Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:43, 29 Шілде 2021

Жазадан сытылуға жол жоқ

None
None

Соңғы жылдары елімізде сот жүйесі халықтың қолданысына сай барынша жетілдірілуде.

Кейбір күрт көбейіп кеткен қылмыстардың алдын алып, құқық бұзушының жазадан сытылып кетпей, ісінің сотқа дейін жетуі үшін заңнамаларға өзгеріс енгізілуде. Мәселен, күні кеше ғана ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк отбасылық зорлық-зомбылық қайталанса, тараптардың татуласуын болдырмау қарастырылып жатқанын жеткізді. Елімізде көп жағдайда «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп, жауырды жаба тоқу салдарынан отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары көбейіп кеткен болатын.

Мәселен, өткен жылы ішкі істер органдарына 190 мыңға жуық өтініш түсіп, олардың тек төрттен бірі бойынша ғана әкімшілік не қылмыстық іс қозғалған. Қалғандары тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған. Яғни қаншама отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары жабулы күйінде қалған.

Осы орайда айта кетер жайт, бірнеше жыл бұрын елімізде жол-көлік оқиғалары күрт көбейіп кеткен-ді. Әсіресе адам өліміне әкеліп соққан кейбір істерде марқұмның бала-шағасына «ат-шапан айыбын» төлеудің соңы тараптардың татуласуларына орай, істің қысқартылуына әкеп соғатын. Мас күйінде рульге отырған талай тентек жол-көлік оқиғасынан соң, жәбірленуші жақты «майлап», жазадан құтылып жататын. Кейін 2019 жылдың 31 желтоқсанынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданып, ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң ережелері күшіне енді. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 10-тарауындағы 69-бабқа және 72-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістердің бір бөлігі жолдардағы мас жүргізушілерге қатысты, жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатып, «мас күйінде жол қозғалыс ережесін бұзу» бабы пайда болды және бұл татуласуға мүмкіндік бермейтін ауыр қылмысқа жатқызылды. Оған дейін жәбірленуші жақтың кешірімін алған соң, астына көлік біткеннің бойына желік бітіп, көлік жүргізушілері жазадан сытылып кете беретін-ді. Осылайша заңнаманың жетілдірілуі талай тентекті сабасына түсірді. Соның бір дәлелі – заңнама қолданысқа енгізілген жылдар ішінде жол-көлік оқиғасы біршама азайды.

         Енді отбасындағы зорлық-зомбылық қайталана берген жағдайда тараптардың татуласуына жол берілмей, іс сотқа дейін жетіп, құқық бұзушының өз жазасын алуы осы тектес қылмыстардың азаюына ықпал етсе құба-құп. ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция органдары жәбірленушінің өтініші бойынша ғана әкімшілік іс қозғауға құқылы. Сонымен қатар жәбірленуші өзінің жұбайына психологиялық және қаржылық жағынан тәуелді болып, шағымынан бас тартып, татуласып жататын жағдайлар жиі  кездеседі. Осы уақытқа дейін барлық қозғалған әкімшілік іс жүргізудің 60 пайызы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Біз алдағы уақытта тараптардың татуласу рәсімін болдырмауды қарастырып жатырмыз. Болашақта зорлық-зомбылық фактілері бірнеше рет жасалған болса, татуласу мүмкіндігін мүлдем алып тастауды жоспарлап отырмыз», – дейді.

        Көп жағдайда отбасылық зорлық-зомбылық оқиғаларын жасырып, бүркемелеудің соңы жағдайдың ушығып, үнемі жазасыз қалатын, отбасылық «тиранның» шектен шығу оқиғаларына ұласып жататын. Сондықтан елімізде өткен жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілуде. Осы орайда, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы Қалима Дуамбекова: «Жыл басынан бері алты айдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың саны 8 пайызға төмендегені байқалады. Біз сот үкімін заңнамаларға орай қабылдайтын болғандықтан, мүмкіндігінше заңдарымыздың қылмыстық көрсеткіштерге сай бейімделгені дұрыс. Сонда сот шығарған үкімдер де әділ болып, құқық бұзушылар да істеген әрекетіне сай жазасы бар екенін түйсінеді», – дейді. Демек, уақыт сұранысына сай, заңнамаларымызға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулардың маңызы зор дей аламыз.

Тегтер: