Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 21 Мамыр 2024

Жайықта су деңгейі тұрақтала қойған жоқ

Су тасқыны

Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі бойынша мәлімет

Жайық өзеніндегі су деңгейінің 2024 жылғы 20 мамыр, сағат 12.00 өзгеруі

⁃ Индербор кенті – 1 см, су деңгейі – 1015 см, шекті деңгейі – 845 см;

⁃ Махамбет кенті – 0 см, су деңгейі – 1015 см, шекті деңгейі – 850 см;

⁃ Атырау қаласы + 1 см, су деңгейі – 574 см, шекті деңгейі – 550 см;

⁃ Жаңаталап ауылы – 0 см, су деңгейі – 416 см, шекті деңгейі – 500 см;

- Еркінқала кенті – 0 см су деңгейі – 374 см, шекті деңгейі – 450 см.

Атырау облысындағы Жайық өзенінің су деңгейі әлі тұрақтала қойған жоқ. Ресми ақпараттарға сүйенсек, соңғы бірнеше күннен бері Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында су деңгейі үздіксіз көтеріліп, шекті деңгейден асты. Қауіптің беті әлі толық сейілген жоқ, судың қашан арнасына түсетіні де белгісіз. Жалпы қазіргі өңірдегі жағдай қалай, алдын алу шаралары қаншалықты тыңғылықты істеліп жатыр, судың беті қашан қайтады, нақты қандай қауіп бар, осы және өзге де сұрақтарымызға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Арман Жұмағазиев жауап берді.

Арман Жұмағазиев
Арман Жұмағазиев. Фото: ашық дереккөз

– Жайық өзені Атырау облысының 760 шақырым жерін басып өтеді. Жайық алдымен Индер кентіне келеді. Соңғы үш күнде Индер кентінде гидропоста судың түсу деңгейі байқалды. Күніне шамамен 1-2 сантиметрден төмендеп отырды, бастапқы кезбен салыстырғанда дәл қазір шамамен 20-25 сантиметр түсті. Одан соң Махамбет ауданына жетеді. Кеше кешкі су деңгейімен салыстырғанда бүгін таңертең (20 мамыр, сағат 8:00) ешқандай өсім байқалмады. Ал Атырау қаласында 1 сантиметр өсті. Әрине, қауіптің алдын алу үшін түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Негізі Жайықтың екі шетінде екі үлкен жол бар. Соның бірі – Атырау-Орал тасжолы. Жақында елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін Атырау-Орал тасжолының 44 шақырымы, яғни Жалғансай елді мекенінің тұсынан жырып, суды өткізді. Әуелде су жолдың үстіне дейін жетті, сосын арнайы техникамен тасжолды жырып, суды әрі қарай өткізді. Одан соң Сартоғай елді мекенінің тұсынан да тасжол жырылды. Қазір Оралдан Атырауға шығатын жол уақытша жабылды. Қозғалысты қалпына келтіру үшін жырылған жердің астына труба салып жасау жұмыстары істеліп жатыр.

Біздің мөлшерімізше, енді санаулы күндерден кейін жағдай тұрақталуы тиіс. Сәуір айынан басталған судың негізгі топаны бізге жетіп болды. Су тоқтаусыз Каспий теңізіне құйылып жатыр. Сондай-ақ Атырау қаласына жақындағандағы екі үлкен канал ашылды, қазір олар да суға толып тұр. Оның біріншісі, Саколок каналы, ол қалаға келер суды қаланың солтүстік шығысымен айналдырып алып кетеді. Екіншісі, Сарыөзек каналына апаратын Алматы бөгеті бұл суды солтүстік батыспен айналдырып Каспийге апарады. Осы екі канал қалаға келген суды барынша азайтып, қауіптің алдын алады деп үміттеніп отырмыз.

Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, негізі су Атырау қаласынан 550 см мөлшерде өтуі тиіс еді, қазір су деңгейі одан әлдеқайда көтеріліп, 574 см-ге жетті. Дегенмен жұрт болып жұмылып істелген жұмыстардың, салынған бөгеттердің арқасында Атырау қаласының өзі 600 см суды көтере алады деп ойлаймын. Енді бір аптадай шыдас берсек, қауіптің беті қайтып, су өз арнасына түседі деп ойлаймын. Әрине, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қандай да бір қауіпті жағдайға дайын болуымыз керек. Соның бірі – Атырау қаласына тасқын қаупі төнген жағдайда халық не істейді, қалай тасқын судан сақтанады деген сұрақ. Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының ақпаратына сүйенсек, тасқын қаупі төнген жағдайда қала тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру мақсатында дайындалған эвакуациялық пункттардың сыйымдылығы 10 250 орын.

Қазіргі уақытта эвакуациялық пункттардың барлығына төсек-жабдық, кереуеттер жеткізіліп қойылды.

Төтенше ахуал орын ала қалған жағдайда қала бойынша белгіленген эвакопункттар тұрғындарды кедергісіз қабылдай алады.

Ендігі бір мәселе – осы тасқын суды орынды пайдалана білу. Негізі дәл биылғыдай су тасқыны Тәуелсіздік алғалы бері болмаған. Статистика бойынша, гидропостардағы санды мәліметтерге сүйенсек, бұл жолғы су тасқыны 1994 жылғы су тасқынынан әлдеқайда көп болды. Әрине, судан зардап шектік, үйлеріміз қирады, шығын да аз емес. Дегенмен мұны «тілсіз жау, апат» деп емес, бұған «ырыс, байлық» деп те қарағанымыз жөн. Негізі суды Каспийге апарып құйғаннан гөрі оны сай-салаға толтырып, сосын оны ауыл шаруашылыққа, мал шаруашылыққа пайдалануымыз керек еді. Алдағы уақытта бұған да баса мән берілетін шығар деп ойлаймын. Өңірде ертеректе көл болған, кейін тартылып қалған Жалтыркөл сияқты көлдер бар еді, егер осы суды пайдалануды алдын ала ойластырғанда Жалтыркөл сияқты көлдердің орнына су толтыруға болар еді. Мұны кейін егінге де, малға да пайдаланатын едік. Сондай-ақ бұл су жерге сіңіп, ары қарай Нарын құмының астындағы жерасты суын тұщытып, су қорын молайтуға үлкен мүмкіндік туар еді.

Негізі тасқыннан кейін істелетін жұмыстар да аз емес. Мысалы, келіп жатқан судың құрамын анықтау, өйткені су жол бойы көп нәрсені шайып келе жатыр, судың құрамы қандай, пайдалануға бола ма, осының бәрін анықтауымыз керек. Сондай-ақ көктемгі егістік жерлердің біраз бөлігін су басты, енді мұның залалы қандай, зардабы қандай, бұл да жан-жақтылы зерттелуі қажет.

Су тасқынынан соң басты назар аударатын істер де нақтылана түсті. Соның бірі – өзен аңғарының маңайынан жер телімдерін бермеу мәселесі. Тасқын дегеніңіз, бір жылы болмаса бір жылы келуі мүмкін, азаматтардың шаруашылығы, кәсіпорны суға кетіп қалса, оның өзі үлкен шығын. Сонымен қатар Жайық өзенінен шығатын өзендер бар, мұның біразы табиғи өзендер, енді біразы әдейі қолдан жасалған каналдар. Енді осының бәрін қайта қарап, олардың жолын тазартып, бөгет, көпірлерді тұтас жаңарту керек. Бұдан бөлек, тағы бір мәселе сумен қосылып балықтар айналадағы көлдерге, сайларға шығып кетеді, ертең күн ысып, су тартылса, балықтардың өміріне қауіп төнеді. Мұны да ойлауымыз қажет. Демек, алда шешілуі тиіс біраз шаруалар бар. Ең бастысы, бұл жолғы су біздің бірлігімізді, ұйымшылдығымызды айғақтады. Жұрт болып жұмылып, тасқын судың да бетін қайтарамыз деп ойлаймын.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: