Жайнар Қажығұмарқызы, жазушының қызы: Әкем үшін жазу тек өнер емес, тірі қалудың жолы болды
– Жайнар, әңгімемізді әкеңіз Қажығұмардың өмір тарихынан бастасақ, қай жылы туылды, Қытайға қалай өтті, қайда оқыды?
– Әкем 1925 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол заман ел үшін де, адам тағдыры үшін де өте күрделі кезең еді. Саяси қуғын-сүргін, аштық, тұрақсыздық көптеген қазақ отбасын туған жерін тастап, шекара асуға мәжбүр етті. Әкем де бала кезінде отбасымен бірге Қытай жеріне өтті. Қытайға өткен жұртпен бірге әкелеріміз Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай, Дөрбілжің өңіріне қоныстанады. Әкемнің білімге деген құштарлығы ерте оянған екен. Ол сол жақтағы қазақ мектептерінде оқып, кейінірек Үрімжіде жоғары білім алуға мүмкіндік табады. Әсіресе әдебиетке, тарихқа, ел тағдырына қатысты мәселелерге қызығушылығы университетте оқып жүргенде тереңдей түсті.
– Әкеңіз алғаш рет 1958 жылы «ұлтшыл» деп айыпталып, 20 жылға сотталды, жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өтеді, осы туралы айтыңызшы?
– Бұл сұраққа жауап беру мен үшін әрдайым өте ауыр. Бірақ әкемнің тағдырын айтпай, оның кім болғанын толық түсіну мүмкін емес. Әкем 1958 жылы Қытайда жүргізілген саяси науқан кезінде «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалады. Ол кезде ешқандай нақты қылмыс та, дәлел де болған жоқ. Тек ұлтқа, сөзге, ойға деген еркіндігі үшін жазаланды. Сот үкімі өте қатал болды. 20 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өтеуге жіберілді.
Тарым лагері – адам төзгісіз жер. Аптап ыстық, онда жазасын өтеушілер үшін су тапшылығы, аштық, ауыр еңбек күнделікті өмірдің бір бөлігі болды. Тұтқындарды шөл далада канал қазуға, жер игеруге, ауыр қара жұмысқа салды. Көп адам сол жерде аурудан, әлсіреуден, үмітсіздіктен көз жұмды. Әкем де талай рет ажалмен бетпе-бет келді. Бірақ сынбауға тырысты. Қуаты қайтып әлсіресе де ойы мен ішкі еркіндігін сақтап қалды.
Әкеммен бірге түрмеде болған азаматтардың естеліктерінде де осы жағы жиі айтылады. Олар әкемді «сөзі мықты, рухы биік, ешқашан үмітін үзбеген адам» деп сипаттайды. Лагерьде бірге болғандар оның аш болса да соңғы нанын бөлісетінін, әлсірегендерді демеп, моральдық тірек бола алғанын айтады.
– Сонымен, азапқа толы 20 жыл да аяқталды. Қ.Шабданұлы 1980 жылы түрмеден шықты, осыдан соң шығармашылықпен еркін айналысты, әйгілі «Қылмыс» романын жазып бастады, осы кездер туралы есіңізде не қалды?
– Ол жылдардағы оқиғалар толық есімде деп айта алмаймын, себебі кішкентай едім. Бірақ сол кезең туралы менің жадымда қалғаны – өз естелігімнен гөрі анамның айтатын әңгімелері болатын. Әкем Тарымнан қайтқан соң шығармашылыққа ден қойды. Әкем үшін жазу тек өнер емес, тірі қалудың, өткенді ұмытпау мен шындықты айтуының жолы болды. Дәл сол жылдары көптомдық «Қылмыс» романының алғашқы кітаптарын жазып бастады.
Анамның айтуынша, «Қылмыс» романының жазылуы оңай болмапты. Әкем жазу үстінде өткен өмірімен қайта бетпе-бет келді. Түрмедегі азап, адамдардың тағдыры, әділетсіздік – бәрі қайта тірілгендей күй кешіпті. Кей күндері өте тұйықталып, кейде ұзақ үнсіз отырады екен. Бұл шаршау емес, ішкі күрес еді.
– Әкеңіз 1986 жылы «шетел жансызы» деген жаламен екінші рет ұсталды, осы сәт есіңізде бар ма?
– Иә, 1986 жылғы оқиға менің санамда бала жүрегіме қатты із қалдырған ауыр сезімдер арқылы сақталған. Себебі ол кезде мен небәрі 5 жастан асқанмын. Кейбір сәттерді түсініп үлгермесем де, сол күндердің үрейі, үй ішіндегі өзгеріс, үлкендердің дауысы әлі күнге дейін жадымда.
Әкемді «шетел жансызы» деген тағы бір жаламен екінші рет ұстап әкетуі – үйіміздің үстінен қара бұлт қайта төнген күн болды. Таңертеңгі немесе кешкі уақыт па, дәл есімде жоқ, бірақ үйдің ішіндегі абыр-сабыр, анамның түрі, ересектердің сыбырлап сөйлесуі мені қатты қорқытты. Әкем өте сабырлы еді, сол сәтте де бізді шошындырмауға тырысқанын кейін түсіндім. Бірақ баланың жүрегі бәрін сезеді екен. Мен үшін ең ауыр нәрсе – әкемнің қайтадан үйден кетуі емес, оның неге кетіп бара жатқанын ешкімнің ашық айтпауы еді. Тек «Әкең біраз уақытқа кетеді» деген сөздер айтылды, бірақ ол «біраз уақыттың» артында не тұрғанын мен ол кезде ұға алмадым. Тек үйдің іші бұрынғыдай емес екенін, тыныштықтың өзі ауыр болып кеткенін сезетінмін.
Анамның айтуынша, бұл екінші тұтқындау әкеме бірінші реттегіден де ауыр тиген. Себебі ол түрмеден шығып, бар азабын қағазға түсіріп, «Қылмыс» романын жазып жатқан, шындықты айтудың жолын таптым деп ойлаған кезі еді. Ал дәл сол шындық үшін тағы да жазаланды. «Шетел жансызы» деген айып – мүлде қисынсыз, қолдан жасалған жалған жала болатын.
Әлі есімде, әкемсіз үңірейіп, бос қалған үй қабырғадағы кітаптар, үстел үстінде жатқан қолжазбалар ерекше әсер қалдырды. Әкем жоқ болса да, оның рухы сол жазбаларда, сол кітаптарда қалғандай сезілетін. Осы оқиға әкемнің қандай адам болғанын – шындықтан таймайтын, сол үшін қайта-қайта құрбан болуға дайын тұлға екенін терең ұғынуыма себеп болды.
– Әкеңізді «Үміт» деп аталатын үкіметке қарсы ұйым құрды» деп айыптады, бұл ұйым туралы не білесіз, әкеңіз ол жөнінде айтатын ба еді?
– Бұл айып та әкемнің тағдырындағы ең ауыр, әрі ең әділетсіз жалалардың бірі болды. «Үміт» деген үкіметке қарсы ұйым шын мәнінде болған емес. Ол сол кезеңдегі саяси жүйенің өзіне қауіпті көрінген ойды, сөзді, еркін пікірді «ұйым» деп атап, қылмысқа айналдыру тәсілі болатын. Негізінде, әкем көбіне тағдырлас, оқыған, ойлы азаматтармен елдің болашағы, қазақтың тілі, мәдениеті, тарихы туралы сөйлесетін. Елдің күндердің күнінде еркін боларына, әділеттің жеңеріне деген сенім, сол үміт еді. Билік осындай рухани байланысты, зиялылардың еркіндік аңсаған ойын «үкіметке қарсы ұйым» деп атап, қылмыстық айыпқа айналдырды. Негізі әкем ешқашан қарулы күрес, төңкеріс немесе күш қолдану туралы ойлаған емес. Оның қаруы сөз бен қаламы болатын.
– Осыдан кейін әкеңіздің 13 жылы Үрімжідегі №1-түрмеде өтті, дегенмен шығармашылықтан қол үзбей, көптомдық «Қылмыс» романын жазуды жалғастырды, осы кезде әкеңізбен кездесіп тұрдыңыздар ма, шығармаларын қалай жазды, сыртқа қалай шығарды?
– Иә, әкемнің кейінгі 13 жылы Үрімжідегі №1-түрмеде өтті. Бұл, бір жағынан, оның өміріндегі ең ауыр, екінші жағынан, ең өнімді кезеңдері болды. Біз түрмедегі әкеммен емін-еркін кездесіп тұра алмадық. Бізге өте сирек, қатаң тәртіппен кездесуге рұқсат берілетін. Ол кездесулер қысқа уақыт ғана болатын. Соған қарамастан, әкем аз ғана уақыттың өзінде бізді жұбатып, керісінше, өзі емес, бізге күш беруге тырысатын. Содан да болар, әке бейнесі мен үшін еркін адамнан гөрі, темір тордың ар жағындағы сабырлы тұлға ретінде қалыптасты.
Әкем түрмеде тынымсыз жазды. Бұл уақытта ол үшін жазу ермек те, кәсіп те емес, рухани тіршілік ету тәсілі еді. Түрме жағдайында қағаз бен қалам табу оңай болмады. Тапқан қағаздарға ұсақ әріппен жазатын. Бір парақты барынша үнемдеп, әр жолды тығыз түсіретін. Қолжазбалары өте ұқыпты, түзетулері аз болатын, себебі қайта жазуға мүмкіндік жоқ еді. Қолжазбалар бізбен немесе сенімді адамдармен кездесу кезінде, ұсақ бөліктерге бөлініп жеткізілді. Бұл тек әкемнің емес, басына төнетін қатерден қорықпай оған көмектескен адамдардың да еңбегінің нәтижесі. «Қылмыс» романының кейінгі томдары Үрімжі түрмесінде жазылды. Әкем өзі де айтатын: «Бұл роман кабинетте емес, қапаста жазылды» деп. Түрмеде ол уақытты емес, жадыны пайдаланды. Бұрын көргенін, бастан кешкенін, бірге отырған адамдардың тағдырын қайта-қайта ой елегінен өткізіп, соның бәрін көркем дүниеге айналдырды.
Түрдеме өткен 13 жыл әкемнің бостандығын шектеді, бірақ дауысын өшіре алмады. Керісінше, дәл сол қапаста «Қылмыс» толық бір дәуірдің айғағына айналып жазылды. Мен әкемді қапас тіршілікке тек төзгені үшін емес, сол төзімді сөзге айналдыра алғаны үшін ерекше құрметтеймін.
– Әкеңіздің түрмеден босап келген кезі есіңізде ме?
– Иә, есімде, әдеттегідей күндердің бір еді. Үйдің іші біртүрлі жым-жырт болды. Әкем кіріп келгенде тіпті ешқандай артық қимыл, дабыра, эмоция болған жоқ. Әкем де өзін сондай сабырлы қалыпта ұстады. Бірақ сол тыныштықтың ішінде үлкен салмақ барын сезетінмін. Енді ойласам, бұл түрмеден жаңа шыққан адамның ғана емес, ұзақ жылдар бойы ішіне бәрін жинап келген тұлғаның тыныштығы екен. Жалпы әкем эмоциясын сыртқа шығара бермейтін адам болатын. Бірақ оның көзқарасында бәрі бар еді: сағыныш та, шаршау да. Сондай-ақ бостандыққа шықса да, өзін әлі де толық еркін сезінбегені байқалатын. Кейде терезеге ұзақ қарап отыратын. Кейде түнде ұйықтай алмайтын.
– Отбасында қандай әке болды?
– Әкем отбасында қатал болған жоқ. Бірақ өте талапшыл, ішкі тәртібі мықты, үнсіз тәрбиелейтін әке еді. Ол бізді сөзбен емес, мінезімен, өмір салтымен тәрбиеледі. Әдетте көп сөйлемейтін. Балаларына ақыл айтып, ұзақ нұсқау беріп отырмайтын. Оның әр қимылы, әр сөзі салмақты болатын. Бір рет айтқан сөзі жеткілікті еді. Балаларына дауыс көтермейтін, бірақ оның үнсіздігі кейде кез келген ұрыстан да әсерлі болатын. Әкем бізге ең алдымен адалдықты, шындықты және адамдық қадірді үйретті. «Қандай жағдайда да, адам болып қалу керек» дейтін. Негізі осы ұстаным әкемнің жалаң ұраны емес, бүкіл өмірімен дәлелдеген қағидасы еді. Түрме көріп, азап шексе де, ол кекшіл, қатыгез адамға айналған жоқ. Керісінше, сабырлы, байыпты бола түсті. Қазір ойласам, әкем бізге мол байлық, бардам өмір қалдырған жоқ. Бірақ ол бізге ар-ұят, жауапкершілік және рухани беріктік қалдырды. Отбасында ол ең алдымен адам болуды үйреткен әке болды.
– «Қылмыс» романы Қазақстанға қалай жетті?
– «Қылмыс» романының Қазақстанға жету тарихы – бұл бір кітаптың ғана емес, тұтас бір тағдырдың, бір халықтың үнінің шекарадан қалай өткенінің тарихы. Роман алдымен жеке адамдардың тәуекел еткен батылдығының, әдебиетке жаны ашыған азаматтардың көмегімен өтті. Ол туралы Қабдеш Жұмаділов ағам «Қылмыстың» қолыма тиюінің өзі бір роман» деп еске алатын.
– Бір сұхбатыңызда әкеңіздің «Төте қырсық» деген роман жазып жатқанын айтып едіңіз, ол шығармасының тағдыры не болды, жалпы роман не жөнінде еді?
– «Төте қырсық» – әкемнің аяқталмаған шығармасы. Бұл әкемнің ғана емес, менің де ішімде өкініш болып қалған дүние. Шығарманы жазып бастаған кез әкемнің жасы ұлғайған, күш-қуаты, денсаулығы әлсіреген кезі болатын. Соған қарамастан, ол жазуын тоқтатқан жоқ. Алайда жазу бұрынғыдай күнделікті еңбек емес, шамасы жеткен сәттерде ғана қолға алынатын ауыр рухани жұмысқа айналды.
«Төте қырсық» – көркем шығарма болғанымен, ішінде әкемнің өмір бойы түйген түйіні, халыққа айтқысы келген соңғы аманаты бар еді. Бұл роман нақты бір тарихи кезеңді емес, қазақ қоғамындағы мінезді, ішкі дертті ашуға бағытталған болатын. Әсіресе рушылдық, жершілдік, бөлінушілік – романның өзегіне айналған басты тақырып еді. Әкем бұл шығармасында қазақты сыртқы жау емес, ішкі қырсық әлсірететінін айтқысы келді. «Төте қырсық» атауының өзі де соны меңзейтін: ашық жау емес, көзге көрінбейтін, бірақ ұлттың ішінен ірітетін қырсық. Әкем кейде бұл роман жайлы қысқа ғана айтып қалатын. Ұзақ түсіндірмейтін. «Қазақты ешкім жеңе алмайды, егер ол өзі өзін бөлмесе» деген бір сөзі есімде. Меніңше, «Төте қырсық» сол ойдың көркем бейнеге айналуы еді.
– Әкеңізді соңғы рет көрген кезіңіз есіңізде ме?
– Иә, әкемді соңғы рет көрген сәт анық есімде. Қайтыс болғанда қасында отырдым. Мұндай сәт адам жадынан ешқашан өшпейді екен. Соңғы сәттерінде мен оның қолын ұстадым, іштей «осы қол қанша жыл қалам ұстады, қанша азап көрді, сонда да адалдықтан таймады» деп ойладым. Әкемді соңғы рет көрген кез – мен үшін ең ауыр естелік қана емес, ең қасиетті сәттердің бірі.
– Жазушы 2006 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Н.Назарбаевқа хат жазып, туған жеріне келгісі келетінін айтты, алайда қаламгердің бұл өтініші аяқсыз қалды, осы жағдайды әкеңіз қалай қабылдады? Сізге қалай әсер етті?
– Иә, бұл жағдай әкем үшін өте ауыр әрі көңілге салмақ салған сәт болды. Ол Қазақстанға, туған жеріне келуді армандаған, сол үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат та жазған еді. Алайда бұл өтініш аяқсыз қалды, әкем ешқандай рұқсат ала алмады. Ол жай ғана хат жазып қоймай, жүрекпен күткен, жүрегі туған топырағына қайтып оралуды аңсап еді. Әкем бұл жағдайды барынша сабырмен қабылдауға тырысты, ашуланбады. Бірақ біз, оның көзінен және үнсіздігінен нағыз көңіл қиналысын, өкінішін көрдік. Ол ешқашан ренішін, кінәні сыртқа шығармайтын, бірақ ішкі түйіні ауыр еді.
Әрине, бұл мен үшін де өкінішті жағдай. Себебі әкем өмірінің соңғы жылдары бостандыққа шыққаннан кейін де туған жеріне табаны тиюін, халқымен бірге болуды армандаумен өтті. Біз оған барынша көмектесуге, жанында болуға тырысқанымызбен, туған елге жетуіне мүмкіндік бере алмадық.
– Биыл жазушының туғанына 100 жыл, дегенмен мерейтой дабыралы аталып өтпеді, бұл туралы не айтасыз?
– Иә, биыл әкемнің туғанына 100 жыл. Осыған орай 13 желтоқсан күні туған-туыстары, ұрпақтары болып ас бердік, 18 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлының бастамасымен және ғылыми-зерттеуші, қаламгер, әкемнің мұрасын ұлықтаушы азаматтардың қатысуымен ғылыми-теориялық конференция өтті.
Әкемнің өмірі мен шығармашылығы – жеке тұлғаның емес, бүкіл ұлттың тарихы мен рухының бір бөлігі.
Шынымды айтсам, мен үшін бұл жағдай өкініштен гөрі ескерту сияқты. Әкемнің туғанына 100 жыл толғанымен, оның шығармаларының маңызы мен ұлылығын бағалайтындар саны әлі жеткіліксіз. Жазушының еңбегін, азабын, адамдық тұтастығын түсінетін адамдар бар болса да, кең ауқымдағы ресми мойындау жетіспейді. Дегенмен, менің ойымша, шын құрмет тек дабырамен емес, шығармасын оқу, ойларын түсіну, жастарға жеткізу арқылы көрінеді. Әкемнің шығармалары оқырмандармен, жаңа ұрпақпен кездескен сайын оның даңқы арта түседі. Сондықтан мен үшін бұл мерейтой – салтанат емес, еске алу және рухты ұрпаққа жеткізу күні сияқты.
– Қ.Шабданұлының ұрпақтары туралы, өз өміріңіз жайлы айтып беріңізші.
– Бірінші жарынан әкемнің ұлы Маздап дүниеге келген. Ол қазіргі таңда Астана қаласында тұрады.Екінші жарынан туған Тайман есімді ұлы 1998 жылы қайтыс болды. Бұл әкеме өте ауыр тиді. Ал мен әкемнің қазіргі анамыздан туған ұрпағымын. Әкемнің өмірінің соңғы жылдары менің бала кезіммен тұспа-тұс келді, сондықтан мен оның әке ретінде қандай адам болғанын, түрмеден кейінгі өмірін, шығармашылықтағы еңбегін бала кезімнен көріп, бойыма сіңіріп өстім.
Сұхбаттасқан Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ