізгі орта білімі бар. Демек, елімізден білімді, білікті мамандар шетке кетіп жатыр деген сөз. Саясаттанушылардың ми көші жүріп жатыр деген жанайқайы осы.
Соңғы бес жылды алып қарадық. Әсіресе 2019 жылы көш қарқынды болған. 45 мыңнан астам жерлестеріміз туған жерін тастап кетіпті. Ал соңғы 10 жылда елімізден алыс-жақын шетелдерге 366 мыңнан астам адам біржола көшіп кеткен. Бұл жай ғана цифр емес, бұл ұлт болып ойланатын дүние. Өйткені, кетіп жатқандардың бәрі өз отанына көшіп жатқан орыс пен украин емес қой. Қазақтар да көп. Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ екенін ескерсек, шетелден баспана іздеп кеткен қаракөздердің тағдыры еститін мемлекетті ойландыруы керек!
Жастардың, әсіресе, қазақ жастарының шетелге көшу себебін зерттеп жүрген, белгілі журналист Думан Бықайды әңгімеге тартқанбыз. Ол: – «Меніңше адам арманын орындау үшін оған жалғыз мотивация аздық етеді. Адам бойындағы ерік-жігер, ынта-ұмтылысты елдегі саяси жүйе қолдап, демеп отыруы керек. Саяси жүйеде әділдік жоқ кезде, пара алу, пара беру қалыпты дүние деп қабылданатын қоғамда мотивацияның көк тиындық құны жоқ. Байқар болсаңыз, дамыған елдердің дерлігінде мотивациясы, мақсат-мұраты жоғары адам діттеген жеріне жетеді. Себебі, елдегі саяси жүйе аяғынан шалмасын, керісінше заңдық, моральдық тұрғыдан көмек көрсетерін сезінеді» – деді.
«Шетелге кімдер көшіп жатыр?» деген сұрағымызға: – «Меніңше, Қазақстаннан көшкісі келетін, көшіп кеткендердің көпшілігі бұл елде алдағы арман-мұратын жүзеге асыра алмасына көзі жеткен, елдегі саяси жүйенің өзгеретінінен күдер үзген, белгілі бір дәрежеде тығырыққа тіреліп, тауы шағылған азаматтар. Әрбірден соң жақсы өмір іздеуге әркім-ақ құқылы! Бұл арада қазақтың атам заманнан келе жатқан кейбір нақылдары көнергенін, қазіргі заман тұрғысынан қарағанда актуалдығын жоғалтқандығын ашып айту керек.
Егер еліміздегі жалақы көңіл толарлық деңгейде болса, яки ас-суынан артылып, киім-кешегіне, серуеніне, саяхатына жетіп жатса, адам «кредит аламын, кәсіп бастаймын» деген бұлыңғырлау идеяға өз энергиясын шығындамас еді. Бар зейінін, пейілін негізгі жұмысына аударып, үйіне көңілі тоқ, шат-шадыман күйде оралар еді. Дамыған елдердің көпшілігінде адамға әділетті айлық төленеді» – деп елден кеткендердің есебін әлеуметтік мәселемен байланыстырды.
«Елден көшіп жатқандар Отанның патриоты емес пе?» деген сұрағымызға сарапшымыз: – «Қазақстаннан қоныс аударып жатқан азаматтарға айып тағудың жөні жоқ. Олар 30 жыл бойы күтті. Өзгеріс күтті. Бір орында омалып 30 жыл отырған кімге оңай соқсын. «Ертең-ертең...» Осы күнге дейін ертегінің елесіне алданып келді. Меніңше, адам бұл өмірге тек қиындық көру үшін келмейді. Істеген ісі, атқарған еңбегіне қарай зейнетін көріп, жемісін жеуге құқылы. Мәселе, қазіргі Қазақстанда бұл мүмкін болмай тұр. Көзқарасы, таным, талғамы Қазақстанның қалыбына сыймайтын адамдар бар. Олар осы елде жүре берсе, бойындағы потенциалды сарқып тынарын түсінеді. Түнеукүні осыдан 7-8 жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударған саясаттанушымен тілдестік. Елдегі саяси ахуалға көңілі толмағандықтан көшіп кеткенін айтып, ағынан жарылды. Америкада арбаға таңылған әжейді күтіп-бағып, күніне екі уақ серуенге шығарады екен. Қазіргі кәсібі осы! Сөйте тұра көңілі тоқ, өміріне риза. Әлбетте, елден көшудің себептері көп. Біз бір ғана симптомына тоқталдық» – деді сөзін қорытып.
«Мешкей деген жаман ат» дегендей, Отаның бола тұрып, шетелден пана іздеу де жақсы қасиет емес. Бірақ оның алуан түрлі себептері бар. Оны да ұмытпау керек! Бұл ұлттық деңгейде ғана емес, мемлекеттік деңгейде ойланатын шаруа.