«Жаяу Мұсалардың» жайын түсінер билік қайда?
Бірнеше күннен бері ресейлік нөмірлі көлік мінген жүргізушілердің басына қара бұлт үйірілді.
Астындағы көлігін тартып алып, айып тұрағына жөнелткен соң, еліміздің әр түкпіріндегі мыңдаған «Жаяу Мұсалар» наразылық танытып, жиналуда. Иә, мыңдаған көлік елімізге кіргенше «тырс» етпеген билік аяқастынан «оянып кетіп», «бар бәле, бар қауіп ресейлік көліктерден келіп жатыр, мына жүрістері заңсыз» деп отыр. Ендеше о баста оларды елге неге кіргіздік? Елге кіріп жатқанда заңсыздығын біле тұрып, ескертіп, неге алдын алмадық?
Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, шетелдік нөмірмен жүрген көліктер 545 мың рет заң бұзған көрінеді. Шошытатын статистика. Бірақ бұл, жалпы, жолдағы тәртіп бұзушылықтың 20 пайызы екенін ескерсек, жағдайдың соншалықты ушығып тұрмағанын байқаймыз. Бірақ «түймедейді түйедей» етіп болса да, құқық қорғау орындары ресейлік көліктерді барынша «түрткіштеп» қалуда. Шыны керек, ресейлік көлікті тізгіндеп жүргендердің қай-қайсысы болсын қарапайым қазақтар, орта тұрмыстағы жандар. Жетіскеннен немесе қалтасындағы қаржысының көптігінен көрші елдің көлігін мініп жүрген жоқ. Керісінше… Отандық көлікті қалтасы көтермеген соң, мінілген, бірақ құжаты дұрыс басқа көліктердің бағасы бет қаратпағандықтан, тым ескі көлік қайта-қайта бұзылып жолда қалдырып, қалтасына қосымша салмақ салатын болған соң, еріксіз тәуекелге барып, ресейлік көлікті тізгіндеп жүр. Оның үстіне ойындағы көлігі өз елімізде екі есе бағасына жоғары тұрса, ал Ресейде дәл сол жылы жаңалау, жалпы жағдайы дұрыстау көлік біздің елдегінің тең жарты ақшасын сұрап тұрса, есебі дұрыс, дені сау адам қалайша ресейлік көлікті таңдамасқа?!
Бірақ дәл осы жерден біздің билік «бүйректен сирақ» шығарып, логикаға сыймас таңдау жаса дейді. Яғни қымбат болса да, жылы кеңес заманындағы, жүргенінен тұрғаны көп көлікті таңда! Ондай таңдау жасамасаң, қомақты төлемақы төлеуге дайын бол. Дәл осы ақылға сыймас әрекет талай көлік жүргізушісінің бас уайымына айналып отыр. Шыны керек, ай сайын тапқаны несие мен күнкөрісінен артылмайтын, орта тұрмыстағы қазаққа тұрақты тіркеуге қою, утилизациялық алымды төлеу секілді нәрселер маңызды емес. Маңыздысы – қалтасындағы қаржысына ойындағыдай көлік алып, бала-шағасын асыраса болғаны. Ал үкіметке керегі – қиыннан қиыстырып, халқының қалтасын қағып қалу, лажы болса жылы жаңа, жайлы көлік мінгізбеу секілді...
Бір ресейлік нөмірлі көліктің тарихы
Ресейлік көлікті тізгіндегендердің бірі – Өтеулиев Асхат. Алматы қаласының тұрғыны. «Бұрын жүк тасушы болып істеп едім. Кейінгі жылдары бүйрегім ауырып, белімнің «грыжасы» қозып, жұмыс істемек түгіл, отыру мұңға айналды. Елге қайтайын десем, ауылда жұмыс жоқ. Сонымен, баратын жердің реті жоқ, кішкене жағдайым дұрысталған соң, көлікпен адам тасып, бала-шағамды асырағым келді. Бір миллион теңге көлеміндегі көлікті ұзақ іздедім. Қазір Ресейден шыққан «Лада» маркалы көлікті таксилетіп күн көріп жүрмін. «Ресейлік нөмірлі көліктер айыппұлдан жалтарып кетеді» деген сөз жалған. Жол қозғалысын бақылап тұрған «Сергек» камералары Қазақстан мәшинелеріне қандай айыппұл салса, бізге де солай салады. Тек қазір әр нәрсені сылтауратып жолымызды кес-кестеп жатыр. Біз жан бағу үшін жүрген адамдармыз. Мұндай мәселе болатынын біле тұра, үкімет ресейлік нөмірлі көліктерді Қазақстанға неге кіргізеді? Еуразия экономика одағы болған соң, тіркелмей-ақ жүре береді дейтіні қайда? Өзіміздегі көп көліктің жылы ескі. Сатып алған соң, жүргенінен тұрғаны көп болатынын білдім. Ақтөбе жақта нағашым Ресейден арзандау көлік шығатынын айтқан соң, әуреленіп жүріп көлікті болдым. Үш баламның оқу құралы мен киім-кешегін тауып беріп, нәпақамды айырып, енді еңсем тіктеле бастағанда мынадай деп отыр. Шыны керек, тіркеуге қойғым келгенмен, көліктің бұрынғы иелерін табу мүмкін емес. Сондықтан көлікті заңдастыруды жеңілдетсе екен. Бар несібемді осы көлікпен айырып отырған соң күтіп айдаймын, жол ережесін бұзбақ түгіл, айыппұл төлемеу үшін абайлап жүремін. Қазір тіркеу ақысы біз үшін өте қымбат. Көліктің құнынан асып кетіп тұр. Не істерімді білмеймін. Бізді ресейлік көлік алуға не итермеледі? Біріншіден, өз нарығымызда автоның шамадан тыс қымбаттауы. Осы арзан әрі ескі техникамен бала-шағамызды асырап жүрміз. Мақтан не қызық көру үшін сатып алмадық», – дейді. «Тойынғаннан емес, тоңғанынан секірген» талай қазақтың жайы бұл...
Ресейлік көліктердің барлығы «бас бұзар» ма?
Жыл басынан бері шетелдік көліктердің қатысуымен 900-ге таяу жол апаты тіркелген көрінеді. Ал елімізде ресейлік нөмірмен жүрген 210 мыңдай көлік бар екен. Соның 150 мыңға жуығы ғана тіркелген көрінеді. Жол полициясы өкілдерінің айтуынша, тіркеуі жоқ көліктердің жауапкершілігі төмен, заңды елей бермейді. Бүгінгі күні Қазақстанда жүрген 88 мың көліктің тіркеуде тұрмағаны расталған. Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары Серік Түсіпов: «Бұл дегеніміз – ол көліктер заң бойынша тіркелмеген, я болмаса Қазақстан азаматтарына сатылғаннан кейін бұрынғы иелері – Ресей азаматтары тіркеуден шығарып тастаған. Ал заң бойынша тіркелген көліктер ғана жол қозғалысына қатыса алады. Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көліктің іздеуге жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл дегеніміз – ол көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса сол қылмыстың нысаны болып саналады. Біз ондай көліктерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылды», – дейді.
Осындай келеңсіздіктің боларын құзырлы орындар алдын ала білмеді деп айта алмаймыз. Ресейлік көліктер тиісті құжаттары мен нақты тіркеуі болса, елімізде емін-еркін жүре алады. Бірақ заңда көрсетілген мерзімді сақтап, жыл сайын тіркелген жеріне апарып отыру керек. Демек, мемлекетіміз мұндай көліктер елімізге кіргізіліп, қажетті шаралар жасалғанымен, жыл сайын арнайы барып, тексеруден өтіп отыруы керек екенін, яғни түрткілеу тоқтамайтынын, тіпті кейбірінің түбі шикі болатынын да сезінді. Әйтсе де алдын алу жұмыстарын жасап немесе тыйым салмады. Шекарадан мыңдап өтіп жатса да, еш шара қабылдамады. Талай уақыт өтіп, ресейлік нөмірлі көліктер көбейген соң ғана мазаларын ала бастады. Қазақстанда шетел нөмірімен жүрген көліктерге байланысты мәселе бұрын да көтерілген. Армениядан көлік әкеліп, Қазақстанға тіркемей жүргендерге 2019 жылы жаппай тексеру басталғанда жүргізушілер наразылыққа шығып, ақырында Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге қойып, арнаулы сары нөмір берген болатын.
Сондай-ақ дәл қазір елімізде көлік бағасы шарықтап тұр. Жыл басынан бері онсыз да шамамен 10 пайызға қымбаттаған көліктердің бағасы тағы да өседі деп күтілуде. Индустрия министрлігінің мәліметінше, салондағы жаңа темір тұлпар құнының шарықтауына кішкентай ғана чиптің жетіспеушілігі басты себеп көрінеді. Онсыз көліктегі парктроник, рульдің гидрокүшейткіші, тежегіш жүйесі мен басқа да функциялардың жұмысы өз қызметін атқара алмайды. Сондай-ақ көлікті құрастыруға қажетті мыстың бағасы – 48, алюминий – 61, қорғасын 37 пайызға өскен. Ол да жаңа көлік бағасына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан тамыз айынан бері босап қалған еліміздегі автосалондарда жаңа жылдан бастап баға өсе түседі деген болжам бар. Мұндай жағдайда еріксіз шекараның арғы бетінен әкелінетін көліктерге деген сұраныстың арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан мемлекет халықтың қажеттілігін түсініп, тиімді жолын таппаса, бұл мәселе ушыға беретіні сөзсіз.
Қазақстан – ескірген автомобильдер елі
Осы мәселелердің ушығуы салдарынан бүгінгі күні елімізде ескірген көліктер көбейіп тұр. Көршіміз өзбектер мен қырғыздар біздікінен әлдеқайда жылы жаңа көліктермен жүйткіп жүргенде, біздің көлік жүргізушілеріміз жол полициясы өкілдерінен түртпек көріп, одан қалды, «өзгенің қаңсығын таңсық етіп» сатып алып, жөндеумен жүр. Ал ескірген көліктерге жыл сайынғы техникалық тексеруді жемқорлық арқылы сатып алып, орнын толтырудамыз.
Соның дәлелі кеше ғана көлік комитетінің лауазымды тұлғалары ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 2017 жылдан бастап бүгінге дейін техникалық тексерусіз 260 мыңнан аса диагностикалық карта жасағаны белгілі болып отыр. Шыны керек, әбден ескірген, техникалық жағдайы мәз емес көліктер техникалық тексерулерге сай бола бермейтіні анық. Алайда елімізде бұл қызмет түрінің жай ғана көзбояушы дүние, айналып келгенде, жемқорлыққа дем беріп тұрған қызмет түріне айналғалы қашан. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен бас көлік прокуратурасы заңсыз сыйақы алып, көліктерді техникалық тексерістен өткізгенде жалған диагностикалық карта берген ұйымдасқан қылмыстық топты анықтаған. «Қылмыстық топты көлік комитетінің бақылау жүргізу және мұндай деректерге жол бермеу міндеттері жүктелген лауазымды тұлғалары басқарған. 2017 жылдан бастап бүгінге дейін ҰҚТ мүшелері іс жүзінде техникалық тексерусіз 260 мыңнан аса диагностикалық карта жасаған. Бұл «қызмет» бір көлік үшін 5 минутта 2000 теңгемен біткен», – деп хабарлады агенттік. Әзірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, сондай-ақ «формалды техникалық тексерулер» жүргізу деректерін жоюға қатысты шараларды қабылдайтынын айтуда. Осылайша елімізде күрмеуі қиындаған бір мәселе бірнеше мәселенің туындауына себеп болып отырғаны белгілі болуда. Атап өтер жайт, жыл он екі ай техникалық тексеруден «қағаз жүзінде» ғана өткен ескі көліктердің кесірінен де бүгінгі күні жол-көлік оқиғалары көбейіп жатқаны анық. Яғни жоғарыдан басталған жемқорлық жол апатының артуына да ықпал етіп отыр.
Мәселен, биылғы тамыздың қорытындысына сай, елде тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3,8 млн құрап отыр. Шығарылғанына 10 жылдан асып кеткен автомобильдер елдегі барлық автопарктің 63,7 пайызын алып тұр. Саны – 2,4 млн. Ал шығарылғанына 3-10 жыл болған автомобильдер парктің 21,5 пайызына тең, яғни 827,3 мыңды құрайды. Шығарылғанына үш жыл толмаған автомобильдердің үлесі 11,3 пайыз көрінеді. Осыдан-ақ еліміздегі көліктердің жалпы жағдайын байқауға болады. Алайда ескі-құсқыға аяқ артып жүрген жүргізушілердің бұл күнін де көп көріп отырған үкіметке не дерсің?!
Мамандар не дейді?
Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– Көп жағдайда құзырлы орындар жағдай ушыққанша қарап отырады. Әбден мәселе шырқау шегіне жеткенде ғана қозғала бастайды. Осы көліктер кіргізіле бастағанда алдын алғанда мәселе мұншалықты күрделенбес еді. Кез келген азамат Ресейден сатып алу-сату шарты арқылы авто әкелуге құқылы. Кейін өзге адамға құжаттарды қолына беріп, ақшаны санап алып, еш келісім жасамай, басы бүтін беріп жібере алады. Бұл біздің нарықта сауданың қалыпты жағдайына айналып кетті. Көліктер әлі де кіріп жатыр. Ендеше дәл қазір тоқтатсын толығымен. Қазір көлік жүргізушілеріне утилизациялық алым төлеу оңай емес. Автомобильдің қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиянды әсері үшін утилизациялық алым төленеді. Ол айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Мәселен, 2021 жылда 1 АЕК 2917 теңгені құрайды. Ал утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы да бар. Қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 437 550 теңге; қозғалтқыштың көлемі 2000 см3-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 7 (коэффициент) = 1 020 950 теңге; қозғалтқыштың көлемі 3000 см3-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 10 (коэффициент) = 1 458 500 теңге; қозғалтқыштың көлемі 3001 см3-ден жоғары – 50 АЕК (145 850) х 23 (коэффициент) = 3 354 550 теңге. Кейбір жағдайларда бұл көліктің өз құнынан да қымбатқа шығып жатыр. Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері жыл сайын өсіп тұратынын ескерсек, бұл баға өсе бермек. Заң бойынша Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмаған көліктер бір жыл жүре алады. Одан кейін оны шығару қажет. Бір айдан кейін қайтадан кіруге болады. Шыны керек, бұл көлік жүргізушілері үшін оңай шаруа емес. Әр жыл сайын техникалық байқаудан шетелде өтіп, шекара асып барып салық төлеуді бар көлік жүргізушінің жағдайы көтере бермейді. Ал министрге бәрі оңай болып тұр. Ерлан Тұрғымбаев «РФ-да сатушы бар, сатып алған азамат бар. Сол азамат құжаттарымен ЦОН-ға бару керек, сонда заңды түрде автокөліктерді өз атына қою керек» дейді. Мыңдаған адамды сабылтып, бұрынғы көлік иесін іздеттіру сонда кімге керек болып отыр?
Шетелдік нөмірі бар көлікті сатып алудың тағы бір қаупі бар. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлемеймін деп, кез келген уақытта одан бас тарта салады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. Осынша мәселесі барына қарамастан, ресейлік көлікті сатып алса, демек, мәжбүр болып тұрғаны. Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселелерді жеңілдетудің жолдарын қарастырғаны жөн.
Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
– Мысалы, мен 2000 жылғы Toyota RAV4 көлігін АҚШ-тан 4000 долларға алдым. Мемлекет менен оны елде тіркеу үшін 10 000 доллар талап етті. Бұл сұмдық сома. Үкімет бізден бұл ақшаны сығып алып отыр. Жоғарыдағы аталған қаражаттың бір бөлігі утилизациялық алымға, екінші бөлігі алғашқы тіркеуге деп көрсетіледі. Бұл ақша өз кезегінде отандық автоөнеркәсіпті дамытуға бағытталады дейді. Бірақ біздің мемлекетте көлік шығару керемет дамып кетті деп айта алмаймын. Сондықтан бұл ережеге өзгеріс керек екені айдан анық.
Жұмажан Жаңбыров, Көлік тасымалы академиясының профессоры, техника ғылымының докторы, профессор:
– Бұл мәселе жоғары жақтағылардың бизнесіне айналған деп ойлаймын. Онсыз да күнін әрең көріп жүрген қазақты одан ары қинап істеп отырғандары ғой. Мен өзім Атыраудың қазағымын. Ол өңірдің халқының жағдайын жақсы білемін. Сол жақта Ресейден көлік әкеліп, сонымен нәпақасын айырып жүрген бауырларым көп. Ертең соларды көлігінен айырсақ, олардың бала-шағасын кім асырайды? Ауылдағыларды неге мал ұстамайды деп кінәлаймыз, ал ауылда мал жаятын жер жоқ. Еріксіз осылай көлік айдап, әртүрлі кәсіппен айналысып жүр. Шыны керек, болмайтын нәрсені қиындатып, биліктің бюрократияға баруынан осындай қиындықтар туындап отыр. Сол көліктер ағылып кіріп жатқанда жол полициясы мамандары қайда қарады? Мен ғылым кандидаты болсам да, кезінде он бес жыл бойына ауыр жүк көліктерін айдап, Қытаймен екі ортада күнкөріс қамымен жүріп көрген адаммын. Сонда жолда болып жатқан жағдайларға әбден қанықтым. Бұл мәселені қолдан туындатып отырмыз. Негізі, «қалауын тапса қар жандырып», ол көліктерді заңдастырып бере салу түк те тұрмайды.