Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 13 Желтоқсан 2023

Жайылымы жоқ Арықты. 2003 жылғы жер дауынан басталған әуре

Аттылы адам сиыр айдап бара жатыр
Фото: aikyn.kz

Еліміздің әр жерінде көптен бері шешілмей келе жатқан бірден-бір өзекті мәселе – жер үлестерінің талан-таражға салынғаны.

Бұл жағдай, әсіресе бұрыннан бидай өсірумен айналысатын Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарын қатты алаңдатып отыр.

Жақында редакциямызға хабарласқан Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Арықты ауылдық округының тұрғындары мал жаятын жайылымдық, оның қысқы азығын дайындайтын шабындық тапшы болып тұрғанын, ал құжат жүзінде өздеріне тиесілі жер телімдері қай дөкейдің қолында кеткенін білмей отырғандарын айтып, құзырлы органдардың бұл жағдайды уақытында қадағаламағанына шағымданды. Бұл ауылда жалпы халық саны – 915 адам. Бұқара заңсыз айырылған жерлерін қайтаруға көмектесуді сұрайды. Олардың кейбірі кезінде құрылған ұйымдардың құрамынан өзінің үлес жерімен бірге шығып кете алмай жүргеніне қапалы. Ауыл ақсақалы Амангелді Бекхожин 2020-2022 жылдары аудан әкімдігі Арықты ауылдық округының жерін айқындап, картаға түсіргенде жергілікті халықтың пікірімен санаспады дейді.

«Арықты ауылының 1-2 шақырымдағы жекеменшік секторының мал жайылатын жайылымдық пен шабындық жерлері және бидай өсіретін «Бабай», «Саудыр», «Еленғұл» жер телімдері «Арықты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. Бизнесті тексеруге мораторий жариялаған уақытта құжат бойынша «Арықты» ЖШС мен «АССО» ЖШС құрамындағы жер бөліске түсіп, халықтың шартты жер телімдері иесінің келісімінсіз басқа жеке қожалықтардың үлесіне кетіп қалып тұр. Осы заңсыз жағдайға байланысты былтыр наурыз айында қоғамдық кеңестің, ауыл ақсақалдарының атынан Қорғалжын ауданының әкіміне өтініш хат жаздық. Одан нәтиже болмаған соң, хатымызды облыс әкіміне де, жер ресурстарын басқару департаментіне де жолдағанбыз. Алайда олардан да мардымды жауап ала алмадық», – деп қынжылды ол.

Ауыл тұрғыны Бислан Сүлейменовтің де жағдайы осыған ұқсас. Ол жер телімін бөлісуге қатысты Ақмола облысында жемқорлық көп екенін таныстарынан жиі еститінін айтады.

«2 жыл бұрын ауылға «Мирас» ЖШС-ның басшысы келген. Сол кісіден жерімді сұрағанымда, «мен сендердің жерлеріңді сатып алдым, ол енді менің меншігімде», деп жауап берді. Ал «Мирас» ЖШС құрамында біраз кісінің жер телімі бар, – дейді.

Халықтың жанайқайынан 6 ай уақыт ауылдық округтың әкімі қызметін атқарып келе жатқан Гүлмира Мажитова хабардар екен. Өз кезегінде Қорғалжын ауданының әкіміне хат жолдап, бос жатқан жайылымдық және шабындық жер учаскелерін ауданның жайылымдықтарды басқару жоспарына кіргізуді сұрапты. Қорғалжын ауданының жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесінің жауап хатына сенсек, жайылым тапшылығын толығымен жабуды жоспарлап отыр екен. Хабарлауынша, Арықты елді мекенінде қазіргі таңда 3 470 га жайылым жер телімі бар, ал жайылым тапшылығы – 7 486 га.

«Қазіргі уақытта жайылым тапшылығын жабу үшін қайтарылған жер телімдері 3000 га және бос қалған 260 га Қорғалжын ауданы бойынша бас жоспарға еніп, жайылым айналымға бекітіледі. 2024 жылы ауыл шаруашылық жер телімін нысаналы мақсатпен пайдалануға қатысты 11 800 га жайылым жер теліміне тексеріс жүргізіледі. Қорытынды нәтижесінде Agro Export LTD ЖШС-ның жайылым жер телімі Арықты елді мекеніне қосымша қажеттілігі бойынша беріледі», – деп жазылған жауап хатта.

Жер дауы түйткілдерінің басы-қасында жүрген, жер бөлінісі бойынша заңсыздықтарға жол берілген жағдайларды зерттеп жүрген сарапшы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Мақсұт Насибулов мәселенің түп-төркіні сонау тоқсаныншы жылдардан бастау алғанын айтты.

«1992 жылдан бастап совхоздар мен колхоздар жабыла бастағанда, сол совхоздар мен колхоздарға тиесілі жерлерді не істейміз деген үлкен сұрақ болды. Сосын үкімет ауылдық округтерге тиесілі жерлерді халыққа бөліп беру керек деген шешімге келді. Адамдарға шартты жер телімі ретінде жерді жалға алу құқығы берілді. Сол шартты жер теліміне иегердің құқығы көрсетілген куәлік негізінде әрқайсысы әртүрлі көлемде жер алды, оның ішінде шабындық та, жайылым да, егістік те бар. Шартты жер телімі деп отырғанымыз – ауыл аумағындағы, бірақ нақты қай учаскеде екені белгісіз шартты түрдегі жер. Ол жер телімдерін иегерлері 2003-2004 жылға дейін жергілікті шаруашылық қожалықтарына немесе түрлі ЖШС мен АҚ-ға (акционерлік қоғам) жалға беріп келген. Оның орнына өзінің келісілген сомасын немесе жем, шөп, көмір түрінде ақысын алып отырды. Ал 2003 жылы Жер кодексі қабылданып, жер құқығына берілген бұрынғы куәліктің заңдық күші жойылып кетті», − дейді.

Заңгер Төлеген Қасеновтің айтуынша, 2003 жылы қабылданып кеткен даулы ҚР Жер кодексі бүгін шартты жер телімін бөлу мәселесінің туындауына алып келді.

«2003 жылы қабылданған заң бойынша ауылдағы тұрғындар жер құқығын сатып алуы тиіс болды. Яғни өз бетінше шаруа қожалығын ашып, ауыл шаруашылығымен айналысуы керек немесе өзінің шартты жер телімін қандай да бір ауыл шаруашылығы құрылымына – ЖШС-ға немесе тағы басқасына салым ретінде беруі керек. Үшінші нұсқа – одан бас тартуы қажет, ондай жағдайда бұл шартты түрдегі жер телімі ауданның арнайы қорына өтеді. Мұның соңы неге әкелді? Ауыл тұрғындарының көпшілігі бұл туралы нақты хабардар болмады. Құжат жүзінде жерін 1996 жылы белгілі бір ЖШС құрамына бергендіктен, сәйкесінше жері әлі де сол ЖШС-да немесе басқа ауыл шаруашылық құрылымында деп санап жүрді. 2005 жылға дейін өзінің жер телімін тағы да уақытша пайдалануға беру немесе өзіне алу құқығын пайдаланбады. Бұл заңды қабылдау латифундистердің мүддесі үшін әдейі жасалған лобби деп санаймын. Соның арқасында кейбір ЖШС-лар белгіленбеген жерлерді пайдалану құқығына ие болып, ойына келгенін жасады. Келесі мәселе – көптеген белгісіз жер телімдері арнайы қорға өтіп кетті де, оны әкімдіктер қосымша жер сұраған әртүрлі ауыл шаруашылық құрылымдарына беріп жіберді», − дейді заңгер.

Тағы бір маңызды нәрсе, көптеген тұрғын өз жерін әртүрлі ЖШС және ауыл шаруашылығы құрылымдарының құрамына тапсырғанымен, бас құрылтайшылар оларды жиналыстарға шақырмаған. Ешкім білмейтін шартты жиналыстар өткен. Соның барысында хаттамалар жасалып, жалған қол қойылған. Хаттамада шартты жер телімдерін банктерге несие алу кезінде кепіл ретінде беру туралы шешім қабылданған. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары несиені өз қалауынша жұмсап, ақшаны банкке қайтармай қойған. Ал банктер тиісінше жер телімдерін аукционға шығарып, сата бастаған. Оны сатып алған адам сол жердің иесі болып шыға келеді. Тиісінше, ауыл азаматы шартты жер үлесінен толығымен айырылды деген сөз. Жерге қатысты даулардың басым бөлігінің жағдайы осындай.

Төлеген Қасенов Арықты ауылының жағдайы бойынша қазір заңсыз істер анықталып, қылмыстық істер қозғалғанын айтты.

«Көбінесе бізге Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарынан адамдар өте жиі хабарласады. Өзім де осы уақытқа дейін жүзден астам ауылды араладым. Жергілікті тұрғындар ЖШС құрамынан шыға алмай жатырмыз, басшысы қоқан-лоққы көрсетеді, бізге дивиденд дұрыс төлемей жатыр деген уәж айтады. Министрлікке де, аудан әкімдіктеріне де, прокуратураларға да көптеген хат жазылды, алайда олар жер кімнің меншігіне өткенін біз білмейміз, жергілікті ЖШС-дан сұраңыз деген жауаппен ғана шектеледі. Бұл жерде биліктің салғырттығын байқауға болады. Себебі жер иеленуші 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін жерімен бірге ЖШС құрамына кіріп немесе өзі бөлініп шығып, шаруа қожалығын ашпаса, заң бойынша жер телімі мемлекеттің қарамағына өтуі керек болды. Ал ол үшін жергілікті жер қатынастары бөлімдері әкімнің бұйрығымен жерді алып қою жөнінде акт толтыруы тиіс еді, содан кейін ғана шартты жер телімдері үкіметке өтеді. Біз сол актіні сұратып жүрміз, алайда әкімдіктер бұл қағазды бере алмай отыр. Не ауыл шаруашылық министрлігінде, не облыс әкімдігінде, не аудан әкімдігінде нақты есеп жоқ. Яғни халықты тентіретіп жіберіп тұр. Өз ойым, кезінде депутаттар латифундист жер иеленушелірге лобби жасаған деп санаймын», − дейді Мақсұт Насибулов.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА

Тегтер: