Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:56, 03 Маусым 2022

Жауынмен жарысқан желтоқсандықтар

None
None

Бүгін, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні құрметіне Тәуелсіздік таңына жол бастаған желтоқсан қаһармандары Алматыда нөсерлетіп тұрған жауынмен жарысып марафон ұйымдастырды.

«ЖЕЛТОҚСАН – АЛМАТЫ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Серікбек Дүрімбайұлының басшылығымен желтоқсандық марафоншылар шеруі Алматы алаңындағы Тәуелсіздік монументіне жиналып, гүлшоқтарын қойып, Талғар ауданы Тұздыбастау селосында қойылған «Алаш Орда арыстарына тағзым»  ескерткішін бетке алды.

Ескерткіш басында марафоншыларды ауданның ішкі саясат басшысы Фарида Бегенбаева ханым қарсы алып, бірлескен үлкен жиын өтті.

2009 жылы алғаш «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамдық бірлестігін құрып, мемлекеттік тіркеуден өткізген ұйымның экс-жетекшісі Бейсенғазы Нүкен аудан әкімінің рұқсатымен берілген орынға Талғар ауданының орталық саябағына 1986 жылдың 16-шы желтоқсанындағыдай бір ұйым болып, бір мақсатта бірігіп бастарын қосып тағзым етіп отырса деген ниетте «Желтоқсаншыларға тағзым» ескерткішін өз күштерімен орнатқан болатын. 

Міне, содан бері мереке сайын атаулы күндері желтоқсаншылар Талғар жақты бетке ұстап, түрлі марафондар ұйымдастырып, ескерткіш басына барып тағзым жасауды әдетке айналдырған.

Арнайы іс-шараға шақырылған қадірлі қонақтар қатарында төл теңгеміздің авторы Хайролла Әбжәлелов пен белгілі қоғам қайраткері Хасен Қожахмет ағалар Желтоқсан қатарына келіп қосылған жаңа мүшелерге төс белгілер тапсырды.

Сонымен қатар Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Алматы облыстық филиалының төрайымы Шынасылова Мейраш және «Ақ жол» партиясынан Мәжіліс депутаты Барлыбаев Ерлан бастаған ақжолдықтар мен жергілікті Желтоқсан ардагерлері, аудандық Ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары қатысып, сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Шара соңында үлкен дастарханда ас беріліп, аруақтарға арнап құран оқылды. 

Р.S.

Тап осы уақытта Астана қаласында «Қарақат» мектеп-студиясында дүрілдеткен тағы бір іс-шара өтті. Думандатқан дүбірлі шарада қызылды-жасылды киінген бүлдіршіндер ата-аналарымен бірге би билеп әнге басты. Ел жиылып, жазықсыз құрбандарды еске алып, жылап-сықтап,  Құран оқып жатқан сәтте әшейінде «елдің қамын ойлағыш» Қыдырәлі мен Қарақаттың бұл тірліктерін қалай түсінуге болады? Бұл не басыну?, – деп шағым айтқан астаналық азаматтың жанайқайын да жарияламау мүмкін емес. Бір кем дүние... 

Тегтер: