Жазу мен жазбау немесе жазбай қалу

Жазу қай кезде де мехнатты жұмыс. Ал үнемі сапалы жазу тіпті қиын шаруа. Ақ парақ, көк сиямен бетпе-бет қалған қаламгердің ішкі жан толқынысын, оның ширыққан көңіл күйін өзінен артық ешкім жете түсіне алмас.
Негізі жазудың тағдыры болады. Бұл тағдырды жазушының шығармашылығындағы еншілі несібесі, алдағы өрісі, болашақ өмірінің сүрлеу, соқпағы деп ұғынғанымыз жөн. Қалай айтсақ та жазу дегеніміз – сиқырлы дүние, өзіне арбап, елітіп тұрады. Сондай-ақ оның бізге көріне бермейтін ұңғыл-шұңғылы да аз емес. Мысалы, жазбай кететін, қаламнан қолы суып қалатын жазушылар болады. Сонымен қоса сирек, бірақ сапалы жазатын жазушылар болады. Мұндай мысалдар қазақ әдебиетінде де көп ұшырасады. Мысалы, классик жазушылар А.Сүлейменов, С.Мұратбеков және Б.Соқпақбаев өмірлерінің соңында біраз жыл жазбай кетті. Мұны әркім әрқилы жориды, бірақ нақты себебі бізге беймәлім. Жалпы осындай жазушының жанын қозғайтын сұрақтардың себебі неде, жазу мен жазбау немесе жазбай қоюдың ара-жігі қалай осы және өзге де сауалдар төңірегінде жазушылармен әңгіме-дүкен құрған едік. Біздің сауалымызға Тұрысбек Сәукетаев, Мәдина Омарова және Өміржан Әбдіхалықұлы қатысты.
«Жас Алаш»: Өздеріңіз жақсы білесіздер. Әдебиетке жас кезінде жарқырап келетін қаламгерлер болады, бірақ кейін солардың біразы басылып, тіпті жоғалып кетеді, мұның себебі не деп ойлайсыз?
Тұрысбек Сәукетаев: Әдебиетке әркім әртүрлі жолмен келеді. Біреу жастайынан жарқырап бірден шығады, айналасына тез танылады, бірақ кейін сұйықсып, суықсып кетеді. Тіпті жазбай қоятындар да бар. Ол адамның өзінің табиғатына байланысты ғой деп ойлаймын. Енді біреулер жас кезде жарқырап жазып, сол күйін сақтап қалады. Мұның жарқын мысалы – Мұхтар Мағауин. Ол кісі 16-18 жасынан бастап жазғаннан бері, міне, әлі күнге дейін, сексеннен асты, талмай бірқалыпты, өз деңгейінде жазып келеді. Тіпті өткен сайын кемелдене түседі. Бұл әдебиеттегі жарқын таланттардың ең бір жақсы мысалы. Дәл осы кісі секілді С.Мұратбековті де айтуға болады. Сайын аға да ерте бастады. Әңгіме жанрының керемет бір үлгілерін жасады. Қазақ әдебиетінде өзіндік бөлек мәнер қалыптастырды. 40-50 жасына дейін, тамаша, өнімді жазды. Бірақ кейін ештеңе жазған жоқ. Бұл өзі тоқырау деп айтыла ма, әлде ішкі басқаша көңіл күйден бе, оны нақты айта алмаймын. Жазушылық адамның жан дүниесіндегі құпия құбылыс қой. Бұған бәленбай деп кесіп айту да қиын.
Енді сұраққа орай, замандастарым туралы да айта кетейін. 70 жылдары әдебиетке үзеңгі қағыстырып келген көптеген талантты қыз-жігіттер болды. Солардың көбі әлі күнге дейін жазудың төңірегінде жүр. Шама-шарқынша қызмет етіп келе жатыр. Жазбай кету дегеннен есіме түсіп отыр. Әу баста Захардин Қыстаубаев есімді бір тамаша лирик жазушы болды. «Қос рельс» деген тамаша әңгімесімен жарқ етіп көрінді. Керемет үміт күтіп едім. «Сайынның мәнеріндегі тамаша жазушы болады ғой» деп топшылап едім, бірақ соңғы кездері мүлде көрінбей кетті. Әрине, үлкен өкініш. Бірақ бұған не себеп болғанын білмеймін. Психологиялық немесе әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер әсер ете ме? Негізі адамға жазушылық қажеттілік сияқты болуы керек қой. Жазушы жазушы болып туылған соң, қолына қалам ұстаған соң жазу жазбай тұра алмау керек. Жаза беру қажет.
Мәдина Омарова: Бәлкім, әлдебір уақытта әдебиетті өмірлік кәсіп еткісі келмейтіндіктерін түсінетін шығар. Жазушы немесе ақын болу – бақсы немесе көріпкел болу сияқты өзіндік ерекшеліктері мол жол. Әдебиетті жасап жүргендерді былайғы қоғамның қабылдауы да күрделі. Оны мойындау керек. Соның бәрін көріп, сезгеннен кейін көпшілігі алдыңғы балалық аптығы басылып, «маған осы керек пе?» деген сауалға жауап тауып, өз бағыттарын белгілеп кетіп жатады. Біз олардың соңынан қимастықпен қарап қалып жатамыз.
Өміржан Әбдіхалықұлы: Мұныңсебебі нақты адамның өміріндегі түрлі ситуацияларға байланысты болса керек. Иә, студент кезінен жазушылыққа жақсы ден қойып, жастар арасында көріне бастап, кейін журналистикаға немесе өз кәсібінің иіріміне жұтылып кетіп жататын адамдар болады. Оның үстіне жазуға деген құмарлықтың да бір өлшемді кезеңі болатын болса керек, ол әркімде әрқалай көрініс табатын шығар. Жалпы, тәп-тәуір бастап, кейін көрінбей кеткен шығармашылыққа ұмтылыс жасап көрген адамдар қашанда болған. Қалай десек те ол жеке адамның өз шешімі, таңдауы деп ойлаймын. Одан үлкен әдебиетке келіп кететін ештеңе жоқ.
Ж.А: Жазбай қою мен жаза алмай қалу дегенді қалай түсінесіздер? Бұл өзі жаза алмауды, жазбай кеттім деп ақталу емес пе?
Т.С: Адамда шабыт деген нәрсе болады, бұған көңіл күйді қосыңыз. Қаламгердің білім дәрежесі де әсерін тигізеді. Не болмаса, жеке өмірде соққылар кездеседі. Тағдырдың кедергілері жолығады. Сондай кезде адам бәрін тастап, көңілі суып кетуі де ғажап емес. Кейбір жазушылар жазудан ешқандай ләззат ала алмай қалуы немесе қажетсінбеуі мүмкін. Өзінің шама-шарқын түсінетіндер де бар. Басқалардай жаза алмайтынын сезген соң, «ой осы әурешілікті қояйыншы» деп, тоқтатуы да мүмкін. Жазушы айналадағы бүкіл құбылысты жүрегінің сүзгісінен өткізеді, төңірегіне бейғам қарай алмайды, оған қалайда үн қосқысы келеді. Сондықтан да жазады. Жазудың қажеттілігінің бір себебі – осында. Осындай жүрегі ашық, қағілез адамдар қаламын тастамайды.
М.О: Жазбай қою деген жаңағы алдында айтқан топтан шығады. Жазбаймын деп шешсе, жазбай қоя салады. Жазу, жазбау – өз еріктерінде. Былайша айтқанда, арақты немесе темекіні қойған сияқты. Тіпті оларға жазбай қоюдың бұдан да жеңіл болуы мүмкін. Негізі сөйлем құрастыру қабілеті (тіл білімі заңдылықтарын меңгерген), тіл байлығы, логикалық ойлау жүйесі бар кез келген ақыл-есі дұрыс адам кез келген әдеби жанрға қалам тартып, толыққанды әдеби туындыны дүниеге әкеле алады. Бұлай жазу тәсілін бүгінгі кезде компьютерлік бағдарламалар да игеріп алды. Бұл проблема емес. Міне, осындай адамдар әдебиеттегі былықтан, қалам ұстаған адамның қоңырқай тұрмыс-тіршілігінен қажыса, жазбай кетеді.
Ал жаза алмай қалатындар жоғарыда айтылған «техниктар» емес, әрине. Олар шынайы, табиғи жазушылар. Иә, оларда жаза алмай қалатын кезеңдер болады. Ол бір деңгейден екіншісіне (жоғарырақ) өту барысында кездеседі. Ескісі жарамай, жаңасы басталмайтын бір өліара кеңістік болады. Уақыт тұрғысынан тіпті бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл жағдай, меніңше, барлық құндылықтарды қайта қарап, жаңарып, түлеп, жазуға басқа ракурстан келу үшін беріледі. Осыны түсіну маңызды. Әйтпесе, күйзеліске түсіп, өз-өзіңді жоғалтып алуың бек мүмкін.
Ө.Ә: Бұл да әуелде шығармашылықтан өзін көргісі келіп, тіршіліктің иір-қиыр жолында шығармашылық қабілеттер мен шеберліктерді жетілдіруге мүмкіндігі болмай, сөйтіп, қызығушылығы да басылып қалған соң, кейбір орталарда ғана айтылар сөз секілді.
Ақталу дейсің, сонда кімнің алдында ақталады? Шығармашылыққа әуелде қызыққан өзі болса, қойған да өзі болса, одан ешкім зардап шекпесе, жазушы болам деп елге уәде бермесе, не деп ақталады.
Шынын айтқанда, жазбай кету, жаза алмай қалу деген сауалда түсініксіздеу екен, адам өзі не дерін білмейді...
Ж.А: Аз жазу дейтін бір ұстаным бар, бірақ өнімді және көп жазған қаламгерлер де жетерлік, бұл туралы не айтасыз?
Т.С: Мұнда ең әуелі көп жазу мен көп сөзділіктің ара-жігін ажыратып алу керек. Негізі ар жағында дүние түсінігі, өмір тәжірибесі мол, оқығаны көп, айналасында болып жатқан құбылыстарға өзіндік көзқарасы бар адам тоқтамай жазады. Ойына келген, жүрегін тербеген нәрсені аяғына дейін жеткізіп жазуды өзіне міндет қылып қояды. Сондықтан ол жаза береді. Ал «аз жазам, саз жазам» дегенде кейде, онысынан ештеңе шықпай қалуы мүмкін. Кейбір талғампаз адамдар болады. Көп жазып та тамаша жазатын. Сондықтан бұл мәселеде бәріне таразы – талант.
М.О: Аз жазса да, көп жазса да – мәселе онда емес деп ойлаймын. Жазылған дүниенің сапасында.
Ө.Ә: «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейтін сөз осыған нақ жауап болатын шығар. Менің түсінігімде, аз жазу, көп жазу – көлем маңызды емес. Мазмұн әлдеқайда маңызды.
Совет үкіметі кезінде шығармашылық мол пайда, табысты болған соң, өндіріп жазу да соған сәйкес жүрді. Әдебиетпен айналысатын адамдар да көп болды. Аз жазу, көп жазу дейтін әңгіме сол кездегі әдеби ортадан жылыстап келген нәрсе ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, қазір аз жазасың ба, көп жазасың ба, ешкімнің шаруасы жоқ қой. Бұрын әдебиет ұжымдық, идеологиялық үлкен мәнге ие болса, қазір жеке шығармашылық іске айналды. Айырма – осы ғана.
Ж.А: Сіз қазір жазып жүрсіз бе?
Т.С: Иә, жақында ғана «Шайтанның түсі» деген утопиялық роман жазып бітірдім. Бұл тоғызыншы романым. Көп жазатындардың арасына біз де кіретін шығармыз. Көп жазу да көп еңбекпен келеді. Тынбай еңбек етемін. Тасып –төгілген талантым жоқ. Бірақ еңбектің арқасында ойымдағы нәрсені, қоғам туралы бейнені өзімше салып кеткім келеді. Мұның бәрі көргенімді қағазға түсірсем деген ниеттен туындаса керек.
М.О: Мен, әрине, жазып жүрмін. Қиялымда прозадан кітап шығарып (әңгіме, роман жазып), оның ішіне тек жаңа дүниелерім еніп, оқырмандардың қошеметіне бөленіп жүремін. Шын өмірде табыс табу мақсатында кез келген тапсырыстарды (жазуға байланысты) қабылдап, соларды орындаумен айналысамын. Бұл да жазу. Осылай болсын, өз миссиямды орындап жүрмін деп есептеймін.
Ө.Ә: Иә, жазып жүрмін емес, жазып жатырмын. Жазғым келген соң. Жазудан басқа нәрсемен жеткізе алмайтын дүниелер бар. Сондықтан соны жазып жатырмын. Жазбаған уақтарда көркем шығарма деңгейінде жазатындай көп дүние көрмедім. Не жазсаң да қалай, қашан жазсаң да ол ең әуелі өз талғамыңнан шығуы керек. Шығармашылық адамы ешқашан өзіне өтірік айтып, өзін алдауға болмайды. Өз кемшілігін көрмеген, өзіне өткір сын көзімен қарай алмаған адам шығармашылықта өзін-өзі алдап, өзіне үлкен қасірет жасайды.
Ж.А: Пікірлеріңізге рақмет!
Дайындаған –
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ