«Жайлы мектептің» жайы қиындап тұр

«Жайлы мектеп» пен оны салып жатқандар тексеріске түспек. Бұл туралы жақында өткен құрылтайда президент айтты.
Сөзінше, өңірлердегі құрылыс қарқыны баяу. Иә, 2022 жылы іске кіріскен ұлттық жобаның мақсаттары да, уәделері де көп болған. 2025 жылға қарай 401 мектеп пайдалануға беріледі, 842 мың орын ашылады делінді. Бұл есеппен алғанда 2024 жылы 217-226 мектеп салынуы тиіс еді. Бірақ былтырғы қарашада пайдалануға берілген жайлы мектептің саны небәрі 30 екені белгілі болды. Жауапты тарап жыл соңына дейін 110 мектепті пайдалануға береміз деген.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бірнеше мәселені қатар шешуге ниетті. Қазіргі орта білім беру жүйесіндегі ең үлкен проблемалардың бірі – орын жетіспеушілігі. Елорданың өзінде 26 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Мұндай мәселе Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан, Алматы облыстарында да байқалады. Жалпы республикадағы орын жетіспеушілігі өткен оқу жылында 270 мыңды құраса, алдағы жылдары бұл көрсеткіш екі-үш еселенеді деп күтілуде. Оған қоса, 136 мектеп үш ауысымда оқиды, 300-дей оқу ордасының ғимараты қазіргі стандарттарға сай емес, тағы 70 шақты мектеп апаттық жағдайда деп танылған. Орын тапшылығынан бөлек, қала мен ауыл мектептерінің жабдықталуы мен білім беру сапасында айырмашылықтар баршылық. Мәселен, арнайы кабинеттердің болмауы, баяу интернет пен технологиялық құрал-жабдықтардың қамтылмауы. Мұның бәрі өз кезегінде педагогтардың жұмысы мен оқушылардың қабылдауына, түптеп келгенде білім сапасының ақсауына әсер етіп отыр. «Жайлы мектеп» елдегі орын тапшылығын шешуде осы аспектіні де ескерген. Жаңа оқу ғимараттарының жартысы ауылды мекендерде салынатын болған.
Мектептердің құрылысына ұлттық жоба деген статустан бөлек, қыруар қаражат берілді. Ұйымдастыру, бақылау жағына ерекше назар аударылатыны айтылды. Экс-министрлер, тағы сол секілді шенеуніктер бұл ешқашан болмаған «мега жоба» деп, оның орындалмауы мүмкін еместігін меңзеген. Бірақ осыған қатысты күмән көп... Әуелі қарастырылған қаражаттан бастайық. 2022 жылы күзде іске кіріскен жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлу көзделген. Жүзеге асырушы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы. Самұрықтықтар бұл триллиондарға 2024-2025 жылдары 842 мың орынға шақталған 401 мектеп салуға міндеттелді. Алғашында ауыз толтырып айтып жүрген бұл сандарымыз кейіннен өзгере берді, өзгере берді. Ақырында 2024 жылы – 226, 2025 жылы – 175 мектеп дегеніміз, 740 мыңға шақталған 369 оқу ғимараты дегенге ауысты. Сөйтіп, 2024-те 217 мектеп пайдалануға берілуі керек болған.
Нәтижесінде, былтыр салынған мектептер саны алғашқы жоспардағыдан әлдеқайда аз шықты. Өткен қарашада пайдалануға берілген мектептердің саны 30 ғана. Ондағы орын саны 40 мыңға да жетпейді. Алайда жауаптылар біраз нысанның соңғы кезеңдерде екенін, жыл аяғына дейін бәрін пайдалануға беретінін хабарлады. Сөйтіп, дайын жайлы мектептер санын жыл соңында 105-ке жеткізді. Бұл энтузиазмға толы әуелгі жоспардағы 226 мектептің жартысына да жетпейді. Ол жоспарға қарап 2025-тен де 200 шақты мектеп күтіп қалуға тағы болмайды. Жобасы 100-ге жетер жетпес жайлы мектеп салынып, өткізілсе, жоба тәмам болмақ.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің позициясына қарасақ, мәселе жоқ секілді. Олар ұлттық жоба бойынша салынатын мектептердің азайғанына қарамастан, жалпы жаңа мектеп ғимараттарының көбейгенін айтады. 2023-2024 жылдары 500 мыңнан астам орынға шақталған 422 мектеп салынса, 2025-те 300 мың орынға арналған 200-ден астам мектеп салмақшы. Десек те, ұлттық жобаның аты ұлттық жоба! Ал министрлік пен жергілікті билік өз қаражатынан салып жатқан мектептер өз алдына.
Осы жайында ресми жауаптарын жариялаған Samruk-Kazyna Construction болса, 217 мектептің 110-ын өткіздік, қалған 98-ін 2025-те аяқтаймыз деген. Және 208 мектептің құрылысына 1 трлн 423 млрд жұмсалатынын, 2025 жылдың бюджеттік жоспары – 290 млрд теңге екенін айтқан. Сөздерінше, 2023 жылдың қаражаты толық игерілген. Дегенмен Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата «Жайлы мектептің» 2023 жылғы бюджеті толық көлемде берілсе де, дұрыстап игерілмегенін мәлімдеді. Өткен шілдеде аудиторлар барлық соманың 38 пайызы ғана игерілгенін айтып, дабыл қақты. Содан кейін 37 ЖСҚ уақытында әзірленбегені, сәуірдегі жағдай бойынша 207 келісімдік құжаттың тек 26-сы ғана оң бағаланғаны сөз болды.
Ізінше, «Жайлы мектепке» қатысты сындар бірінен соң бірі жарияланды. Мысалы, бұрынғы білім және ғылым министрі, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында келесі жылға жоспарланған құрылыстарға қатысты күмәні бар екенін білдірді. Ол мердігерлерді анықтау конкурсы әлі де жарияланбағанын жазған. Келесі бір мәжілісмен Қазыбек Иса «жайлы мектеп майлы мектепке айналды» деп жүр. Ол бюджет оңды-солды шашылып, миллиардтар есепсіз жұмсалып жатқанын айтады. «Ұлттық жоба Ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға деп 1 трлн 493 млрд теңге алған, оған 217 мектеп салынады. Осы сомаға 217 емес, кемі 1 000 мектеп салуға болар еді. Бір мектептің орнына 4-5 мектеп салатын қаржы қайда кетіп жатыр? Есепсіз миллиардтардың сұрауы кімде? Жоғары аудиторлық палата «Жайлы мектеп» жобасы аясында тек 2023 жылы 311,9 млрд теңгенің беталбатты жұмсалғанын анықтаған. Мектептер салу үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жер учаскелері беріліп, олармен сенімді серіктестік қатынас орнатылуы керек», – дейді депутат.
ЖАП пен парламент депутаттарын былай қойғанда, президенттің де «жайлы мектепке» көңілі толмай жүр. Ол туралы 14 наурызда Бурабайда өткен құрылтайда айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоба туралы:
«Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін. Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті де шамалы. Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді.
Депутаттық сауалдар мен президент тексерісінің нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді. Алайда бәрінің тап-таза, өз орнымен жүріп жатқанына сенімнен гөрі күдік басым. Ол туралы «Жас Алашта» жемқорлық мәселесін талдап берген саясаттанушы Мөлдір Нұрбекқызымен тағы бір тілдестік.
«Былтыр Қазақстанда 1493 адамның жемқорлығы әшкере болып, 914-і сотталды. Мемлекетке 486 млрд теңге қайтарылған, тағы 88 млрд теңгеге жуық қаражат мақсатсыз жұмсалып кете жаздаған. Шын мәнінде, мемлекеттегі барлық сала мен оларға бөлінетін қаражатты бақылау әлсіз. Жүйе жетілмеген. Жазадан қашып құтылудың да жолдары көп. Әсіресе қалтасында миллиардтар бар азаматтар үшін. Соның ішінде жемқорлық жайлаған салалардың бірі – әлеуметтік бағыт. Жыл сайын денсаулық сақтау, білім салаларында жемқор деген күдікке ілінетіндер қаншама! Сол айыбы расталып, қылмыстық жауапкершілік арқалайтындар да аз емес.
Бір ғана мектептің немесе бір ғана ауданның білім бөліміндегі бухгалтерлер қолды қылған соманы естісеңіз жаға ұстайсыз. Кезекті жөндеу, «капитальный ремонт» деп «желініп» жатқан ақша ше? Біздің елімізде қабырғадан, «краскадан», «партадан» қысып қалу қалыпты нәрсеге айналып кеткен десек артық емес. Яғни кез келген мектепті, соның ішінде жайлы мектепті де мұқият тексерсе, бірқатар заңбұзушылықтардың анықталатыны анық. Өкінішке қарай, елдегі жемқорлық тәуекелдері сондай күшті, тіпті болжап әуре болмай, сеніммен айта беруге болады. Белгісізі, миллион ұрланды ма, миллиард па, сол ғана».
Баян Мұратбекқызы