Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 25 Қазан 2024

Жау болған екі дос. Ердоған мен Гүлен

 Режеп Тайып Ердоған мен Фетхуллаһ Гүлен
Фото: AFP

20 қазан күні Фетхуллах Гүлен АҚШ-та, Пенсильваниядағы клиникада қайтыс болды. Оның есімі қазақ жұртына да етене таныс.

Мұның себебі бір кездері Қазақстанның әр өңірінде жаппай ашылған Қазақ-түрік лицейлерімен және Гүленнің ислам іліміне қатысты кітаптарының қазақ тіліне аударылып, басылуымен байланысты.

Сонымен, 1999 жылдан бері Америкада тұратын, түркі халқының ойшылы делінетін, Түркияның қазіргі президенті Ердоғанның «басты қарсыласы» деп аталатын Фетхуллах Гүлен кім? Өмір тарихы, ғылымдағы еңбегі, саясаттағы жолы туралы не білеміз? Бастапқы кезде Ердоғанның жақтасы болған Гүлен не себепті оның жауына айналып шыға келді. 2016 жылғы Түркиядағы әскери төңкерісті Гүлен ұйымдастырғаны рас па? Бүгін осы және басқа да Гүлен өміріне қатысты сұрақтардың жауабын іздеп көрмекпіз.

Фетхуллах Гүлен – 1938 жылы 11 қарашада (құжатта 1941 жылы 27 сәуірде деп жазылған) Түркияның Эрзурум аймағына қарасты Қорыжық ауылында дүниеге келген. Әкесі Рамиз Гүлен имам, мемлекет қызметкері болып жұмыс істеген. Ал анасының есімі – Рафиға. Дереккөздерде ол кісі бала тәрбиесімен, үй жұмысымен отырған деп айтылады. Фетхуллах Гүлен діни оқуға бала кезінен ден қояды, небәрі төрт жасында анасынан Құран оқуды үйреніп, он бір жасында қари атанады. Он сегіз жасынан бастап мешіттерде наиб-имам болып жұмыс істейді. Кейіннен әскери борышын өтеп келген соң 23 жасында мешітке имам болады.

1957 жылы дін істері басқармасының сынағынан өтіп, мемлекеттік жұмысқа кіріседі. Осыдан соң 1957-1965 жылдары Түркияның бірқанша қалаларында бас уағызшы болып қызмет атқарған. 1966 жылы Измирге қоныс аударып, сонда бас уағызшы болып жұмыс істейді. Гүленнің атының көпшілікке таныла бастаған кезі дәл осы Измир мешітінде жұмыс істеген жылдары. Шешен сөйлейтін, уағызды барынша ұғынықты етіп айтатын әрі жұрттың көкейіндегі сұраққа дөп басып жауап беретін жасуағызшы аз уақыттың ішінде тұтас Түркияға танылып үлгереді. Әсіресе оның діни қағидалар мен рухани құндылықтарды, білім, білімді сабақтастыра айтқан, рухани құлдырауға тосқау болуға үндеген уағыздары ел арасында қызу талқыланды. Соның нәтижесінде 1977 жылы 36 жастағы Фетхуллах Гүлен Түркияның ең ірі мешіттерінің бірі – Ыстамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінде уағызшы болып тағайындалады.

Енді Ыстамбұлдағы жамағат оның уағызын тыңдау үшін Сұлтан Ахмет мешітіне ағылады. Кейбір деректерде Фетхуллах Гүленнің уағызын тыңдауға елдің сол кездегі премьер-министрі Сүлеймен Демирел де жиі келетіні айтылады. Алайда Гүлен 1981 жылы денсаулығына байланысты уағыз айтуды тоқтатады. Кейін 1989-1992 жылдары бұл жұмысын қайта қолға алады. Бірақ 1992 жылы денсаулығы сыр беріп, уағыз айтуды біржола доғарады.

Бұдан кейін Фетхуллах Гүленнің қоғамдық қызметі, ғылымдағы жолы басталады. 1994-1996 жылдары ол исламның рухани және моральдық қағидаларына негізделген тұжырымдарын ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жеткізеді. Осы уақыт аралығында Фетхуллах Гүлен Түркияның баспасөз беттерінде, телеарналарында жиі сұхбат бере бастайды. Оның ислам дініне қатысты, ғылым, білім, рухани құндылық жөнінде айтқан уағыздары бейнетаспаларға түсіріліп, көбейтіліп басылып, Түркияның түкпір-түкпіріне тарайды. Гүленнің сөздері парламент қабырғасында жиі айтылады. Осыдан соң оны Түркия президенттері Тұрғыт Өзал мен Сүлеймен Демирел қабылдайды. Осы кезде Фетхуллах Гүлен жүргізіп отырған рухани жұмыстарының бағыт-бағдарын мемлекеттің тиісті орындарымен ақылдасып отырған делінеді.

1999 жылы Фетхуллах Гүленнің жүрегі сыр береді. Сөйтіп, Америкаға барып бірнеше рет ота жасатады. Бірақ түбегейлі жазылып кете алмайды. Ақыры дәрігерлердің қадағалауында, Америкада қалуға шешім қабылдайды. Осылайша, Фетхуллах Гүленнің өмірінің соңғы 25 жылы Америка құрама штаттарында өтті. Біреулер оның Америкада тұрақтап қалғанын денсаулығымен, ұшақта ұзақ ұша алмайтынымен байланыстырады. Енді біреулер Фетхуллах Гүленге билік тарапынан саяси қысым көрсетіліп, мәжбүрлі түрде шет елге кетті деп есептейді.

«Хизмет» қозғалысы деген не?

Америкаға барғаннан кейін Гүлен негізінен шығармашылықпен айналысып, кітап жазады. Кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, таратылды. Қазақ тіліне де тәржімаланды. Зерттеушілер Фетхуллах Гүлен еңбектерінде рухани тұтастықты, бейбітшілікті, дінаралық татулықты сөз еткенін айтады. Сондай-ақ адамдардың өзара сенімі, Алла алдындағы жауапкершілігі жөнінде пәлсапалық тұжырымдар түйеді. Бастысы – адамдарды ғылымға, оқуға, үйренуге жетелейді дейді. Фетхуллах Гүленнің дәл осындай гуманистік негіздегі көзқарасы кейіннен оның «Хизмет» қозғалысын құруына себеп болды. Кейіннен ол жетекшілік еткен «Хизмет» қозғалысына миллиондаған адам мүше болады. Қозғалыс 150 елде мыңға жуық білім ошағын қаржыландырады.

Фетхуллах Гүленге қатысты айтылатын әртүрлі пікірдің бірі осы «Хизмет» қаржыландырған мектептерге келіп тіреледі. Аталған білім ошақтарын жекелеген кәсіпкерлер қаржыландырады. Онда көбінесе қаржылық мүмкіндігі жоқ, оқуға ынталы балалар білім алады. Гүленді жазғырушылар кедей студенттерді оқуға тартып, оларды өз ұйымдарына қосады деп есептейді. Сондай-ақ ақшалы кәсіпкерлердің «Хизмет» қатарында болуы да қауіпті деп ойлайды. Алайда Гүленнің бұл қадамын жақтайтындар да көп. Олар аталған мектептер бұрынғы медреселер сияқты Құран жаттатпайтынын, негізінен математика, физика сияқты сабақтарға баса көңіл бөлетінін, тіпті ондағы оқушылар бірнеше шет тілін қатар меңгеретінін айтады.

Гүлен мектептері Орталық Азияға Совет өкіметі ыдыраған соң, 1991 жылдан кейін келе бастады. Бұл мектептер Қазақстанда «Қазақ-түрік лицейлері» деп ашылды. 2016 жылға дейін осы атаумен еліміздің бірқатар өңірлерінде, білім саласында жұмыс істеп келді. 2016 жылғы Түркияда болмай қалған әскери төңкерістен соң «Қазақ-түрік лицейлерін» жабу туралы сөз жиі айтыла бастады. Себебі Ердоған билігі «Түркиядағы әскери төңкерісті гүленшілер ұйымдастырды» деді, әрі «Қазақ-түрік лицейлерін» де Гүленмен байланысы бар деп айыптады. Тіпті Түркия президенті Ердоған: «Олар қауіпті, жауып тастау керек» деп ашық қарсылығын білдірді. Алайда Қазақстан билігі бұл оқу ошақтарының керек екенін, сапалы білім беріп жатқанын, ең бастысы – онда 90 пайыз қазақ оқытушылар жұмыс істейтінін айта келіп, мектепті жабудан бас тартты. Бірақ атауын өзгертті. Қазір «Қазақ-түрік лицейлері» «Білім-инновация лицейі» деп аталады.

Бұрын дос, кейін жау Ердоған мен Гүлен

Әу баста Ердоған мен Гүлен соңғы жылдардағыдай азар болмаған. Тіпті Ердоған мен оның «Әділет және даму» партиясының 2002 жылы билікке келуіне Гүленнің көмегі тиген. Дегенмен арада көп уақыт өтпей, Ердоған мен Гүленнің жақындығына сызат түседі. Гүленшілер Ердоғанды авторитарлық билікке көшті деп жазғырады. Осыдан соң Гүлен қозғалысы Түркияда террористік ұйым деп танылды.

Ердоған үнемі Гүленді «мені қаралаушы» дейді. Әсіресе 2013 жылғы коррупциялық тергеу кезінде Ердоған «Гүлен менің жақындарымды орынсыз жазғырып отыр» деген еді. Алайда кейін жемқорлыққа қатысы бар делініп, бірқатар шенділер сотталды. Олардың арасында Ердоғанның жақтастары да болды. Мұны Түркия президенті «қара ниетті күштерден қорғану үшін» істегенін айтқан-ды.

Ердоған және оның жақтаушылары 2016 жылы 15 шілде күні Түркияда болған төңкерісті гүленшілер ұйымдастырды деп есептейді. Осыдан соң Түркия билігі Америкадан Гүленді қайтарып беруді талап етті. Алайда Анкараның бұл талабын Ақ үй орындаған жоқ. Осы оқиғаға қатысты Гүленнің өзі де сұхбат беріп: «Кейінгі бес он жылда бірнеше мәрте әскери төңкерістерден зардап шеккен мен сияқты адамға мұндай оқиғаға байланысты айыпталу – ұят әрі намысыма тиеді, мен ондай айыптауларды қатаң түрде терістеймін» деді. Тіпті тағы бір сұхбатында: «Егерде маған таққан айыптарының он пайызы дәлелденсе, АҚШ мені ұстап апармай-ақ қойсын, Түркияға өзім барамын, басымды дардың тұзағына өзім тығамын» деді.

Түркиядағы әскери төңкеріс жасамақшы болғандардың әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан соң тұтқындау, қуғындау күшейді. Ел көлемінде 80 мыңнан астам адам ұсталып, 150 мыңға жуық мемлекет қызметкерлері мен әскерилер жұмыстан қуылды. Кейбір ақпарат деректерінде қуғындалғандардың көбісі гүленшілер екені айтылады. Ердоғанның бұл әрекетін терістейтіндер Түркия билігі әскери төңкерісшілерді сылтау етіп, өздеріне қарсы топтарды тазалап жатыр деп есептейді.

Қалай десек те, Фетхуллах Гүлен – күрделі тұлға. 2008 жылы Prospect және Foreign Affairs журналдары Гүленді «Әлемнің ең ықпалды интеллектуалы» деп жариялады. Ол ширек ғасыр Отанынан жырақта өмір сүрді. Кітап жазды, ғылыммен айналысты, түрлі оқиғаларға қатысты басы дауға да қалды.

Ақыры 83 жасында жүрегі тоқтады.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ