Жазда ғарышта қалуға мәжбүр болған NASA ғарышкерлерінің жағдайы әлемді алаңдатты
Суни Уильямстың қатты арықтап кеткенін көрген жұртшылықты NASA алаңдамауға шақырды.
Сунита «Суни» Уильямс пен Барри «Бутч» Уилмор Халықаралық ғарыш станциясында бар болғаны сегіз күн болуды жоспарлағанымен, ол жерде жүргендеріне бес ай болды. The Daily Mail және The New York Post соңғы фотодағы Уильямстың арықтығына алаңдағаннан кейін, NASA-ның денсаулық сақтау және медициналық қызметкері,доктор Дж.Д.Полк Уильямс пен Уилмордың жағдайы жақсы екенін айтты.
Миссияға қатысы бар маманның хабарлауынша, астронавтар әртүрлі тағамдарды, соның ішінде сүт ұнтағы қосылған жарма, пицца, асшаян, қуырылған тауық және балық жейді. Жаңа піскен жемістер мен көкөністер шектеулі, жаңа піскен өнімдер әр үш ай сайын жеткізіледі. NASA-ның ХҒС блогында «сенбі күні Халықаралық ғарыш станциясын қайта жабдықтау үшін жүк кемесі аттанады» делінген. «Халықаралық ғарыш станциясындағы барлық NASA астронавттарының денсаулығы жақсы», - деді Полк.
12 қарашада ХҒС-те жүргізілген бейне сұхбатында астронавт өзінің салмағы ғарыш станциясына келген кездегі салмағымен бірдей екенін айтты.
«NASA және біздің серіктестер ондаған жылдар бойы орбиталық зертхана бортында ұзақ мерзімді миссияларды қауіпсіз орындап, Күн жүйесінің алыс жерлерін зерттеуге дайындық кезінде ғарыштың адам ағзасына әсерін зерттеді», - деді Полк. «Экипаждың денсаулығын Жердегі арнайы ұшу дәрігерлері үнемі қадағалап отырады және олардың экспедициялар бойы сау болуын қамтамасыз ету үшін олардың жеке диетасы мен фитнес режимі бар».
Ал, ғарышкерлер де бос отырған жоқ. Уильямс пен Уилмор басқа ХҒС тұрғындарына ғарыштық ботаника және басқа зерттеулермен көмектесуде, деп хабарлайды NASA ХҒС блогы.
Оларды Жерге қайтару 2025 жылдың басына жоспарланған.
61 жастағы Уилмор мен 58 жастағы Уильямс - теңіз офицерлері және бұрынғы сынақ ұшқыштары - ардагер ғарышкерлер. Уильямс 1998 жылдан бері NASA астронавты, ал Уилмор 2000 жылдан бері. Екеуінің де ғарышта тәжірибесі мол.