Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:03, 18 Сәуір 2024

Жайық келе жатыр...

Жайық
Фото:

«Ресейден мол су келе жатыр, тасқынның екінші толқыны болады» деген сөз онсыз да көңілі күпті көпшілікті қатты алаңдатып отыр.

Бұл уәжді былайғы жұрт та, шенділер де айтып жүр. Соған қарағанда, солтүстіктегі көршімізден көл-көсір судың келе жатқаны рас сияқты. Ендеше, ол қайдан, қашан келеді, қандай қауіп бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Наурыздың аяғында алғаш су таси бастағанда билік мүлде дайын болмай шықты. Қарғын суға қарсы қайрат көрсете алмаған шенділер апатқа табиғатты кінәлаған. Олар қар қалың түскенін, суықтан тоң қатқанын және көктемде күн күрт жылынғанын айтты. Арасында арық-тоғанды қоқысқа толтырды деп халықты да айыптады. Бірақ олар сол апаттың алдын ала алмаған басты кінә өздерінде екенін ескерген жоқ.

Ал тасқынның «екінші толқынын» жау келердей күтіп отырмыз. Әрине, қазір топан су тілсіз жау болып тұр. Бірақ қашан келетіні, қай жақтан келетіні белгілі жау. Мамандардың болжамы бойынша, Ресей жерінен жөңкілген су қазақ шекарасына 18-20 сәуірде жетіп, Батыс Қазақстан және Атырау облысына қауіп төндіруі мүмкін.

Су қайдан келеді?

Қазір Ресейде бізден де ауыр су тасқыны болып жатыр. Екі елдің билік жүйесі ұқсас екенін ескерсек, оларда да судың сұрауы болмай, апаттың алғышарты пісіп-жетілген. Тіпті 10 жыл бұрын 1 миллиард рубль жұмсап салған тоспасын «тышқан тесіп кетіпті».

Салдарынан елдің қырықтан аса өңірін қызыл су басты. Әсіресе Түмен, Орынбор және Қорған облысы көп зардап шекті. Бір ғана Орынбор облысында 20-30 мың баспана суға кеткен. Халықты тасқыннан қорғай алмаған жергілікті билік «бұл 100 жылда болмаған алапат апат» деп, өздерін ақтауға тырысып жатыр.

Мәскеудің мазасын алған мол су енді қазақ даласына бет алып келеді. Ресейде Тобыл, Есіл, Жайық (Урал), Еділ (Волга), Сібір өзендері ернеуінен асып, жағалауындағы елді мекендерді шайып барады. Буырқанған бұл өзендерге жолай шағын ағыстар мен жыра-жықпылдан еріген қар суы қосылып, арыны қатайып келеді деген ақпарат бар.

Орынбор облысына қарасты Ор қаласындағы бөгет жарылып, Жайықтың су деңгейі болжамнан 1,5 метр асқан. Ал Ириклинск су қоймасынан су жіберу секундына 2 170 текше метрге жетті, былтыр секундына 15 текше метр су жіберілгенін ескерсек, айырмашылық жер мен көктей екенін байқаймыз. Осының өзі Ресейден келер судың беті қатты екенін білдіреді.

Тасыған су Қазақстанға қашан келеді?

14 сәуірде Орынбордағы өлшеу стансасында Жайықтың су деңгейі 24 сантиметр азайғаны белгілі болды. Сондай-ақ 15 сәуірде Орынбор өңіріндегі Жайыққа құятын ең ірі өзен Сакмараның су деңгейі 5 сантиметр төмендеген. Ресейде Жайық пен Сакмараның суы азайғаны, бұл судың төменге, Орал мен Атырауға қарай ағып жатқанын білдіреді.

Ал Орал қаласындағы өлшеу стансасы 17 сәуір, таңғы 08:00-де Жайықтың су деңгейі 7,79 метр болғанын хабарлады. Ал Ресеймен шекарадағы Январцеводағы станса су деңгейінің 8,18 метрге жеткенін тіркеді. Демек, судың алғашқы легі Қазақстан шекарасына жетті деген сөз.

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Орынбордан шыққан су Оралға 5 күнде жететінін есептеді. Демек, 14 сәуірден бастап есептесек, Ресей ие болмаған қарғын су Орал қаласына 19-20 сәуірде келеді. Ал оған Қазақстан үкіметі дайын ба, жоқ па? Ел соны уайым қылады. Сағат санап, сантиметр санап, батыс жаққа алаңдап отыр.

Судың жолына қорған тұрғызып тастайтын уақыт болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке хабарласып, Ресейден қанша су келетінін, одан қорғанудың мүмкіндігін сұрадық.

Ислам Әбішев

Ресейден су келе жатыр дегелі 20 күн болды, тағы бірнеше күннен кейін келеді деп отыр. Егер түк істемей, қол қусырып қарап отырса, топан су қаланы басып кетеді. Ал оған қарсы қандай дайындық жүргізіп жатқандарын білмеймін. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп айтарым, су аяқастынан келсе, мысалы, күн күрт жылып, бір түнде су басып қалса, оған қарсы тұру қиын. Ал әне, келеді, міне, келеді деп күтіп отырған суға қарсы тұруға болады. Әрі кетсе секундына 2000-3000 текше метр су келе жатқан болар, оны игеру қиын емес. Секундына 10 мың немесе 15 мың текше метр су келмейтіні белгілі ғой. Келген судың жартысын өзен арнасына сыйғызуға болады, ал қалғанын жан-жаққа жайып немесе ескі арналарға бұруға мүмкіндік бар.

Ал суды қала ортасымен өткізуге тура келсе, қала ішіндегі қашықтық әрі кетсе 10-15 шақырымнан аспайды деп ойлаймын. Билік су келеді деп дайындалып жатқанына 15-20 күн болды. Бұл уақыт жаңағы 15 шақырым жерге бетоннан қабырға тұрғызуға да жетеді.

Кезінде біз Шардара су қоймасына бір айда 27 мың шаршы метр бетон құйғамыз. Егер 1 метрге 1 кубтан есептесек, бұл 27 шақырым деген сөз. Оның биіктігі 2 метр еді. Сол бойынша есептегенде 20 шақырымдық бетон қабырға құйып, қаланы қорғап қалуға болады. Мысалы, 4-5 адамнан тұратын бір бригада күніне 20 метрге бетон құйса, 200 бригада бұл жұмысты оңай тындырады. Бұған бір апта ғана уақыт қажет.

Бізге Ресейден келетін судың күретамыры – Жайық. Оған жол бойы майда-шүйде ағындар қосылып, жиналып келеді. Жайықтың айналасындағы жерлерді су басады. Жергілікті әкімдік су келеді дегенді естіген соң дамба салып, жанталасып жатыр. Соны ертерек істеп қоюға болар еді деп ойлаймын.

Өзен суы бізге қарай, қар суы Ресейге қарай аға ма?

Ең қызығы, біз Ресейден келетін судан сескеніп отырсақ, олар бізден «баратын» судан қорқып отыр екен. Ресей президентінің Орал округіндегі өкілі Владимир Якушев өз еліндегі тасқынға Қазақстанды кінәлады. Оның айтуынша, Қазақстан су қоймаларынан су жіберіп, Ресейде топан су қаптаған. Оның бұл долбары ақылға қонбаса да, ресейлік БАҚ жерден жеті қоян тапқандай жариялап жатыр.

Судың жоғары жағында өзі отырғанын ұмытып, төмендегі елді тасқынға кінәлау Ресейдің ғана қолынан келетін шығар. Жөнсіз пікірге ҚР су ресурстары және ирригация министрлігі үн қатып, Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келетінін, сондықтан Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер ете алмайтынын мәлімдеді. Бірақ бұл уәжге Ресей қоғамы құлақ аса қоюы екіталай. Пропагандаға уланған жұрт ақылға қонбайтын сөзге де сенеді.

Су тасқынының екінші толқынына дайынбыз ба?

Қазір Орал маңында Жайықтың тереңдігі 779 сантиметрге жеткенін айттық. Бұл көрсеткіш 850 сантиметрден асса, тасқын қаупі төнеді. «Қазгидромет» Жайық 1038 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін деген қорқынышты болжам айтып отыр. Бұл болжам шындыққа айналса, Орал мен Атырау су астында қалуы мүмкін.

2020 жылы Қытайда коронавирус таралып, қалың жұрт үрейленіп отырғанда Жандарбек Бекшин деген шенді вирус «наконец-то» Қазақстанға келді деп «қуанған». Бекшин айтқандай, Ресейден келеді деп күтіп отырған қалың су елімізге «наконец-то» жетсе, не болады? Ор қаласынан бері жолындағы бөгеттерді бұзып, елді мекендерді суға көміп келе жатқан тасқынды ауыздықтауға біздің билік дайын ба?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің резеңке етік киіп, Жайық жағалап жүргенін көріп, үкімет бар назарын батысқа аударып отыр деп ойлағанбыз. Бірақ олай емес сияқты, премьер-министрдің баспасөз қызметі ақпаратты апат қаупі төніп тұрған аймақтың әкімдерінен сұраңыз деп кеңес берді. Ал Атырау әкімі Серік Шәпкенов пен БҚО басшысы Нариман Төреғалиев тасқынға тастүйін дайынбыз деп отыр. Әкім атаулы ақпан мен наурыз айында да қарғын сумен күреске дайын екенін айтқанымен, дайындықтарының деңгейі алғаш қар ерігінде-ақ белгілі болған. Қоғамның аузы күйген, үріп ішеді. Қалай болар екен деп, күдікпен қарайды. Әуежайда қырғын кезек.

«БҚО-да ахуал әлі күрделі. Апат басталғаннан бері 13 614 адам эвакуацияланды. Қазір тасқынға қарсы құрылыстарды бекемдеу жұмысы жүріп жатыр. Оған 7 895 адам мен 1 781 техника жұмылдырылды. Жайық өзені жағасына ұзындығы 100 шақырымға жуық қорғаныс құрылысы салынып, 771 мың дана құм толтырылған қап төселді. Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп келеді. Су Ресейден келеді, олар Ириклинск су қоймасынан су ағызып жатыр. Кейінгі кезде қоймадан жіберілетін су азайды деген ақпарат бар, бірақ өңірді су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Жағдай облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бақылауында, ол күн сайын су басқан аумақтарға барып, жедел штабты өзі басқарып жүр», – деді БҚО әкімдігінің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен.

Жайық тасиды дегелі батыс жұртынан дегбір қашты. Өзге қалаға асығыс жиналып жатқан тұрғындар да бар. Бізге Атырау әуежайында ажиотаж болып жатыр деген ақпарат жетті. Х.Доспанова халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі билетке сұраныс артқанын растады. Бірақ нақты қай бағытқа, қанша пайыз өскенін айта алмады. Ал Оралдағы М.Мәметова атындағы әуежай қызметкері ешқандай ажиотаж жоқ, баға да тұрақты деп қысқа қайырды. Онлайн билет сатылымын шолып шықтық, анау айтқандай өзгеріс жоқ.

Әдетте биліктен сенімді сөз ести алмаған халық қорқынышқа бой алдырады. Мысалы, көп адам Ресейден су келсе, жағдайы не болатынын білмейді. Тіпті тасқын келеді деген ақпараттың өзін БАҚ-тан ғана оқыған. Жергілікті билік оларға дер кезінде ақпарат беріп, мәселенің мәнін түсіндіріп жатқан жоқ. Мәселен, Ресей жақтан келе жатқан судың көлемін болжаған ресми ақпарат әлі жоқ. Бар болғаны 850 сантиметрден асса қауіпті болатынын айтып қана отыр. Ажиотаж тудырмаған дұрыс, әрине, бірақ, бейқамдықтың салдары одан да ауыр болады.

Жақында су астында қалған Құлсары қаласының тұрғындары тасқын іргеге келгенше әкімдік қауіп жоқ деп сендіргенін айтады. Қауіп бар екенін ескерткен адамдарға «жалған ақпарат таратпай, ресми мәліметке ғана сеніңдер» деп ескерту жасаған. Халық соған сеніп отырғанда қызыл су басып қалыпты. Осыны көрген көп жұрт әкімдіктің қазіргі жұмысына сенбей отыр. Олардың «бәрі бақылауда» деген сөзі мен Жайық жағасына соғып жатқан бөгетіне де сенім арта алмайды.

Еріктілер, әр өңірден келген ТЖД, Ұлттық ұлан және қорғаныс министрлігінің қызметкерлері Жайық жағалауын биіктетіп, қорғаныс қабырғасын соғып жатыр. Бірақ ол асау Жайықты ауыздықтай ала ма, жоқ па, белгісіз. Бұған дейін Орал маңындағы саяжайларды қорғау үшін соғылған осындай жасанды кедергіден пайда болмаған. Су бөгетті бұзып өтіп, үйлерді басып кеткен. Сол үшін Бектенов барды, Төреғалиев бақылап отыр деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жайық келе жатыр!..

Қуаныш Қаппас