Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:43, 09 Наурыз 2022

Жәудір Сарыпбекова, актриса: Бізді де іздеп келетін өз көрерменіміз бар

None
None

Қазақ сахнасында өнер көрсетіп жүрген жас актриса Жәудір Сарыпбекова көрермен ықыласына ерекше бөленген жан.

Әсіресе, оның сомдаған тәлімге толы фильмдері талай жанға жақсы ой салды десек артық емес. Сондай-ақ әр рөлі бірінен-бірі өтер ерекшелікке ие, жүрекке жақын. Талантты өнер иесімен шығармалығы жайында әңгіме өрбітудің де сәті түсті.

— Жақында 5:32 сериалына түскен рөліңіз арқылы көпшілікті дүр сілкіндірген едіңіз. Жалпы бұл рөлге қалай келдіңіз? Өзіңізге адам етінен бәліш жасайтын қанішер әйелдің рөлін ойнау қаншалықты әсер етті?

— Жазда 5:32 сериалына кастингтен өтіп түскен болатынмын. Бұл рөлге қалай келуім жайында айтсам, Шымкент қаласына Жұмат Шанин атындағы театрға кастинг келген болатын. Сол уақытта мен басқа съемкада жүріп, қатыса алмадым. Кейіннен кино түсірушілер қанішер әйел Зәурештің образын телефон арқылы онлайн сомдап беруімді сұрады. Содан рөлді сомдап, видеоролик жасап жібердім. Рөлім көңілдерінен шыққан болуы керек, қайтадан басқаша қырынан Зәурештің «жұмбақ, психикалық ауытқуы бар әйел» екенін түсіндіріп, сол образды жасап беруімді өтінді. Осылайша, телефон арқылы 1-2 аптадай кастингке қатысып жүрдім. Екі аптадан соң кастингтен өткенімді хабарлап, құттықтады. Сөйтіп басты кейіпкер, жауыз Зәурештің  рөліне бекітілдім. Бұл образды сомдағаным үшін қуаныштымын. Режиссері де Қазақстандағы нөмірі бірінші қатардан көрінетін режиссер Асқар Утеш деген жігіт. Ол кино түсіреді дегенге әріптестерімнің көбісі қуанып, бұл рөлге түскісі келген актрисалар да көп болды.

Енді жауыз, озбыр әйелдің рөлін қалай сомдағаным көптеген көрерменді шошындырды десем болады. Өйткені, бұл шын өмірде болған оқиға. Дегенмен де, көп адамның қолынан келе бермейтін, түсіне кіре бермейтін ең қатыгез озбыр әрекет. Адамды өлтіріп, етінен бәліш жасауға ешкімнің де жүрегі дауаламас еді. Тіпті бұндай сұмдыққа да сенбейді. Бір таңғалғаным, көпшілік «Сіз шынымен де адам етінен бәліш жасадыңыз ба?» деген сұрақтарды естігенде, өзімнің де төбемнен жай түскендей болды. Бұл кино ғой. Сондай-ақ ХХІ ғасырда барлық нәрсенің дамыған заманында мұндай сұрақты тыңдау да қызық нәрсе. Негативті пікірлерді есту өзіме де оңай болмады. Сол себепті, көрермендер кинодағы оқиға мен шын өмірдегі оқиғаның бір-бірінен алшақ болатынын түсінсе екен. Ал өзім 10 жылдан аса театрда өнер көрсетіп келе жатқандықтан, көптеген кейіпкерлерді сомдадым. Бұл кейіпкерді де сол рөлдерімнің бірі деп санаймын.

Демек, бұл актерлік шеберлігіңізбен көрерменді сендіре алғандығыңыз шығар.

Маған негативті пікірдерден бөлек, актерлік шеберлігіме мән беріп, риза болғандар да көп. Әсіресе, адамды өлтіріп, етінен бәліш жасап, жауыздың рөлін сәтті алып шыққаныма көрерменнің 80 пайызы риза болып, бағаларын берді. Өзім де киноға түсіп жатқанымда жиіркендім, әрине. Әсіресе түсіріліп жатқан алаңның аурасы, кейіпкердің тұрып жатқан үйі, адамды өлтіріп, денесін бөлшектеп, етін итке тастағанның өзі кез келген актердің психологиясына әсер етері анық. Бірақ мен бұл жағдайды жүрегіме қатты алмай, түсірілім біткенде  сомдаған кейіпкерімді тез ұмытып кеттім.

– Байқасақ, көп кадрларға жолдасыңызбен бірге түсесіз. Осы арқылы көрерменді жалықтырып алмайсыздар ма? Әлде бұл да өнер саласындағы бір ерекшелік пе?

Жолдасым Руслан Нұрманов екеуміз қысқаметражды роликтер мен отандық сериалдарда көбіне ерлі-зайыптылардың рөлін сомдаймыз. Бір қызығы, біздің ерлі-зайыпты екенімізді білмейтін режиссерлар кастингтерде көптеген әртістер жүрсе де, солардың арасынан Руслан екеумізді ерлі-зайыптылар ретінде таңдап жатады. Бұл бір ерекше үйлесімділік те шығар. Ал жаман жағына келсек, кейде ерлі-зайыптыларға бізді таңдап жатқан кезде, актерлардың ішінде пікір 50 де 50 болып, екіге бөлініп жатады. Мәселен, бір тарап: – «Осымен екеуінің бірге ойнағаны жетеді. Көрерменді жалықтырып алатын болды. Қай киноны көрсек те, бір кино көргендей боламыз» – десе, екінші тарап «Жоқ, екеуі бірге түсу керек. Өйткені, халық екеуін бірге қабылдап үйреніп қалды. Оның үстіне, көбісі «Русланды Руслан, Жәудірді Жәудір» деп емес, екеуін бірге «Руслан мен Жәудір» деп таниды. Және фильмнің рейтингісі екеуінің арқасында көтеріледі», – деген секілді пікірлер білдіріп жатады. Ал жеке парақшамыздағы вайндарымызға келсек, әрине, ондағы рөлдердің барлығына жолдасым екеуміз бірге түсеміз.

Вайн демекші, сіздер кейінгі кездері әлеуметтік парақшаларыңызда ой саларлық дүниелер түсіріп жүрсіздер. Оған идеяны қайдан аласыздар? Әлде өз өмірлеріңізден алынған дүниелер ме?

– Былтырдан бастап инстаграм парақшамызды дамытайық деген оймен әртүрлі вайндар түсіріп сала бастадық. Өйткені, қазір телефонға үңіліп, барлық қажетті нәрсені телефоннан алатын болдық қой. Сол себепті көпшілік біздің өнерімізді парақшаларымыздан көрсе деген ниет те болды. Ал түсірілімге келсек, қысқаметражды роликтерді түсіруге кәсіби түрде мықты аппараттар қажет. Сол ссебепті бізге инстаграм парақшамызға видеолар түсіру үшін ұялы телефон да жеткілікті. Оның идеясын 100 пайыз Русланның өзі дайындайды. Ой саларлық видеолардың ешқайсысы да біздің өмірімізге қатысты емес. Көбісі жігіттер арасындағы әңгіме-әзілдерден, уағыздар мен өсиет-сөздерден құрастырылған.

– Өзіңіз Шымкентте тұрасыз. Бірақ үлкен кинолардың көбісі Алматы, Астана қалаларында түсіріліп жатады. Карьераңыздың өсуіне шет жақта жүргеніңіз әсер етпейді ме?

–Осы сауалға қатысты айтсам, көбісі мені Алматыда, Астанада тұрады деп ойлап жатады. Менің ойымша, Шымкент те үлкен мегаполис қала. Бұл жақта да киноиндустрия жақсы дамып жатыр. Және Шымкентте түсірілген кинолар арқылы танылғандықтан, еш өкінбеймін. Сондай-ақ Астанада көп съемка болады деп ойламаймын. Себебі бұл жөнінде әріптестерімнен «Астанада съемка қалай болып жатыр? Кастингтер жүргізіліп тұра ма?» – деп сұрастырғанымда, көбісі «Керісінше, Астанадан гөрі Шымкентте съемка көп болады» – дейді. Осындай пікірлерден кейін Шымкенттен басқа жерге барғым келмейді. Дегенмен де, қазір біз сияқты театр актерлары, театрдан тыс актерлар, жаңадан оқу бітіріп жатқан, оқып жүрген актерлар өте көп. Олардың арасынан көрініп, режиссерлерге ұнап жатсақ, бұйырған рөлімізге түсерміз. Ал бір рөлдің соңына түсіп алып, қуалап, «менің түсуім керек» деген қағида жоқ. Бір қуанатынымыз, Руслан екеуіміздің Шымкентте жүріп те танымалдығымыз артты. Біз үшін сол да жеткілікті.

— Көбіне сіз суыққанды әйелдің рөлін сомдайсыз. Жалпы бұл сіздің табиғатыңызға, жандүниеңізге жақын рөл ме? Шын өмірде қандай жансыз?

— Көп адам мені суыққанды, қатал жан деп ойлайды. Ал шын өмірде көргенде, «нәзік, мейірімді жан екенсіз» деп айтып жатады. Негізі адамды 100 пайыз жанында жүрмеген соң тану қиын. Тіпті адам өмір бойы өзін-өзі тани алмай да кететін шығар. Өйткені пенде болған соң, әртүрлі мінез қалыптасуы мүмкін. Бір жағынан, адамның өмір сүруіне де байланысты. Кейбіреулер қайғысына қарай, қуанышына орай әртүрлі кейіпте болады.  Мәселен, біреу жарты ғұмырын бақытты, жайдары мінезбен өмір сүрсе, қалған өмірі тағдырына қарай келеңсіз жағдайларға қатысты 100 пайыз өзгеріп кетуі мүмкін.

Сондықтан менің кинодағы мінезім мен өмірдегі мінезім бір-біріне қарама-қайшы. Өзімді мінезім жуас, биязы, ақ періште, нәзікпін деп айта алмаймын.  Адам болғаннан кейін ашуланасың, күлесің, қайғырасың. Кейде балаларға қарап мейірленіп, ата-анамызға, жолдасымызға еркелейтін кездер болады. Дәл қазіргі 35 жасымдағы мінезіме тоқталсам, тез сынып, жылап қаламын. Кейде қатты мінез де керек екен-ау деп қынжылып қалатын кездерім де бар.  сол себепті, өмірде өзімді мінезі қатқыл, жігерлі, күрескер әйелмін деп айта алмаймын. Тек нәзік, ерке, жұмсақпын деген мінездеме бере аламын. 

– Қазір интернет, ютуб желілері көптеген рухани дүниемізге әсер етіп жатыр. Көбісі керегін ғаламтор желісінен көре алады. Ал бұл заманауи дәстүр театрға қалай әсер етіп жатыр? Келушілердің жайы қалай?

Шыны керек, театрымызда 500 орындық залымыздың барлығы толып отырады деп айта алмаймын. Бірақ бір спектакльдің премьерасы болатын болса, адам көбірек келеді. Ал қалған күндерде көрермен көп бола бермейді. Кейде тіпті аз көрерменге өнер көрсетеміз. Бірақ әр спектакльдің тұрақты келіп жүретін көрермендері бар. Арасында Руслан екеумізді өмірде көргісі келетін көрермендеріміз де келіп жатады. Бірақ қазіргі уақытта театрда жаның рахаттанатындай көп көрермен жоқтың қасы.

— Бүгінгі заманның көрермендерін қандай жанрдағы кинолар қызықтырады деп ойлайсыз? Егер сіз режиссер болсаңыз, қандай кино түсірер едіңіз?

— Байқағаным, әр көрерменді жасына сай тақырыптар қызықтырады. Мәселен, біздің қысқаметражды роликтеріміздің өзінің аудиториясы бар.  Кешегі 5:32 сериалының өз аудиториясы басқа. Ал еркектердің әйелдің образын ойнайтын киноларды қызығып көретін өз көрермендері де бар. Сол себепті адамдарды мынандай тақырып қызықтырады деп нақты айта алмаймын. Руслан екеуіміздің роликтеріміз 30-50 жас аралығындағы көрермендерді қызықтыратын секілді. Өйткені жазылып жатқан пікірлерде 30-50 жас аралығындағы азамат-азаматшалар: – «Сіздердің роликтеріңізді көріп, жолдасымнан не жұбайымнан кешірім сұрадым» – дейтіндер көп. Сол себепті қай уақытта да мәнді-мағыналы видероликтер түсірген дұрыс деп ойлаймын. Ал қантөгіс атыс-шабыс, тиктоктағы жын-ойнақ билер ешқандай тәрбие бермейді.

– Отбасы бақыты дегенді қалай түсінесіз?

Ең бірінші отбасының бақыты – ошаққасыңның амандығы ғой, әрине. Одан асқан бақыт, қуаныш та жоқ. Отбасының ішіне тек балаларың ғана емес, бауырларың, ата-анаң, ата-енең бәрі кіреді. Осы жандардың ешқайсы жабырқап жыламай, көңілдері тоқ болса, соның өзі бір бақыт. Солардың амандығы үшін күн-түн демей, жұмыс жасаймыз. Егер сәбиің кішкене ауырып қалса да, үйіңде тыныштық, береке болмаса, жасап жатқан керемет съемкаң, атағың, ойнаған рөліңнің бәрі бос нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, желмен ұшып кеткендей болады. Сол үшін отбасы бақытын жаныңа жақын жандардың амандығы, саулығы деп түсінемін.

— Алдағы уақытта өнер саласында қандай жаңалықтарыңыз бар?

Өнер адамының ең басты міндеті – көрерменнің көңілінен шығу. Бұл жөнінде Русланға «Екеумізді бірге бір сьемкаға шақырмаса да, роликтерге бірге түсіп жүруіміз керек. Өйткені «көзден кеткен соң көңілден кетеді» демекші, көрінбей кетсең, көрермен лезде ұмытып кетеді деп үнемі айтып отырамын. Өнер үнемі ізденісті талап ететіндіктен, тоқтамай жұмыс жасау қажет. Қазір Руслан да ой саларлық қысқаметражды ролик түсіруді ойластырып жатыр. Басты рөлде әрине өзіміз боламыз. Лаж болса, көрерменнің ықыласына бөленіп, солардың көңілінен шығуға тырысамыз.

— Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Тегтер: