Жазда парламент сайлауы өтеді – Тоқаев
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға белсенді қатысқан жастармен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығы» студиясында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат жұмыстарына қатысқан жастар ұйымдарының өкілдерімен жүздесті.
Президент референдум өткен күннің тарихи маңызын атап өтіп, жастарға алғыс айтты.
«Бұл күн ел тарихында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Бұдан былай 15 наурыз еліміздің басты құжаты – Конституция күні ретінде аталып өтеді. Мен көптеген елдердің конституцияларымен таныстым. Сеніммен айта аламын, біздің Негізгі заңымыз ең прогрессивті құжаттардың қатарында», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев жаңа Конституция ең алдымен жастарға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар және жасанды интеллект сияқты маңызды ұғымдар енгізілген.
«Ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Алда бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Жазда парламент сайлауы өтеді, біз оны біртұтас ел ретінде ұйымдасқан түрде өткізуіміз керек. Менің ойымша, бұл жастар парламенті болуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен ұлттық референдумға қатысты алғашқы экзитпол нәтижелері жарияланды.
«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының дерегінше, сауалнамаға қатысқандардың 87,4%-ы түзетулерді қолдаған. Дауыс беруге қатысу деңгейі 73,8% болған.
Ұқсас нәтижені Еуразиялық интеграция институты жүргізген экзитпол да көрсетті — дауыс беруге қатысқандардың 86,7%-ы өзгерістерді «қолдаймыз» деп жауап берген.
Ал «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеуге сәйкес, қолдау деңгейі 88,6%-ға жеткен. Бұл ретте дауыс беруге қатысу көрсеткіші 72,1% болған.