Жазушы өз шындығынан айырылған сәтте

Жыл сайын мамыр айының басында Нью-Йорктегі Колумбия университетінде Американың журналистика, әдебиет және музыка саласының үздіктері Пулитцер сыйлығымен марапатталады.
1917 жылдан бері сыйлықты тағайындаудың арнайы ережесі бекітілген. Сыйлықтың Пулитцер аталуының да өз мәні бар. Дж.Пулитцер – журналистиканы университет деңгейінде оқытуды ұсынған алғашқы адам. Бүгінде сыйлық 21 категория бойынша табысталып, жеңімпаздар қомақты қаржы мен «алтын медаль» иегері атанады. Күні кеше Пулитцер сыйлығының биылғы иегерлері анықталды. Байқасақ, биыл журналистика бағытындағы төрт номинация бойынша The New York Times газеті жеңімпаз атанды. Ал The New Yorker журналы үш марапатқа ие болды. Бұдан бөлек, «қоғамға қызмет» номинациясында журналистік зерттеумен айналысатын ProPublica ұйымы марапатталды. Журналистер түсікке қарсы қатаң заңдар қолданылатын штаттарда дәрігерлердің жедел көмекті кешіктіруі салдарынан қайтыс болған жүкті әйелдер туралы зерттеп жазған. Биылғы марапаттарда саяси жағдайлар баса рөл ойнағанын байқауға болады, соның ішінде Газа, Судандағы соғыс және АҚШ президенті Дональд Трампқа жасалған қастандық әрекеті жүлдегер туындылардағы басты тақырыптардың бірі болды. Мәселен, The New York Times газеті АҚШ-тың Ауғанстандағы сәтсіздігі неден басталғанын саралағаны үшін марапатталса, басылым фотографы Дональд Трампқа жасалған қастандық әрекетінен кейінгі фотосуреттер сериясы үшін үздік деп танылған.
Пулитцер сыйлығының«Әдебиет» бағыты бойынша жеңімпаздарының есімін жыл сайын әлем оқырманы асыға күтеді. Мәселен, биыл палестиналық ақын Мусаб Абу Тоха Газадағы қырғынды терең әрі әсерлі сипаттаған эсселерін жоғары бағалап, «Газадағы физикалық және эмоциялық күйреуді терең журналистік пайыммен және шынайы естеліктермен ұштастыра отырып, Израильмен бір жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс жағдайында Палестина халқының тәжірибесін көркем жеткізе білгені» үшін «Көзқарас» номинациясының иегері атанды. Абу Тоха дүйсенбі күні әлеуметтік желіде марқұм палеcтиналық ақын Рефаат Алаирдың өлеңінен үзінді келтіріп, алған жүлдесін «Үміт әкелсін. Бұл бір хикая болсын» деген жазбамен қоса жариялаған. Алаир 2023 жылдың желтоқсанында Израильдің Газаға жасаған шабуылы кезінде қаза тапқан болатын.
Сонымен қоса биыл «Үздік роман» номинациясы Персиваль Эвереттің «Джеймс» туындысына бұйырды. Бұл есім әдеби жаңалықтарды қалт жібермей, бақылап отыратын оқырманға таныс. 2021 жылы да жазушы әрі әдебиеттанушы Персиваль Эвереттің «Телефон» романы сыйлыққа үміткерлердің қысқа тізіміне енген еді. Араға бірнеше жыл салып, постмодернистік әдебиеттің бүгінде белді өкіліне айналған Эверетт жүлденің өзін де иеленді. Ең алғашқы романын 1983 жылы жариялаған жазушы бүгінге дейін 20 роман, 4 қысқа әңгімелер жинағын шығарып үлгерген. Әсіресе «Өшіру» немесе Erasure романы бүгінде постмодернистік әдебиеттің көшін бастап тұрғаны рас. Жарық көрген кезде әлем сыншылары «постмодерндік американ әдебиетіндегі ерекше құбылыс» деп бағалаған бұл туынды бір мезгілде әлеуметтік сын, әдеби пародия, болмыс философиясы мен постколониалдық шеңберде ой қозғайды. Жазушы бұл шығармасында афроамерикалық жазушылардың әдеби кеңістіктегі орны, олардан күтілетін «типтік» шығармашылық стиль және жалпы әдебиеттегі шынайылық пен нарықтық талаптар арасындағы қайшылықты мейлінше ашық, мейлінше шынайы көрсеткен. Шығарманың формасы да кәдуілгі романдарға ұқсамайды. Әуел басында классикалық роман боп басталғанмен, артынша әдеби пародия, тіпті роман ішіндегі романға ұласып кетеді.
Хош. Қазақ оқырманы Персиваль Эвереттің есім-сойымен етене таныс емес. Әдебиеттегі әлемдік үдеріске енді еніп, шығармалары біртіндеп оқыла бастаған бұл жазушының кітаптары қазақ тіліне әлі тәржімалана да қоймаған. Десек те, америкалық әдебиетте Эвереттің ойып тұрып алатын орны мен өзіне тиесілі атақ-абыройы бар. Әсіресе шығармаларындағы афроамерикалық нәсілге деген ерекше «эмпатиясын» қолдайтындар көп. Жазушының Erasure романына нақты балама табу қиын, қазақ тіліне «өшіру», «жою» деп өзімізше аудардық. Ең әуелі әңгіменің әлқиссасына тоқталайық. Романның бас кейіпкері Телониос Эллисон немесе Монк – академиялық ортаға интеллектуал, әркімнің тісі бата бермейтін күрделі романдары арқылы аяқ басқан жазушы. Жазушының күрделі метапрозасын түсінетіндер, түсінуден бұрын қабылдайтындар аз, сол себепті де оқырманы сирек, ал баспалар шығармаларын басудан үнемі бас тартады, нарыққа дайын емес екенін айтады. Себебі Монк кәдуілгі оқырман әдетте афроамерикалық әдебиеттен күтетін белгілі бір дәстүрлі «қалыпқа» сәйкес келмейді. Баспагерлер қара нәсілді авторлардан көбіне-көп геттодағы зорлық-зомбылық, есірткі, әлеуметтік трагедиялар туралы шығарма күтсе, жазушының әдебиетке деген көзқарасы бұл стереотиптермен мүлде қабыспайтынын байқаймыз. Эллисон жазған күрделі, академиялық романдарға сұраныс жоқ. Баспагерлер оған ашық айтпаса да, бәрінің қалайтыны – афроамерикалық адамның өмірінен алынған қасіретті, зорлыққа толы, таптаурын тағдырлы «қара» роман. Эллисон шын мәнінде афроамерикалық автор болғанымен, оның «қара нәсілді» жазушы ретінде қабылдануы үшін міндетті түрде гетто, зорлық-зомбылық, кедейшілік туралы жазуы керек деген қағидаға көнгісі келмейді. Сол стереотиптердің құрбанына айналған жазушының «жанайқайы» кітаптың алғашқы беттерінен-ақ байқалады. Ал кітаптың екінші бөлігінде күтпеген бұрылыс орын алады. Осындай «қалыптар» мен мың жылдан бері қалыптасқан мәдени «қамалдардан» әбден қажыған қаламгер ендігіде жақсы тәсіл табады. Күллі оқырман мен әдеби әлемнің қатаң «талаптарына» жауап қатуды ойлаған Эллисон өз атынан емес, Stagg R. Leigh деген бүркеншік атпен My Pafology немесе «Соитие» атты гиперстереотиптік, афроамерикалық геттоның ең төменгі көріністерін сипаттайтын «қарапайым» туынды жазады. Ең қызығы да сол – бұл туынды оқырман арасында жоғары қабылданып, тіпті әп-сәтте адам айтса сенгісіз мол олжа мен табысқа жетеді. Әдеби орта мен медиа романды қара нәсілділердің шынайы болмысы деп қабылдайды және романдағы дәл осы сәт – шығарманың ең өткір әрі ащы сатиралық эпизодтардың бірі десек те болады. Кейіпкердің «даусы» автордың «менімен» ұласып жатса керек. Кейіпкер көзқарасы арқылы Эверетт қазіргі әдеби нарықтың қандай шығармаларды «қара нәсілді әдебиет» ретінде қабылдайтынын әшкерелеп, сынайды. Автордың қаузаған тақырыбы да – сол, әдебиет пен нарықтың, мәдениет пен капиталдың арасындағы дағдарыс. Өзінің дауысын «өшіріп», өзге болып жазған романның кейіпкерлері – қылмыскерлер, зорлаушылар мен нашақорлар. Тілі – дөрекі, сюжет – қарабайыр, бірақ дәл осындай мәтін әдеби ортада «нағыз афроамерикалық әдебиет» деп қабылдайтыны рас. Дәл осы роман шындық пен абсурдтың шекарасы жоғалған мезетте жарияланды. Эллисон қаламгер ретінде шынайы болмысы мен шын бейнесін бетперде артына жасырып, әдеби үдеріс өз қиялында жасап алған «қара нәсілдінің» образын алға шығарады. Телониоске іштей күйреуі – тек бір адамның трагедиясы емес, автор сүріп жатқан қоғам мен сол жүйенің ішіндегі қайшылықтың көрінісі десек те болады. Мәселен, Stagg R. Leigh әдеби жүлдеге ұсынылып, онымен сұхбат алуға келген тілшілердің бірі оған: «Сіздің шығармаңызды оқып, еңкілдеп жыладым. Бұл нағыз қара нәсілді адамның жанайқайы!» – дейді. Бірақ бұл «дауыс» – қасақана жазылған пародия.
Кейде қоғам «шындықты» мойындағаннан гөрі, тек өзіне ұнаған шындығын малданып, өзі қалаған образды ғана мойындайтыны жасырын емес. Кейде адам ғана емес, күллі қоғам тарыққанда жоқтан өзгеге иланатыны рас. Шындықтан алыстап, өтіріктің өзін шындай көріп, өзін-өзі алдарқатады. Романның соңына қарай Эллисон өзінің шынайы болмысынан мүлде алыстап, «бетпердеге» ғана айналып шыға келеді. Оның шынайы аты да, дауысы да «өшіп кетеді», «жоғалады» да, орнына әдеби нарық ұнататын «қатыгез қара еркектің» бейнесін сомдайды. Оның тілі – сленг, әрекеті – зорлық, бейнесі – қорқыныш пен қатыгездікке құрылған. «Бұл шындық емес екенін бәрі біледі, бірақ бәрі осыны ғана естуді қалайды» деген Эллисонның ішкі монологтары әдеби үдерістің көлеңкелі тұсын әшкерелеп, жазушы көкейіне қордаланған сезімін айқара ашып береді. Бұл бейне шын болмыстан алыс болғанымен, қоғам оны «шынайы» деп таниды, солай қабылдайды. Бір қарағанда «қасақана» жазылған бұл роман – таптаурындарға толы, қара нәсілділерге тән деген теріс көзқарасты әдейі әсірелеп көрсететін арзанқол мәтін. Жазушы да бұл туындыны шын ниетпен жазбайды, қайта әдебиет әлеміндегі екіжүзділікке қарсылық ретінде, әшкерелеу мақсатында дүниеге әкелген еді. Алайда дәл осы туынды күтпеген жерден үлкен табысқа ие болып, афроамерикалық әдебиеттің шынайы дауысы ретінде қабылдануы жазушының өзінің өмірлік құндылықтарынан адасуына әкеліп соқты. Шын мәнінде, Эверетт осы тұста оқырманды ғана емес, жалпы әдеби орта мен сол ортада қайнап жатқан идеологиялық құрылымды мазақ етеді. Жалған мен шындықтың орны ауысып, кей құндылықтар әлсіреген заманда, әдебиет – шындық пен еркіндіктің емес, стереотиптің құралына айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Автор бір жағынан өз болмысын қорғауға барынша жанталасады, ал тағы бір жағынан әдеби ортада танылу үшін «өзін» жоғалтуға мәжбүр. Бұл – дәл осы заманда шығармашылықпен айналысатын көп авторға, қаламгерге тән қасірет, көпке ортақ трагедия. Мазмұнынан бөлек, шығарманың формасы да ерекше. Кітаптың алғашқы бөлімі Телониостің басын тауға, тасқа да соғып, амалын таба алмаған шарасыздығынан хабар берсе, екінші бөлімінде роман ішіндегі романды оқимыз. Роман тілі бірде классикалық, интеллектуал, философиялық тұрғыда келіп, күрделене түссе, енді бірде дөрекі жаргонға толы. Бұл оқырманға бір автор емес, бірнеше автор қатар сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Эллисонның шынайы болмысы мен оған танылған рөлдердің арасындағы күресі осылай полифониялық сипатта көрініс табады. Эллисонның күнделігі, ғылыми мақалалар үзінділері, әкесімен және анасының ауруымен байланысты хаттамалар, сондай-ақ My Pafology романы – барлығы бірімен-бірі қабаттасып, ұштасып, қатарласа отырып романды тек оқиғаның желісі ғана емес, идеялардың күресі ретінде ұсынады. Шын болмысты өшіру – оны жою емес, оны көлеңкеге жіберу. Ал көлеңкедегі дауыстар – ең шынайы, ең жаралы, ең шыншыл дауыстар. Erasure – сол көлеңкеден шыққан үні естілмей қалған адамның шырқыраған зары. Бірақ дәл сол үн – бізге бүгінгі әдебиеттің, мәдениеттің, болмыстың ең өткір сұрақтарын қайтадан қоюға мәжбүр етеді.
Романда жазушының шығармашылық жолынан бөлек тағы бір тағдыр бар. Жазушының анасымен, қарындасымен қатынасы тағы бір трагедияның басын ашады. Анасының ақыл-есін жоғалта бастауы – бұл тек жеке трагедия емес, сонымен қатар ұлт жадын жоғалтуға жасалған жақсы метафора дер едік. Ана – мәдени тамыр, рухани іргетас. Оның біртіндеп әлсіреуі – ұрпақ пен тарих арасындағы байланыстың үзілуін білдірсе керек. Дәл осы ең нәзік әрі жантебірентерлік желі арқылы жазушы философиялық деңгейге көтеріліп, «естен шығу» мен «өшіру» ұғымдарын қатар қояды. Анасының естен айырылуы мен Элсиннің әдеби кеңістікте жойылуы – бір ғана метафоралық сызықтың екі ұшы. Кейіпкердің тәні – әдебиетке, қоғамға және мәдениетке қарсы қойылған физикалық «дәлел». Кейіпкер қанша интеллектуал, ақылды болса да, терісінің түсі салдарынан қоғам оны басқа тапқа, тіпті басқа әлемге телиді. Ал Leigh бейнесі – Эллисонның өзін өшіруі, яғни кітап атауындағы erasure процесінің өзі. Эллисон бұл образ арқылы өз болмысының қоғам тарапынан қалай шектелетінін әшкерелейді. Leigh образы афроамерикалық мәдениетке телінген барлық карикатуралық қырлардың жинақталған голограммасы десек, шығарма соңында жазушы жүйеден жеңілгенін мойындайды. Шын мәнінде, көкірегі ояу адам үшін Эллисонның Leigh бейнесі арқылы табысқа жетуі – қуаныш емес, трагедия болса керек. Бұл парадокс постмодерн қоғам мен руханияттың трагикомедиясы. Роман соңында әдеби жүлде алу үшін Эллисон өзін Leigh ретінде таныстыруға мәжбүр болған сәт оның толық құлдырап, жеңілгенін мойындағанына анық мысал. Жазушының алдында қос таңдау тұрды. Ішкі дауысын есту үшін әлемнің дауысын басып қою не қоғам үніне құлақ салу үшін өз «менін» өшіру. Бірақ кейде адамзаттың ең ұлы трагедиясы өз ішінде жатады екен. Телониоске енді өзінің жазған шынайы романдарын да «шындық» ретінде көре алмайды. Шындық пен көріністің шекарасы бұлдыр, алды тұман. Жазушы үшін әдебиет сатып алуға болатын образдар спектакліне айналған.
Қаламгердің романдары бүгінде әлемдік әдебиетке еніп, қазіргі прозаның қатарын толықтырып тұр. Байқасақ, америкалықтар Нобельден де үмітсіз емес. 2001 жылы роман жарияланған соң, америкалық әдебиетшілер шығарманың күрделі құрылымын талқыға салады. Эвереттің романдағы өзіне-өзі сатқындығын теріс бағалап, нашар пікір айтқандар да аз болмады. Дегенмен жазушы кейінгі жылдары берген бір сұхбатында: «Erasure – бұл әдеби нарық пен мәдени репрезентация арасындағы соғыстың хроникасы ғана емес, ол – тұлғаның өз «менін» қорғауға жасаған қайғылы және сәтсіз әрекетінің тарихы. Бұл роман постмодерндік стильмен жазылғанымен, тыңдай алған адамға шығармада тірі жүректің үні естіледі. Кейіпкердің азабы – шындыққа ұмтылған әрбір ойшыл, әрбір суреткердің ортақ тағдыры. Ол тек афроамерикалық жазушылардың ғана емес, бүкіл жазушылар қауымының көркем еркіндігіне жасалатын қысымды көрсетеді деп ойлаймын. Джорджио штатында дүниеге келдім. Ол жақта афроамерикалықтар көп шоғырланған. Кейіпкерлерімді алыстан іздеген жоқпын. Бірі қасымда жүр, бірі өзім боп ғұмыр кешіп жатыр. Бұл шығармада әдебиет пен нарық, шындық пен стереотип, болмыс пен образ арасында үздіксіз күрес жүріп жатыр. Менің кейіпкерлерім заманның әдебиетке қоятын «ыңғайлы» талаптарына қарсы тұрады. Осыған дейін жазған романдарымның ішінде «Өшіру» романының бағы жанып, көпке танымал болуының себебін білмеймін. Бәлкім, адамдар ащы сатирам мен иронияны ұнатқан шығар. Erasure атауының өзі көп нәрсе айтады. Бұл – өшіру. Тек автордың атын, дауысын өшіру емес, оның ішкі рухын, идеялық ұстанымын, адамдық болмысын жою. Бұл жерде «жазушының өзін-өзі өшіруі» деген терең трагедия жатыр. Шығармашыл адам өзінің шынайы стилінен бас тартып, жалған бейнеге енгенде, рухани өлімге де ұшырайды. Бұл кім-кімге де ең ауыр жаза. Жазушы өз шындығынан айырылған сәтте, ол жазуды жалғастыра алғанымен, іштей тірі қалмайды» дейді.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ