Жазушылар одағында балалар әдебиеті кеңесінің жиыны өтті

2025 жылғы 28 шілдеде Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Ол жерде балалар әдебиетін дамыту жолындағы жаңа кезеңнің басталғаны жарияланды.
Кеңесті ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарған белгілі жазушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш өз еркімен төрағалық қызметін тапсырып, кеңес құрамына жаңа басшылық бекітілді. Одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің Алғыс хатын ұсыну арқылы ұжым ұстазға құрмет көрсетіп, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы болып Елдос Тоқтарбай бекітілген. Кеңес төрағасының орынбасары қызметін жазушы Қанат Қайым жалғастыратын болды. Сонымен бірге екі жаңа орынбасар бекітілді: жазушы Ділдәр Мамырбаева және әдіскер-ғалым, жазушы Бижан Игенбаева. Бижан Құрманғалиқызы елордада тұратындықтан, ол кеңестің Үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс қызметін үйлестіретін болады.
Кеңес хатшылығына жазушы, ғалым Әлібек Байбол тағайындалды.
Балалар әдебиеті – ұлттық рух пен болашақ тәрбиенің діңгегі. Осыны ескерген жазушылар мен әдебиет жанашырлары аталған кеңесте үлкен жауапкершілікпен жаңа белестерге жол ашып отыр. Бұл жиын – жай ғана кадрлық өзгеріс емес, балалар әдебиетіне деген мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық көзқарастың жаңару сәті.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің келбеті. Олай болса, олардың жүрегіне ізгілік пен отансүйгіштік, әділет пен ерлік ұғымдарын сіңіретін әдебиетке барша қауым болып қолдау көрсету – ұлт алдындағы борыш.