Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:22, 27 Шілде 2025

Жауапты азаматтар қоғамы: Азаматтық сектордың жаңа кезеңі

азаматтық қоғам
Фото: ашық дереккөз

Азаматтық қоғам – мемлекеттің емес, халықтың үнін білдіретін, қоғамдағы маңызды мәселелерге араласатын, бейбіт түрде өз пікірін білдіретін азаматтардың ортасы. Бүгінгі Қазақстанда мұндай белсенділік күшейіп келеді. Бұл – тек жоғарыдан берілетін өзгерістер емес, сонымен бірге қоғамның ішкі сұранысы мен әрекетінің жемісі.

Үшінші сектордың жүйелі дамуын қамтамасыз ету үшін 2020 жылы «Қазақстан Республикасының 2020–2030 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжат екі кезеңнен тұрады:

  • 2020–2025 жылдары – құқықтық базаны жетілдіру, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау, азаматтық белсенділікті ынталандыру;

  • 2026–2030 жылдары – қол жеткізілген нәтижелерді нығайту, азаматтық сектордың әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалын арттыру.

Бұл құжат мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуінің институционалдық моделін нығайтуға бағытталған.

Азаматтық қоғамды дамыту – «Жаңа Қазақстан» идеясының өзегі. Бұл тек ҮЕҰ-ларды немесе қоғамдық кеңестерді қолдаумен шектелмейді. Мемлекеттік басқару жүйесі де түбегейлі қайта құрылуда. Соның ішінде:

  • суперпрезиденттік басқару моделінен парламенттік-президенттік жүйеге көшу;

  • мәжіліс пен мәслихат сайлауын жаңа форматта өткізу;

  • әкімдерді халық сайлауы;

  • жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нақты өкілеттікке ие болуы;

  • БАҚ бостандығын қамтамасыз ету.

Президент Қ.Тоқаев бұл туралы:
«Әрбір азамат Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының мәнін түсініп, оны жүзеге асыруға өз үлесін қосуы керек. Бұл тек биліктің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деп атап өткен болатын.

Бүгінде Қазақстан азаматтық қоғамды тек толыққанды әріптес ретінде ғана емес, мемлекеттілікті нығайтудың басты тетігі ретінде қарастырып отыр. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын, еркін ойлы, саналы азаматтардың белсенді қатысуына негізделген үрдіс.

Қысқаша айтқанда, азаматтық қоғам – бұл жауапты азаматтардың қоғамы. Онда әрбір адам өз елінің тағдырына ықпал ете алады. Егер мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог пен сенім нығая берсе, Қазақстан демократиялық, әділетті әрі инклюзивті қоғам болуға бір табан жақындайды.